«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Ақтөбе полициясы: Көлігін өртеген браконьерлер үстінен қылмыстық іс қозғалды

Ақтөбе облысында «заңсыз аңшылықпен айналысты» деп айыпталған екі азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Сот санкция берсе, 7 желтоқсанда олар қамауға алынуы мүмкін деп хабарлады «Мұғалжар» «Азаттыққа» сілтеме жасап.

Полицияның мәліметінше, 5 желтоқсанда Ақтөбе облысының Шалқар ауданындағы рейд кезінде «Охотзоопром» кәсіпорны Ақтөбе бөлімшесінің инспекторлары Toyota Land Cruiser 100 маркалы автокөлікті байқаған.

— Браконьерлер қылмыс ізін жасыру үшін көлікті өртеп жіберген. Өртеніп кеткен көлік салонынан киіктің өлген екі лағы, 14 мүйіз, бір ара, үш пышақ пен оқ-дәрі, 12-калибрлі екі аңшы мылтығы тәркіленді. Ұсталған екі азамат — 1974, 1975 жылы туған Қызылорда облысының тұрғындары. Олардың үстінен Қылмыстық кодекстің 337 бабының 1-бөлімі бойынша іс қозғалды, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, ұсталған екі адам «киік аулаумен айналысқанын» мойындаған.

Киіктер Қазақстанда мемлекет қорғауына алынған. Браконьерлер киіктердің мүйізін кесіп, шығыс медицинасы үшін саудалайды.

Ақбөкеннің саны бір ғасырға жуық уақыт ішінде бірнеше рет күрт азайып, кейін қайта көбейген. 1920 жылдары Совет билігі құрып бітуге шақ қалған киікті атуға тыйым салған. 2015 жылы Қазақстанда індет салдарынан бірнеше апта ішінде 150 мыңнан аса киік (әлемдегі санының 62 проценті) қырылған.

Қазақстан билігі 2020 жылға дейін киіктерді аулауға шектеу қойды. Бірақ соған қарамастан киіктерді заңсыз ату фактілері тіркелген. Биыл киіктерді заңсыз аулағандарды ұстамақ болған «Охотзоопром» мекемесінің екі инспекторы браконьерлер қолынан мерт болды.

Ұқсас ақпараттар

Кинотеатрлар 20 миллиард теңге жоғалтты — министр

admin_mugalzhar

Оразаның қай күні басталатыны белгілі болды

admin_mugalzhar

Бидайдың сатылымдағы бағасы айтылды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.