«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Салақтыққа сабақ керек

«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді». Мемлекет елдің кәсіпкерлік саласын дамыту үшін кәсіпкерлерге жеңілдік жасап, оларды құзіретті органдардың  жөнсіз тексеруін шектеген сайын, көп кәсіпкерлер шектен шығып барады. Әсіресе, азық-түлік өнімдерін өндірушілер мен тасымалдаушылар, сатушылар тағы басқаларының тарапынан олқылық көбейіп кетті. Тізіп айта берсең, дәлел жетеді. Бірақ біз күнделікті көзбен көріп жүрген осы тақырыпқа тақылеттес бір мәселені қозғамақпыз.

Құлақпен естіген танық, көзбен көрген анық. Расымен де, біз айтпақ болып отырған анық жайтты біз де, сіз де күнде көріп жүрміз. Ол мынау, біз күнделікті тұтынып жүрген «ас атасы» атанған нан қаладағы азық-түлік дүкендеріне арнайы наубайхананың көлігімен емес, санитарлық талапқа мүлдем сәйкес келмейтін түрлі жеңіл автокөліктермен тасымалданып жүр. Белгісіз қағаз жәшіктерге салынған нан сол көліктердің адам отыратын салонында немесе көліктің жүк салғышына тиіліп келеді дүкендерге. Оны дүкен сөрелеріне жеткізушілердің үстіндегі киімдері де талапқа қайшы. Бірақ Құдай сақтасын алып жатырмыз.

Ақтөбе облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің тағам объектілерін санитарлық-гегиеналық қадағалау бөлімінің басшысы Мейрамгүл Елеуованың айтуынша, наубайхана ашқан жеке кәсіпкерлер міндетті түрде қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына хабарлама беріп, жұмыс орындары мен көліктерінің талапқа сәйкестігін тексертіп, рұқсат қағазын алуы қажет. Дүкендерге наубайхана өнімін жеткізушінің арнайы киімі, медициналық тексерістен өткендігі жөніндегі кітапшасы болуы тиіс. Содан соң нан таситын көліктің іші таза, жуылуыға ыңғайлы, нан қоятын орындары болуы міндетті. Ал кез келген көлікпен, әр түрлі қораптармен нан тасымалдауға тыйым салынады.

Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің мәліметі бойынша, Қандыағаш қаласында заңды түрде жұмыс істеп жатқан 3 наубайхана бар.  Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, мемлекет қазынасына салық төлегендігі болмаса, олар жоғары да арнайы маман айтып отырған талаптың бірде біреуі жоқ.  Мәселен, «Мадияр»  шағын маркетінің жанындағы наубайхананың наны дүкендерге аңғал-саңғал көлікпен тасымалданады. Наубайхана иесі Ораз Тәжібаев өзінің меншігіндегі бұл көлікпен наубайхана нанын тасыйтындығы жайында аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына хабар бермеген.  Біледі, бірақ біле тұра «талап етілсе аламыз ғой» деп бейқамдық танытып отыр.

 

«Мадияр» шағын маркеті жанындағы наубайханасының наны азық-түлік дүкендеріне осы көлікпен жеткізіледі.
Талап бойынша нан көліктің газбалонының қасында тұрмау керек.

Ал «Тағам» ЖШС-нің меншігіндегі басқармаға хабарлап, тексеруден өткізіп рұқсат алған үш бірдей көлігі істен шығып қалыпты. Жеке кәсіпкер Нұрбол Орынбаев жұмысты тоқтатпау үшін наубайхана өнімін жеңіл көліктермен тасуға мәжбүр екендігін айтып ақталды.

-Нан тасымалдауға арналған 3 көлігім ескі болуына байланысты жөндеуде тұр. Бір-екі күндікте шығады. Ал оған нанды қала дүкендеріне жеңіл көліктерді жалдап жеткізіп отырмыз. Мұның талапқа сәйкес келмейтіндігін білемін және жуық арада дұрыстаймын. Біз жыл сайын аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына хабарлап, көліктерімізді тексертеміз. Тек биылғы жылы бірқатар қиындықтар туындап қалды, — дейді ЖШС-і директоры Нұрбол Орынбаев.

«Тағам» ЖШС-нің наубайханашылары қаладағы дүкендерге нан жеткізіп жатыр.

Қош дедік, жөнделіп жатса көре жатармыз. Үшінші наубайхана «Ыстық нан». Оның иесі «құрсыншыға» салынатын қазақ емес, армияндар. Сондықтан ба, арнайы көлігі бар, талапқа сәйкес рұқсаты да сақадай сай. Салғырттық пен салақтық байқамадық. Тағы бір анық, Қандыағаш қаласында аталған үш наубайханадан бөлек және екі наубайхана нан шығарады. Десек те, екеуі де жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген. Бейресми мәлімет бойынша, қаншалықты санитарлық талапқа сәйкес екендігі белгісіз, бірақ осы уақытқа дейін әрқайсысы күніне мыңға жуық нан пісіріп сатып келеді. Дүкендерге тасымалдауы да біз көтеріп отырғандай. Байланысқа шығып көрдік, мекен-жайларын жасырып, бірі кәсібін уақытша тоқтатып отырғандығын айтты. Ал екіншісі расымен де нан шығаратындығын, тапсырыс қабылдайтындығын жасырған жоқ. Бірақ бізбен жүзбе-жүз кездесуден ат-тонын ала қашты. Айтуынша, жуық арада наубайханасын заңдастырады. Заңсыз нан шығарып, дүкендерге таратып отырған олардың бұл әрекетінен аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы түгілі аудандық кірістер басқармасы бейхабар болып шықты. Қандыағаш қаласы әкімдігі мүлдем хабарсыз емес, аз-кем мағлұмат біледі әйтеуір.

Ембі қаласында жеке кәсіпкер ретінде тіркелген 6 наубайхана жұмыс істейді. Олардың екеуі нан өнімдерін өздері сатса, қалған үш наубайхана Ембідегі дүкендердің барлығын нанмен қамтып отыр. Үшеудің бірі жеке кәсіпкер Сайлау Қоспанбетов көлігіне нан тасуға рұқсат етілген құжатының мерзімі өтіп кеткендігін бірден айтты. Ал ұзақ жылдар бойы Ембі қаласында іргелі наубайхананы ұстап отырған кәсіпкер Мырза Мусаев кәсібінің төңірегінде біраз мұңын шақты. Оның айтуынша, Ембі қаласында қазіргі таңда заңсыз нан пісіріп сатушылардың қатары 17-ге жетіп жығылады.

-Өз тәжірибемнен айтайын, наубайхананы бүгінде көрінген адам ашып кетті. Ол тұтынушыларға қауіп төндіреді. Мұндай азық-түлік өнімдерін өндіру үшін жеке кәсіпкердің наубайхана ашуға арнайы сертификаты болуы шарт. Нанды тасымалдауға көлігіне рұқсат алмақ түгілі, заңсыз нан пісірушілер көбейіп кетті. Ембіде 17 наубайхана бар. Олардың барлығында бірдей рұқсат, сертификат бар деп айту қиын. Бұл мәселені жергілікті әкімдікке де айттым, алайда еш нәтиже жоқ, — дейді Мырза Мусаев.

Бұл мәселеге орай, жергілікті әкімдікке шығып көрдік. Білмейді. Олардың бақылауында тек әлгі 6 наубайхана ғана бар.

Ақтөбе облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің тағам объектілерін санитарлық-гегиеналық қадағалау бөлімінің басшысы Мейрамгүл Елеуованың айтуынша, Мемлекет ел экономикасының драйвері саналатын кәсіпкерлік саланы дамыту үшін кәсіпкерлерді қолдап, құзіретті органдардың жөнсіз тексеруін шектеп тастады. Сондықтан, мұндай олқылықты қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы тек тұтынушылар тарапынан түскен арыз-шағымның негізінде немесе тұтынушылар уланған жағдайда ғана тексере алады.

-Бұл наубайханалар эпидемиялық маңызы елеусіз обектілер қатарына жатады. Сондықтан оларды тек тұтынушылар тарапынан түскен арыз бойынша жоспардан тыс тексереміз. Онда да арыздың иесі анықталған олқылықты бізге жазбаша хабарлаумен қатар, фотосуретін жолдайды. Сонда ғана ұсынған ақпараты нақты дәлелді болады. Тексеру барысында санитарлық талап қағидаларының бұзылғандығы расымен анықталса, оны түзету үшін кәсіпкерге он күн уақыт береміз. Ретке келмесе ісін сотқа жолдап, кейін ол жауапкершілікке тартылады, — дейді Мейрамгүл Елеуова.

P.S. Қоғамдағы көп кемшілікті жөнге келтіру құзіретті органдардың құзіреттілігіне емес, қазір азаматтық белсенділікке байланысты болып тұр. Яғни, сіз бен біз кез келген жайтқа бейжай қарамауымыз керек. Сондықтан біз көтерген мәселе тек азаматтық белсенділік арқылы тәртіпке келеді. Кемшілікті көрдіңіз, ескертіңіз, ырыққа көнбесе суретке түсіріп шағым түсіріп, жөнге салыңыз. Зайырлы құқықтық мемлекетіміздің тәртібі солай.

Әнуар ЕСҚАРА

 

 

Ұқсас ақпараттар

АТА КӘСІПТІ ЖАЛҒАСТЫРҒАН ӘУЛЕТ

admin_mugalzhar

2025 жылға қарай туризм саласында 60 мың жұмыс орны ашылады

admin_mugalzhar

СУ ТАСҚЫНЫ КЕЗЕҢІНЕ ДАЙЫНДЫҚ БАРЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.