«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Жарасымды жамағаттың діні көркем

Жуырда аудандық «Нұртай» мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіповтің діни ахуал және соның аясында атқарылған жұмыс тар төңірегінде «Нұр ғасыр» мешітінің баспасөз хатшысына берген сұхбаты nurgasir.kz және «Ислам және өркениет» газетінде жарияланған болатын. Ауданның бас имамның сол сұхбатын ықшамдап беруді жөн санадық.

— Мұғалжар ауданындағы қазіргі діни ахуал қалай?

— Алғаш келгенімде, жамағат намазында әминді дауыстап айту, намаздан кейін Құран оқу, дұға жасау мәселесінде келіспеушіліктер болды. Жат ағымда жүрген бауырларымыз оның кейбірін бидғатқа балап, дінде жоқ деп дес бермейтін. Осылайша, көпке дейін қарсылық танытып келді. Алайда, діни басқарма қабылдаған мешіттің ішкі тәртіп-ережесін басшылыққа ала отырып, үздіксіз түсіндіру жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде жағдай бүгінде біршама тұрақталды. Біразы бұның бекер тартыспақ екенін түсінді. Мешітімізде қазір «әмин» дұғасы іштей айтылады.

Мешітте уағыз үзілмейді. Күнделікті құптан намазы алдында жамағатқа Ханафи мәзһабының үкім шығару әдісі, хадисті талдаудағы ерекшеліктері, дәлелдері, Пайғамбардың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) өмірі, басқа да тақырыптарда уағыз-насихат айтылады. Бұдан бөлек ауданымызға Бауыржан Әлиұлы, Бауыржан Әбдуәлі, Серікбек Құтышев, Жолдас Бердімұратов, Мәди Ахметов секілді танымал теологтар да келіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. 

— Сізді Ембі қаласындағы қатал тәртіптегі түзеу мекемесіне жауапты теолог ретінде бекітті. Мұндағы түсіндіру жұмыстары қаншалықты нәтиже беруде?

— Сотталушылармен айына екі рет кездесемін. Мәзхаб ұстанудың маңыздылығы, Ханафи мектебінің хадис таңдаудағы әдіснамасы, Такфир жамағатының пайда болуы, өзге де теріс ағымдардың қоғамға кері әсері тақырыптары төңірегінде жеке және жалпы кездесулер өткізілуде. Нәтиже де бар. Жуырда бір сотталушы тәкфирлік радикалды көзқарасынан қайтты. Ол Смайыл Сейітбековтің «Мәзһабтар тарихы» атты кітабын 4 қайтара оқып шыққан екен. Пікірін өзгертуіне де ең әуелі осы кітап әсер еткен. Ізденісте жүргендігі, адасса да, ақиқатты аңсайтындығы көрініп-ақ тұр. Оған С.Сейітбековтің «Иман негіздері» атты еңбегін оқып шығуға кеңес бердім.

Сотталушылардың арасында бейімделушілік байқалады. Тіпті кейбіреулері маған туған іні-бауырларының мәзһаб ұстанбайтындығын айтып, теолог ретінде олармен кездесуімді сұрап жатады. Өтініштері бойынша бірқатар азаматтардың үйіне де бардым. Тілдесіп, олармен де осылай қосымша түсіндіру жұмыстарын жүргізудемін.

— Өткен жылдың қорытындысы бойынша аудан имамдары арасында жұмысыңыз үздік деп танылған болатын. Және бұл — бар болғаны төрт айғы табанды еңбектің жемісі. Осы аралықта атқарылған ауқымды іс-шараларға тоқталып өтсеңіз.

— Бірінші кезекте мешітте қайырымдылық шараларының ұйымдастыруды қолға алдық. «Жақсылықта жарысу – ізгіліктің жаршысы» деген ұранмен игі бастама көтеріп, ауданымыздағы әлеуметтік жағдайы төмен жанұяларға ай сайын садақа беру үрдісін қалыптастырдық. Бұл мешіт жәшігіне салынбайды. Әр азаматтың өз еркімен берген азық-түлік пен қаржысы арнайы дәптерге тіркеліп жазылып, қолы қойылады. Игі бастамаға аудан әкімі Ербол Жеткергенұлының өзі қолдау білдіріп, аудан әкімдігі қызметкерлері, жергілікті кәсіпкерлер мен мешіт жамағаты, имамдар да үлес қосты. Ай сайын жиналған қаражаттың бір бөлігі жағдайы төмен отбасыларға, екінші жартысы шәкіртақы есебінде берілетін. Ең алғашқы қайырымдылық шарасында 100 отбасыға азық-түлік пакеттерін үлестіріп, қала мектептеріндегі 25 үлгерімі үздік оқушыға 5000 теңге көлемінде шәкіртақы табыстадық.

Жалпы Мұғалжардың барлық мешіттерінде қайырымдылық жұмыстары жүзеге асырылды. Атап айтқанда, 229 жанұяға 1145 кг азық-түлікпен және Құрбан айттан бөлек 22 жанұяға 140 кг етпен көмек берілді.

