«Тук», «тук»… Кім тұрады???

1275 0

Қандыағаштағы көпқабатты тұрғын үйлерде заңды иесі болса да иесіз қалған пәтерлер баршылық. Қараусыз қаңырап, иемделмей тұрған бос баспаналармен әзірге ешкімнің басы ауырмай тұр. Ал іргесіндегі көршілес тұрғындар бұл баспаналардан бейнет көріп отырғандарын жасырмайды.

Жұпыны есік. Аңғал-саңғал  бөлмелер. Жылу құбырлары кесіліп, сыз тартқан қабырғалар. Иесіз қалған пәтерлердің мұндай көрінісі бүгін емес, бұрыннан бар. Тұрғындардың айтуынша, қараусыз пәтерлерден келетін залал шаш етектен. Бастысы бос тұрған соң біреу-міреу бұзып кіріп кете ме деген қауіп көңілді мазалайды. Тіпті, есігі ашық қалған осындай пәтерлердің бірінде өрт тұтанған кездер де болған. Өйткені, иесіз баспананы реті келсе қаңғыбастар паналауға құмар-ақ. Оны жергілікті тұрғын үй кооперативтерінің басшылары да жоққа шығармайды.

Қаладағы тұрғын үй кооперативтері мен кондоминиум басшыларынан анықтағанымыздай қазіргі уақытта Қандыағашта 20-дан астам пәтер ұзақ уақыттан бері бос тұр. Бәрінің де жай-күйі бірдей. Көбінің құжат бойынша заңды иесі бар, алайда, есігі ашылып көрмеген. ТҮК басшыларының айтуынша, мұндай пәтерлер, әсіресе бесінші қабаттағылары жылу беру маусымында қиындық туғызатын көрінеді. Себебі, жылу беру кезінде пәтер ішіндегі жылу құбырларынан ауа жіберу қажеттілігі туындайды. Ондай кезде ТҮК басшылары  учаскелік полиция инспекторларын шақырып, лажы болмағандықтан есігін бұзып ашуға мәжбүр болады.

«Бұл пәтерлерге қатысты мәселе көп. Иесі болмаған соң қиын.  Коммуналдық төлемдер мүлдем төленбейді. Пәтер іштері азып кеткен. Құрт-құмырсқа, шыбын шіркей қаптап, көрші пәтерлерге де залал келтіреді. Пәтер иесін сұрастырып анықтаймыз, бірақ ешқандай қайыр жоқ», — дейді тұрғын үй кооперативтерінің басшылары.

Анықталған бос пәтерлердің мекен-жайларын тізіп, Қандыағаш қаласы әкімдігі мен аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне шықтық. Бір қызығы, жергілікті атқарушы билік өкілдері бұл жайттан бейхабар болып шықты. Олар біз ұсынған мекенжайларды түртіп алып, енді әрекет жасауға кірісетіндіктерін де жасырған жоқ.

Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандарының айтуынша, бірінші кезекте ол үйлердің иелері анықталады. Егер пәтер иесі жоқ болса, иесіздікке тіркеледі. Кейін сотқа жолданып, сот шешімімен коммуналдық меншікке алынады. Оның да белгілі тәртіптері, белгіленген уақыты бар. Сол бойынша мамандар кірісуге білек түрінгендей болды.

Ал Қандыағаш қаласы әкімінің орынбасары Жандос Кулбаев көпқабатты тұрғын үйлердегі қаңырап бос тұрған пәтерлердің иелерін анықтау мақсатында аудандық полиция бөліміне енді арызданып жатқандығын айтып шектілді.

Өңірге белгілі заңгер Әлия Қазиева жан баласы тұрмайтын бос пәтерлер жөнінде тұрғындар немесе ТҮК басшылары қала әкімдігіне арыздануға құқылы екендігін айтады. Оның айтуынша, қала әкімдігі сол арызды негізге алып, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 242 бабына сүйене отырып, осы уақытқа дейін пайдаланылмай келгендігін анықтап, иесіз деп тануға мүмкіндігі бар. Ол үшін олар міндетті түрде арнайы комиссия құрып, комиссия құрамына газ, жылу, электр жүйесі қызметінің өкілдерімен және учаскелік полиция қызметкерлерін кіргізіп, тексеру жұмыстарын жүргізулері қажет.

«Осындай жұмыстардан кейін әлгі пайдаланылмай бос тұрған пәтерлерді иесіз деп танып, сот шешімімен мемлекет меншігіне алуға болады. Мәселен, былтырғы жылы Жамбыл көшесіндегі №68 үйде жалғыз басты қария қайтыс болды. Ал оның тұрған пәтері күні бүгінге дейін бос. Мұны сол үйдің ТҮК басшысы қала әкімдігіне хабарлауы керек. Заң бойынша егер үйдің иесі қайтыс болса, оның заңды мұрагері жоқ деп тану үшін сотқа жолдануы керек. Оны да ТҮК басшысының арыз-шағымын негізге ала отырып, қала әкімдігі жолдайды. Жалпы бұл орайда, ҚР Азаматтық кодексіне сүйеніп жұмыс істеу қажет», — дейді заңгер.

Бейресми мәліметтерге сүйенсек, Ембі қаласында да мұндай бос тұрған пәтерлер бар. Бірақ қала әкімі Әлімжан Қорғанбай пайдаланылмай тұрған пәтерлер жоқ дейді.

P.S. Біреулерге баспана қажет емес, қаңыратып бос қалдырады. Ал біреулер сол баспанаға мұқтаж, берсе өзіміз-ақ жөндеп аламыз деп құлшынып отыр. Алайда, тиісті мемлекеттік мекемелердің өкілдері заңды білмегендіктен бе, әлде біле тұра енжарлық танытқандықтан ба осындай қараусыз баспаналар қатары көбейіп тұр. Егер осы жайттар ескеріліп, тиісті шаралар қолданылса бәлкім бұл баспаналар былайша қаңырап тұрмас па еді кім білсін.

Әнуар ЕСҚАРА

 

 

Оқи отырыңыз

Туған жерге тағзым – перзент парызы

02.02.2018 0
Елбасының «Туған жер» бағдарламасынан туындаған «Туған жерге тағзым» акциясы өткен жылы Ақтөбе өңірінде ауқымды жобалардың жүзеге асуына себеп болды. Облыс…

Әлеуметтік салаға басшы тағайындалды

27.10.2017 0
Мұғалжар ауданының әкімі Ербол  Данағұловтың өкімімен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Айдынғали Шотовтың еңбек демалысына шығуына байланысты,…

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *