«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Қандыағаш көшелерінде вандализм белең алып тұр

Мәдениеті мен мүддесін қателік-жаңсақтыққа ұрындырып көрмеген қазақ халқының ұлттық тәрбие тағылымы әлімсақтан қалған қағида. Ал бүгінгі күні қайта түлеу жолына бет алған елімізде сол бағзы қазақы таным солғын тартып, қоғамдық сана да құлдырап барады. Мәдениетсіздік былай тұрмақ, жабайылық етек жайды. Тізбектеп айтар себеп көп. Соның бірі қоғамдық орындардағы мүліктерді аяусыз, қасақана жоюдан туындайтын тағылықтан көрінеді. Алыстан арбалап қайтеміз, қирату мен сындырудан алдарына жан салмай тұрған дәлдүріштер өзіміздің маңайымыздан-ақ табылып жүр.

Барды бар деп айта алмайтын, болса бағалай білмейтін мұғалжарлықтар жоқ емес. Мінекей, кейін осының ізін жабайылық барып жалғайды. Дей тұрғанмен, соңғы жылдары ауданда бұқараның игілігі үшін бұрын-соңды болмаған бастамалар қолға алынып, ауқымды жұмыстар жүргізілді. Мұндай тың өзгерістер қатары әлі де толастамай,  ауданның келбетін кіргізіп, ажарын аша түсетін дүниелер қолданысқа беріліп жатыр. Түсінгенге, демалыс орындарының, оның ішінде саябақтар мен ойын, спорт алаңдарының ашылып жатқаны жергілікті билік тарапынан аудан халқына арналған үлкен сый. Бұл тұста, көңілге қаяу түсіретін мәселе – тұрғындардың сыйға салғырттық танытып жатқандығы. Ішкі мәдениеттің төмендігінен бе, әлде бала тәрбиесіндегі икемсіздіктен бе мәңгүрт қоғамды қалыптастырдық. Қазір сыртқа шығып айналаға зер салсақ, тағылықтан арылтпай тұрған мәдениетсіздердің сұрықсыз әрекеттерінен көзің сүрінеді. Мәселен, аудан орталығы Қандыағаш қаласындағы көшелердегі жарықшамдар мен саябақтарға қойылған орындықтарды, сонымен қоса Ж.Жабаев құрметіне қойылған ескерткіштің жанынан балаларға арналып ашылған шағын саябақтың жабдықтарын, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры демеушілік көмек арқылы қалалық №3 мектеп-гимназиясының  ауласына орнатқан ойын алаңдарының бөлшектерін сындырған. Ең  сорақысы, «Самал» мөлтек ауданындағы шілде айының басында ғана қолданысқа берілген спорт алаңының резинкелі төсенішін өртеп, Сейфуллин көшесі мен  №2 орта мектептің жанынан тұрғызылған спорт алаңдарының торларын жыртып кеткен.

Аудандық жергілікті полиция қызметінің мәліметінше, бұзақылыққа жол бергендер қатаң тексеріліп, міндетті түрде жауапқа тартылады. Тиісті жазасын алады. Биылғы жылы осындай құқықбұзушылықпен аудан әкімдігінің алдындағы саябақтағы орындықты сындырған Сергей есімді азамат ұсталып, 5 тәулікке тәртіптік изоляторға қамауға алынды. Ал Қандыағаш қалалық №3 орта мектебінің алдындағы саябақта ұсақ бұзақылыққа барған 4 бала аудан әкімі жанындағы кәмелеттік жасқа толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысына жолданды.

Аудан әкімінің орынбасары Бекболат Құлмағамбетовтың сөзінше, енді саябақтар мен спорт алаңдарына бейнебақылау камераларын орнату жоспарланып отыр. Егер бұл мәселе жақын арада бір шешімін тауып жатса, онда ұсақ бұзақылықтар азаяр ма еді, мүмкін.

P.S. Айып пен жаза өтелер. Одан қоғам түзеле қоймасы анық. Мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайтынын халқымыз о бастан айтып кетіп еді. Қазір солай болып тұр. Тіпті, келген қонаққа қаланы көрсеткің келмей, қызарасың.Ұят.

 

Алтын СҮЛЕЙМЕН

Ұқсас ақпараттар

Ақтөбеде дүкенге келушілер дезинфекциялық «душ» қабылдайтын болады

admin_mugalzhar

РАБОЧАЯ ГРУППА ПРОВЕРЯЕТ ГОТОВНОСТЬ К ЗИМЕ

admin_mugalzhar

ЕҢБЕК ЕТЕМ ДЕГЕНГЕ МҮМКІНДІК МОЛ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.