«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Мұғалжарға жаңа серпіліс берген медорталық

Елбасы атап көрсеткен үздік денсаулық сақтау ісі  және дені сау ұлт қалыптастырудың негізгі көрінісі мемлекет болашағынан айқын аңғарылады. Осы тұста жаһандық даму көшінен кенжелеп қалмау мақсатын алға тартуда жүктелген басты міндеттердің орындалуы медицина саласының ауқымын кеңейтпей қоймас. Оған осыған дейін облыс орталықтарында бар технологиялық әдістердің енді біртіндеп аудан көлеміне енгізіліп жатқандығы да дәлел.

Сырқат адамның денесіндегі әлдебір ауытқу мен түрлі аурулар технологиялық әдістерді қолдану арқылы медициналық орталықтарда жедел анықталып жатады. Аудандағы ауруханалар бұл жүйеге, яғни технологияны қолдану үрдісіне әлі толық көшпегені белгілі. Дәл осы себеппен тұрғындар облыс орталығындағы клиникалардан тексеріліп келеді. Мәселені байқаған мұғалжарлық дәрігер мамандар Айсұлу Жанаева мен Гүлмаржан Балманованың қолға алуымен осыдан бір ай бұрын Қандыағаш қаласынан «Денсаулық»  медициналық орталығы ашылды.

Басты мақсат – аудан ауруханаларында тапшылық тудырып келе жатқан кольпоскоп және ультрадыбыстық зерттеу аппараттарын қолданысқа енгізу арқылы адам бойындағы түрлі ауытқулар, қатерлі ісіктер, дене мүшелері пішінінің өзгерулері және тағы да басқа ауруларды анықтау. Осыған орай қазір орталықта гинекология және ультрадыбыстық зерттеу кабинеттері жұмыс істейді. Онда  науқастарды өз саласын жіті меңгерген УДЗ маманы Гүлмаржан Өзбекқызы, ал гинекологиялық аурулар бойынша Айсұлу Илесқызы қабылдайды. Демек, аудан тұрғындары үшін енді жергілікті медициналық орталық арнайы аппараттардың көмегімен тиісті диагноздарын білуге үлкен мүмкіндік жасайтыны сөзсіз. Орталық қызметінің іске қосылғаны күні кеше болса да, онда келіп тексерілушілердің саны аз емес. Әрине, бұл тұста тек технологиялық құрылғылардың ғана емес, әуелі дәрігер мамандардың біліктіліктері ескіріледі. Денсаулық саласын қадымдап дамытуды көздейтін орталықтың мамандары Мұғалжар аудандық орталық ауруханасында жылдар бойы адал еңбек етіп келеді. Мұндағы жұртшылыққа олар жауапты  қызметтерімен жақсы таныс.

Сол мамандардың бірі Айсұлу Жанаева 2008 жылы  Мұғалжар аудандық орталық ауруханасының перзентхана бөліміне акушер-гинеколог дәрігері қызметіне жолдамамен келген. Онда 5 жылға жуық уақыт қызмет атқарғаннан кейін, емханаға ауысады. Содан бері акушер-гинеколог, ультрадыбыстық зерттеу дәрігері болып қызмет етеді.

Оның айтуынша, орталыққа келіп емделушілердің қатарында гинекологиялық ауруларға шалдыққандар басым. Ондай патологиялық жағдайларды видеокольпоскоп аппараты 30 есеге дейін үлкейтіп экран бетінен көрсетеді. Соның ішінде бүгінде әйелдер арасында белең алып тұрған бедеулік, кіші жамбас қуысының қабыну процесі, жатыр мойны патологиялық ауытқулары, сүт безі ісігі, дамымаған жүктілік, ұрықтың іштей туа біткен ақауы, инфекциялық аурулар көп кездеседі. Ал жүктілік арасында түсік қаупі, дамымаған жүктілік, жатырдан тыс жүктілік, ерте босану сыңайлы кеселдер көбейіп бара жатқандығына куә болып келеміз.

-Қазір көптеген қыз-келіншектер қабыну және инфекциялық ауруларға ұшырайды. Жас аналардың жүктілігі кезінде дұрыс дамымай қалған балалар саны жиілеп кетті. Мұндай қатер инфекцияның, экологиялық жағдайдың, қабыну процестері мен күйзелістің кесірінен туындайды. Осылардың салдарынан түсік те пайда болады. Дамымай қалған жүктіліктің алдын алу үшін уақытында қабынуды жазып, инфекциялық аурулардан айығып алу керек. Елбасы Н.Назарбаев халқына арнаған биылғы Жолдауында да дер кезінде аурудың алдын алып, денсаулыққа аса ден қою қажеттігін айтқан болатын. «Денсаулық сақтау саласы халықтың, мемлекеттің және жұмыс берушінің ортақ жауапкершілігіне негізделген Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кезең-кезеңімен көшетін болады. Біз кардиология, босандыру және өкпе ауруымен күресу кезінде атқарған істеріміз сияқты жұмыстарды да жүргізуіміз керек» деген сөзін де біз мұқият ескереміз, — дейді дәрігер.

Қазір жаңа туылған нәрестелердің арасында бас сүйек қысымы ауруы да азаймай тұр. Баланың мазасыздануы мен үнемі жылауынан күдіктеніп, ультрадыбыстық зерттеуге жүгінетін ата-аналар жетерлік. Мамандардың сөзінше, бассүйек ішілік қысымның жоғарылауының басты себептері ұзаққа созылған босану, асқынған жүктілік, кіндікпен баланың оратылуы нәтижесінде балада гипоксия (оттегілік ашығу) дамиды. Ми оттегі жеткіліксіздігін сұйықтықты көп бөлу арқылы қалпына келтірмекші болады, осыдан бас сүйек сұйықтыққа толып, ми жаншиды, қысым жоғарылайды. Бала дүниеге келген соң босануға дейінгі проблемалар қалыпқа келуі шарт.

Аурудың бұл түрі де әйелдің инфекциялық ауруынан пайда болады. Сол себепті, ана атанғысы келетін әйел адам жүктілік алдында медициналық тексерістен толық өткені абзал. Дайындығы жоқ жүкті әйелдің иммундық жүйесі неғұрлым төмен болса, соғұрлым ағзасы инфекциялық, вирустық ауруларды жұқтырып алуға бейім тұрады. Ол тікелей іштегі нәрестеге кері әсерін тигізеді. Жүрек ақауы, бас миының қысымы мен су жиналуға әкеп соқтырады. Ал орталыққа келіп тексерілетін нәрестелердің денінде бас миының қысымы жоғары.

Сонымен бірге орталықта бауыр, өт, ұйқы безі, бүйрек, буын, тамыр, жүрек, сүт безі, қалқанша безін қарайтын ересек және үлкен жастағы адамдарға арналған ультрадыбыстық зерттеу бар. Тексерілушілердің көбісінде жүрек, қан қысымы, бүйрек ауруы, бас ми инсульті, қалқанша безі, қант диабетіне шалдыққандықтары байқалады.

P.S. Аудан орталығы Қандыағаш қаласында таяуда ғана ашылған медициналық орталықтағы технологиялық құрылғылар арқылы аз уақыттың ішінде анықталған ауруларды жоғарыда айтып өттік. Десек те, бұл індеттер біздің қоғамға дендеп алғалы қашан. Оған себеп көп дейміз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, адам денсаулығының 10 пайызы денсаулық сақтау саласына тәуелді болса, 50 пайызы өзінің өмір сүру дағдысына байланысты екен. Тиімдірегі ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген.

Алтын СҮЛЕЙМЕН

 

Ұқсас ақпараттар

ЕУРО-2020: Англия тарихында тұңғыш рет финалға шықты

admin_mugalzhar

Білім саласының өз ерекшелігі бар

admin_mugalzhar

«ЖОЛДА ҚАБЫЛДАУ» АКЦИЯСЫ ӨТЕДІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.