«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Азаматты ісіне қарап таны

Ұлы Абай даналығындағы «адам бол — мал тап» дегеннің мағынасын терең түсінгендерге еңбек ете білудің маңызы зор. Себебі, адал еңбекпен мал іздемек —  ол арлы адамның ісі. Расымен, кез келген пенде тек ерінбей еңбек еткенде ғана межелі мақсатына жете алады. Біз қозғайтын бүгінгі кейіпкер де еңбексүйгіштігінің арқасында істің ығытын тауып есейгеннің бірі.

Жұрын ауылының азаматы Валерий Кенжегуловтың ауылшаруашылық саласына ден қойғанына биыл 20 жыл. Ол 1998 жылы мал шаруашылығын қолға алған кезінде 29 жасқа енді жеткен шағы еді. Бұған дейін 10 жылдық орта біліммен сусындап, Ленинградтағы Санкт-Петербург медициналық техникумында оқыған. Кейін маман ретінде машықталып жетілген жас енді білдей бір істің иесі атанамын деп алдына үлкен мақсат қояды. Берекелі істен нәсіп табу жолына аттаған алғашқы қадамы дөп басылып, оны ізгі мұратына жетелей түседі.

Бастапқыда пайына 19 бас ірі қара, 60 шақты қой, 3-4 жылқы алып, «Темірғали» шаруа қожалығын іске қосады. Уақыт өте ісінің болашағы барын сезінген Валерий Темірғалиұлы шаруашылығының  өресін одан әрі кеңейтуге талпынады. «Мал баққанға бітеді» демекші, ол азынаулы жетістікке тоқмейілсіп тоқтап қалмай еңбекқорлығымен шыңдалып, шыңға қарай қанат қағады. Осы бір талмас талпыныстың күшіменен бүгінде оның кәсібі Мұғалжар ауданының ауылшаруашылық саласындағы отын маздатып, шырағын сөндірмей келе жатқан шаруа қожалықтарының біріне айналды.

Қазір шаруашылық қарамағында екі малшы, бір тракторшы бар. Десек те, шаруашылық жұмыстарының басым бөлігін іскер азамат өзі-ақ атқара береді.

— Кез келген істің бір қиыншылығы болады. Оның ауыртпалығы да қатар жүреді. Мәселен, әуелгіде жылқы малын өсіріп көріп едік. Дегенмен, қолайсыздықтардың орын алуына байланысты, жылқылардың  санын жойдық. Себебі, жылқылар күні-түні жайылымды қажет етеді. Осыған орай, ұрлықтар саны көбейді. Бүгінгі күні шаруа қожалығымда еттік бағыттағы қалмақ сиырының тұқымы, қазақы және еділбай қойлар бар. Қуаң даланың қатаң климатына әбден бейім келетін мал шаруашылығындағы қалмақ тұқымының сиырлары ірі қараның етті тұқымына жатады. Жайылысқа келгенде ақбас сиырға қарағанда төзімді. Суық кездерде далада төлдеп, бұзауын ертіп жүре береді. Мал шаруашылығының мәнісін білген кісі мұндайды ажырата біледі, — дейді шаруашылық қожайыны.

Экономиканың өзге салалары сияқты ауылшаруашылық саласы да бәсекелестікке қабілетті бола алады. Бұл бір жағынан ауылдың тұрмыс-тіршілігін арттырып ғана қоймай, жалпы ауданның агроөнеркәсіп кешенінің дами түсуіне бірден бір септігін тигізеді. Осы жолда тыраштанып еңбек етіп келе жатқан Валерий Темірғалиұлының да басты мақсаты – ауданның ауылшаруашылығына өз үлесін қосу.

Алтын СҮЛЕЙМЕН

 

Ұқсас ақпараттар

Қазақстан қоржынына Олимпиадаға 63-жолдама түсті

admin_mugalzhar

ҚАНДЫАҒАШТА БОКС ЗАЛЫ АШЫЛДЫ

admin_mugalzhar

«ЖОЛДА ҚАБЫЛДАУ» АКЦИЯСЫ ӨТЕДІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.