Қаржылай көрсетілген көмек көлемі – 157 адамға 1 513 000 теңге. Соның ішінде, 500 000 (жарты миллион) теңге 100 мектеп оқушысына шәкіртақы ретінде үлестірілді. Бұдан бөлек жағдайы төмен және көп балалы 105 отбасыға 420 кг киім-кешекпен көмек берілді. Дәл осы игі бастаманың аясында қарт кісілерді зиярат ету, сырқаттанса, көңілін сұрап бару сынды сауапты істер де қолға алынды. Осы ретте, жамағатымызда бата беріп, ортаның көркі болып отыратын ақсақалдардың аздығы көңіл қынжылтатын. Сол себепті аудандық ардагерлер үйімен тығыз байланыс орнатып, апта сайын ондағы ақсақалдармен бас қосуды үрдіске айналдырдық. Бірінің бата беруді, екіншісінің Құран оқуды үйрет деген өтініштерін де орындап жүрміз.

— Аудан мешітіне — биыл жиырма жыл. Осыған дейін күрделі жөндеу көрмеген құлшылық үйінің қазіргі келбеті көз тартады. Біраз жұмыс атқарылғаны байқалады.

— Рас, мешітіміз жөндеу жүргізуге сұранып-ақ тұрған еді. Сондықтан, осы мәселе күн тәртібіне енгізілді. Бұл өз кезегінде жергілікті ірі кәсіпкерлердің бірі Бақытжан Қадыралинмен таныстығымызға себеп болды. Кәсіпкермен алдағы жоспарыммен бөлісіп, мешіттің бүгінгі жай-күйін түсіндірдім. Ол кісінің дінге деген жанашырлығына Алла разы болсын, көмек беруге келісті. Сөйтіп, өз жұмысшыларына дейін жұмылдырып, бір аптаның ішінде мешіттің үлкен залына күрделі жөндеу жүргізді. Төбесі жаңартылып, қабырға, ұстындарына дейін тегіс сырланып, әктелді. Кейін көктемде мешіттің пайдаланусыз тұрған бөлмесі әйелдер намазханасы ретінде ашылып, ол да толық жөндеуден өтті. Мешіт сырты, күмбезі, шарбаққа дейін сырланып, ауласына жабық алаң салынды. Осының барлығы Бақытжан Дүйсенұлының демеушілігімен жүзеге асты.

Көктемгі абаттандыру жұмыстарына жамағат та жұмылдырылып, мешіт ауласына 115 алма ағашы, 10 шырша, 100 түп терек отырғызылды. Ендігі мәселе – мешіт дәретханасын жаңарту. Себебі қазіргі жуынатын бөлме әбден ескірген. Жақында мешіт жанынан жаңа дәретхананың құрылыс жұмыстарын бастап кеттік. Оған мешіт жамағаты жәрдемдесуде. Әлі де қаржылай жәрдем беруге ерікті азаматтар болса, көмек қажет. 

— Жамағаттың ауызбіршілігін арттыру бағытында қандай іс-шаралар атқарылуда?

Салауаттылық та – пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сүннеті. Сондықтан спортқа да уақыт таба білу керек. Бұл бағытта да жақсы үрдіс қалыптастырдық. Жексенбі сайын жамағатпен қалалық спорт мектебінде бас қосып, бірге футбол ойнап, гір көтеруден жарысамыз. Биыл Бас мүфтидің жүлдесі үшін қазақша күрестен кезекті республикалық турнир өтті. Оның облыстық іріктеу сайысында аудан спортшысы Ерлан Көзбағаров бауырымыз жақсы ойын көрсетіп, республикалық сайысқа жолдама алды. Бұл додаға аудан әкімінің демеушілігімен жамағатымыздан жанкүйерлер де барып, қолдау көрсетті.

Сондай-ақ, әр аптаның дүйсенбі күні мешітте ауызашар ұйымдастырылады. Себебі, дүйсенбі және бейсенбі күндері нәпіл ораза тұту – пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) қалған сүннет, ал ауызашар беру де соған тең келетін сауапты амал. Бұл бастаманы алғашында мешіт имамдары болып көтергенбіз. Кейін ол жамағат тарапынан қызу қолдау тауып, әлі күнге дейін жалғасып келе жатыр. Жергілікті кәсіпкерлер, жамағат өздері бірігіп, мейлінше қарапайым мәзірмен дастархан жаяды. Аталмыш шаралардың жамағаттың бірлігін арттыруда септігі мол.

— Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан: Индира ІЗБАСҚАН,

«Нұр Ғасыр» облыстық орталық

мешітінің баспасөз хатшысы.

Ұқсас ақпараттар

МЕМЛЕКЕТТІҢ КЕШЕНДІ ӨЗГЕРУІНЕ БАҒЫТТАЛЫП ОТЫР

admin_mugalzhar

ҚАНДЫАҒАШТЫҚ ОҚУШЫҒА ПРЕЗИДЕНТТЕН ХАТ КЕЛДІ

admin_mugalzhar

611 тұрғын өз кәсібін бастамақ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.