Электронды күнделік қолданыста

3576 0

Мектеп оқушылары енді бұрынғыдай оқулықтарымен бірге оқу үлгерімдері белгіленіп отыратын күнделік арқалап жүрмейтін болды. Технология дәуірінің талабы бұл. Әрі жаңартылған оқу жүйесіне сандық жүйе жарасымды болып тұр. Қазір бұған бейімдеу процесі де қарқынды жүріп жатыр.

«Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдардың бәсекелік қабілетімен айқындалады». Бұл Елбасы Н.Назарбаевтың елді жаһандық даму жолына бағыттай отырып, заман талабына сай жаңа технологияларды қолданысқа енгізу мақсатында айтқаны. Расымен, ақпараттық технологиялар қарыштап дамып бара жатқан мына заманда жаңғыруға бетбұрған ел үшін көштен кейін қалу үлкен сын. Себебі, өркениетті елдердің барлығы дерлік сандық жүйеге әлдеқашан көшіп кеткен-ді. Бүгінде Қазақ елі де ілгеріге қадам басып, «Цифрлы Қазақстан» жобасының аясында маңызды кешенді міндеттерді атқарып келеді. Білім саласын цифрландыру бойынша да бірқатар жобалар қолға алынып отыр. Солардың ішінде kundelik.kz ақпараттық жүйесі де қазіргі таңда сол сандық бағдарламаның шеңберінде жүзеге асырылуда. 2016 жылы жасалынған бұл жоба биылғы жылдан бастап өзінің қолданыс аясын кеңейтті. Жалпы электронды күнделіктің «мұғалім – оқушы – ата-ана» пирамидалық құрылымын негізге алып, олардың арасына жедел байланыс орнатуда, сонымен бірге электрондық білім беру технологиясына қол жеткізуді қамтамасыз ету тиімділігі басым. Мұғалжар ауданында орналасқан білім ордалары да осы жаңа жүйе жарық көргеннен бастап, оның талап-шарттарын жүйелі орындауға көшті.

 -Қазіргі таңда аудан мектептерінің барлығы электронды күнделік жүйесіне ауысты. Бүгінде ауыл-аймақтарға интернет желілері қосылып, жобаның жүзеге асуына жағдай жасалынып отыр. Интернеттің жылдамдығын арттыру үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлінген болатын. Соның негізінде 17 елді-мекенге қондырылған спутниктердің жылдамдығы 4 мегавит,  сондай-ақ, 6 радиомост 20 мегавиттік жылдамдықпен жұмыс істесе, ал қалған жерлерде кеңжолақты интернет қолданыста. Жалпы аудандағы  38 мектептің 20-сы (3 негізгі, 17 орта) екі жылдан бері kundelik.kz жүйесімен жұмыс істеп келеді. Аталмыш мектептер бұл жобаның жұмысына біртіндеп көшіп отыр. Бұған дейін олар электронды күнделікпен қатар, мектеп журналын да, оқу табелін де толтырып келді. Қазір осы 20 мектептің мұғалімдері енді қағазбен жұмыс жасамайды. Ал қалған 18 мектеп биылғы жаңа оқу жылының басынан іске қосылды. Енді осы мектептердің мұғалімдеріне арнайы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, олар да жаңа жүйеге біртіндеп көшетін болады, — дейді аудандық  білім бөлімінің әдіскері Айзат Алманиязова.

Kundelik.kz бағдарламасының арқалайтын тағы бір негізгі мақсаттарының бірі – мұғалімдерді қағазбастылықтан арылту болып белгіленген. Демек, мектеп мұғалімдері енді қағаз журналды толтырып, әлек болып жатпайды. Олар жаңа оқу жылы басталатын кезде, жылдық жоспарды ақпараттық  жүйеге енгізіп қойып, сол бойынша күнделікті сабақтарын өткізеді. Ал оқушының алған бағасы, сабақ өткен күні электронды күнделікке қойылады. Яғни, мұғалім ата-анаға баланың сабақ үлгерімін тікелей жариялап отырады. Айта кетсек, елдегі кез келген қалалық, ауылдық мектептердің мұғалімдері, оқушылары мен ата-аналарының жүйеге тегін қосылатын мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ, сайттың парақшасынан үй тапсырмасын, сабақ кестесін, мектеп жаңалықтарын және осы секілді өзге де ақпараттарды алуға да жағдай жасалған. Сайтқа кіруші алдымен өзінің логині мен құпия сөзін теріп, жұмысын әрі қарай жалғастыра алады.

 «Қағазбастылық, ақпаратты қос-қостан жазудың қажеттілігі болмайды. Мұғалімнің барлық мансап жолында өткен аттестациялары және өзге де кәсіби мәліметтері оқытушылардың жеке кабинетінде сақталады. Ұстаздарға салынатын ауыртпалық едәуір төмендейді. Бақытжан Әбірұлы, егер Сіз Әділет, Ішкі істер және Денсаулық сақтау министрліктерінің мәліметтер базасын ортақ жүйеге жүктеуге тапсырма берсеңіз, оқытушылардың үй-үйді аралауды бүгін тоқтатуға дайынбыз. Бізде 100 мыңнан астам оқытушы жылына екі мәрте барлық аулаларды аралайды. Мектепке барғалы жатқан балаларды жазып алады. Бұл ақпараттардың барлығы базада болғандықтан, бұл жұмысты жасамауға да болар еді»,- деді ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев өткен жылы Үкімет отырысының бірінде.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Арман Жүнісовтың айтуынша, цифрлық технологияларды пайдалану білім беру процестерін жетілдіріп қана қоймай, оқуға деген қызығушылықты да арттырады.

-Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын орындау мақсатында, білім беру жүйесінде мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту шеңберінде, Министрлік білім жүйесінде инфо-коммуникациялық инфрақұрылымын жаңғыртуды, осы саладағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыруды, сондай-ақ, мектеп құжаттарының электрондық форматқа ауыстыруын, яғни электрондық журналдар мен күнделіктер жүйесін енгізуді қамтитын цифрлық технологияларды қолданысқа енгізу арқылы білім беру үрдістерін арттыру үшін бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылуда. Биылғы жылдың 26 қаңтарында «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіпке сәйкес «Қазақстан Республикасында «Күнделік» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін құру, енгізу және жұмыс істеуін қамтамасыз ету» республикалық жобасы бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шарты жасалды. Жобаның мақсаты – жалпы білім беру ұйымдары мен орта білімді басқару органдарының білім беру, тәрбие және басқарушылық қызметтерінің функциялары мен процестерін автоматтандыру арқылы ҚР жалпы білім беру ұйымдары оқушыларының оқу жетістіктерін есепке алу жүйесін жетілдіру болып табылады, — деп толықтырды ол тағы бір мәлімдемесінде.

Қазіргі уақытта kundelik.kz ақпараттық жүйесін елімізде 4000-нан астам мектеп пайдаланады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, республикамыздың барлық облыстары мен Астана және Алматы қалаларының білім басқармалары, сонымен қатар, 156 қалалық және аудандық білім бөлімдерінің барлығы қолданады. Күнделіктің ішіне әлеуметтік желі де кіріктірілген. Ол байланыстың қазіргі заманауи құралы, нақтырақ айтсақ, жүйе тұтынушыларының  жедел ақпарат алмасуларын қамтамасыз ету үшін жасалған қарым-қатынас жолы. Бұл желіні пайдалану тұтынушыларға қауіп төндірмейді. Себебі, жүйені пайдаланушыларды мектептің өзі тіркейді. Сондықтан күнделікті қолданылып жүрген әлеуметтік желілердегідей анонимдік тұрғыда тұтынушы тіркеле алмайды.

Қысқасы, kundelik.kz жобасын еліміздің әрбір өңірі жіті меңгеріп, әбден осы жүйеге орныққаннан кейін білім саласында жақсы жетістіктер болғалы тұр. Мәселен, мұғалімдер мен мектеп әкімшілігі үшін жұмыс барысын тұрақты электронды түрде жүргізуге, сыныпты онлайн басқаруға мүмкіндік береді. Ата-аналар үшін баланың оқу процестеріне тікелей қатысуы және сабақ үлгерімдерін мектепке бармай-ақ, алыстан бақылап отыру, ал оқушылар үшін сапалы білімге қол жеткізу мүмкіндіктері көзделген. Білім саласындағы жаңа басқару әдістерінің пайда болуы мен бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру жағынан мемлекет үшін де оңтайлы болмақ.

Айта кетейік, білім бағдарламасына енгізіліп жатқан электронды күнделікті қазақстандық АТ-компаниясы, білім беру басқару мекемелердің өкілдеріне, сондай-ақ мұғалімдерге, оқушыларға, ата-аналарға, білім беру ұйымдарының әкімшілеріне бірыңғай электрондық білім беру аймағының әзірлеушісі «Kүнделік (Kundelik)» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрастырды.

Алтын СҮЛЕЙМЕН

 

Оқи отырыңыз

Жол көлік оқиғасы көбейіп кетті

29.08.2018 0
Биылғы жылдың соңғы жеті айындағы көрсеткіш бойынша ауданда жол көлік оқиғасы былтырғымен салыстырғанда артып отыр. Мұғалжар аудандық ішкі істер бөлімінің…

Балалардың қандай жазығы бар?

27.09.2018 0
Жаңа оқу жылы басталғаннан бері Мұғалжарда 7 оқушы қыз бала мектепке бармай отыр. Себеп, орамалдың жайы. Білім саласына жауапты тұлғалар…

Туған жерге тағзым – перзент парызы

02.02.2018 0
Елбасының «Туған жер» бағдарламасынан туындаған «Туған жерге тағзым» акциясы өткен жылы Ақтөбе өңірінде ауқымды жобалардың жүзеге асуына себеп болды. Облыс…

Жердің де сұрауы бар

27.10.2017 0
Коммерциялық мақсатта берілген жерлер тиімді пайдаланылмаса мемлекет меншігіне қайтарып алынады. Бүгінгі таңда, ауданда осы бағытта қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл…

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *