«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Арман ЖИЕНАЛИЕВ, әнші: «ТЫҢДАРМАНДАРЫМА ЖАҢА ЖЫЛДА ЖАҢА ӘНДЕР ТАРТУ ЕТЕМІН»

Бала кезден әуелете ән салуды жанына серік еткен ол бұл киелі өнерді «әкемнің қанынан, анамның сүтінен» дарыған деп есептейді. Расында, «Тектінің тегеуріні мықты» деген сөзде терең мағына бар екендігі осы бір тұста анық аңғарылатын секілді. Өйткені, біз бүгін әңгімелескелі отырған әнші Арман Жиеналиев ән өнеріндегі тектілікті сақтап, болмысына туа біткен талантты үздіксіз шыңдап келе жатыр. Бүгінде әндері көпшілікке танымал сол жерлесіміздің шығармашылықтағы елеулі еңбегі қазақ эстрадасында оның өзіндік орнын иемденуіне жол ашып, есімін қалыптастыра білді.

«МҰҒАЛЖАР»: Арман, ең алғаш сахнаға шыққан кез есіңізде ме? Бұл өнерге қалай келген едіңіз?

А.ЖИЕНАЛИЕВ: «Өнер» деген бір ғана сөздің өзі үлкен мән-мағынамен өлшенеді ғой. Қызылордалық  Алмас Алматов деген ақын ағамыздың «Өнерге бір күнде келген жоқпыз, және бір күнге келген жоқпыз» деген керемет бір сөзі бар. Мен де бұл жолға өз дайындығыммен келдім деп айта аламын. Себебі, әншілік өнер маған таңсық емес. Әкемнің туып өскен топырағы Қызылорда өңірінің Қазалы деген жері. Сол жердегі туыстарымның барлығы әншілік өнерге етене жақын жандар. Ал анам елімізге танымал дәстүрлі әнші апамыз Жанар Айжановамен бірге оқыған. Сондықтан болар, мен де бала кезімнен әкемнің қанында бар, анамның киелі ақ сүтінен бойыма дарыған өнермен сусындап өстім. Бала күнімізде қазіргідей ұялы телефон, ғаламтор желісі деген жоқ қой. Өзіміздің сүйікті әншілеріміздің әндерін тек теледидар, радио арқылы ғана тыңдап келдік. Әлі есімде, «Нұр-Мұқасан» тобы мен Нұрлан мен Мұрат ағаларымызды көре қалсақ, теледидар қасынан бір елі кетпей, өзім де қосыла ән салатын едім. Тіпті, қолыма гитара орнына сыпырғыш ұстап, сол кісілердің өнеріне еліктеген кездер де болды. Бала арман ғой. Радиодан әндерін тыңдаған кезде, бірден жаттап алатын едік. Осылайша, ән айтуға деген қызығушылығым 4-5 жасымнан басталыпты. Жалпы мен Қандыағаш қаласындағы №4 орта мектептің түлегімін. Мектеп қабырғасында жүрген жылдары музыка пәнінен сабақ берген ұстазым Гүлзипаш апайымның қасына еріп жүріп, талай байқауларға қатыстым. Солардың ең алғашқысы әрі әншілік өнеріме жол салғаны — 1997 жылы тұңғыш рет үлкен сахнаға шығып, ән шырқаған кез болды. Ұстазым екеуіміз екі ән дайындап, аудандық «Балдәурен» байқауында өнер көрсеттік. Мен ән шырқағанда ол кісі баянмен сүйемелдеп шықты. Осы конкурста жүлделі бірінші орын иеленіп, облыста сынға түстім. Ол жақтан да I орынды жеңіп, Алматы қаласына республикалық байқауға жолдама алдым. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас өнерпаздар додаға түскен осы байқауда II орынға ие болдым. Cол кезде алған Алғыс хат әлі күнге дейін қарашаңырақта сақтаулы тұр. Осы жеңіс менің болашағыма аттаған жаңа бір қадам екендігін сол кездің өзінде түсінген едім. Содан бері әншіліктен алыстамай, осы жолда еңбек етіп келе жатырмын.

«МҰҒАЛЖАР»: Жалпы әнші болып қалыптасу жолыңыздағы тәлім мен тәжірибеңізді қалай ұштастырасыз?

А.ЖИЕНАЛИЕВ: Сөзімді әріден бастайын. Тәлім балалық шақтан бастау алып, оқушы кезімізде жалғасты ғой.  Ал тәжірибенің өнер адамдарының нақты ордасына келген кезден басталатыны баршаға белгілі жайт емес пе? Мектеп жылдары 9-класты бітіріп, мен де арман қуып Алматыға келгенмін. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжіне грантқа оқу түстім. Алайда, тағдырдың солай жазғаны болар, арада екі айдай уақыт өткен соң ауылдағы ата-анамның өтініші бойынша туған жерге қайта оралып, 10-11 класты мектебімде әрі қарай жалғастырдым. Содан кейін Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институттың жанынан құрылған кәсіби шығармашылық факультетіне түстім. Өнер мен білімнің киелі ордасы саналатын осы шаңырақта елге танымал әншілеріміз Ерке Есмахан, Димаш Құдайберген мен Нұрболат Абдуллиндердің ұстазы болған ағайымыз ҚР  Мәдениет қайраткері Марат Әйтімовтің шәкірттерінің бірі болдым. «Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» деген бар. Осындай ұлағатты ұстаздың мектебінен өтіп, тәлім алған біздің алдыға қойған мақсатымыз айқын болды. Ол мақсат — ұстаз еңбегін ақтап, ұлы өнерді мойынға артқан жүгіміздей жауапкершілікпен арқалап жүру. Негізі, қай кезеңді, қай жылдарды болса да жадыдан шығаруға болмайды. Әр кездің өзіндік бір маңызы бар. Сондықтан да, бұл ретте әншілік өнерімнің қалыптасуына негіз болған үш ұстазымды үнемі аузымнан тастамай, шексіз алғысымды білдіріп жүремін. Олар — мектеп кезімдегі ұстазым Гүлзипаш апай мен әндеріме өңдеу жасап, ерекше қолдау көрсеткен Алмас Орманов ұстазым және студент жылдары талабымды ұштай түскен ұстазым Марат Әйтімовтердің мен үшін орындары бір бөлек. Осы тұста ағайынды жігіттер  Манас пен Алмат Көшербаевтарды айтпай  өтуге болмайды. Өйткені, сол кісілердің қанатының астында 10 жылға жуық уақыттай жүрдім. Бүгінгі күні   өнер әлемінде осы ұстаздарымның салып берген сара жолымен тәлім мен тәжірибені тең ұстап, халықтың кең пейілімен бірге өсіп келемін.

«МҰҒАЛЖАР»: Біркездері «Сағыныш» триосында ән шырқадыңыз. Бұл жайында не айтасыз?

А.ЖИЕНАЛИЕВ: Иә, жоғары оқу орнында 4 жыл бойы вокалдан сабақ берген ұстазымыз Марат Әйтімовтің бастамасымен 2008 жылдары «Cағыныш» триосын құрған болатынбыз. Біздің өнерімізді байқаған Марат ағай Айбат Жанғалиев, Нұрболат Абдуллин үшеуіміздің басымызды қосып, бізді ең бірінші Тараз қаласында өткен республикалық Ш.Қалдаяқов атындағы байқауға қатыстырды. Тобымыздың атауын қойған да сол кісі. Бәріміз 4 жыл бірге жұмыс істедік. Атаулы күндерде ұйымдастырылған талай іс-шараларда төбе көрсетіп, өнерімізді халыққа паш етуден бір шаршаған емеспіз. Десек те,  топ құрылатын кезде трио болып ән шырқауды тек оқу қабырғасындағы жылдарда ғана қолға аламыз деген  үшеуіміздің бір ойдан шыққан келісіміміз болды. Топта жүргенде олар арамыздағы жасы үлкені өзім болғандықтан, кішіпейілділік таныта білді. Ал бүгінде арада бірнеше жыл өтіп кетсе де, достығымыз үзілген жоқ. Әнші Нұрболат Абдуллин екеуіміз бірге оқып ғана қоймай, жатақхананың бір бөлмесінде бірге тұрған едік. Қиын да, қызықты да сәттерімізге бірге куә болдық.

«МҰҒАЛЖАР»: Қазір қоржыныңызда қанша ән бар? Алғашқы әніңіз қашан шықты?

А.ЖИЕНАЛИЕВ: Барлығы 27 ән. Алғашқы әндерімді 2014 жылы жарыққа шығардым.  Сол жылы «Тойла, тойла»,  «Мөлдірім», «Кел билейік» деген үш авторлық әндерім тыңдарманға жол тартқан еді.

«МҰҒАЛЖАР»: Бүгінде репертуарыңыздағы әндеріңіздің арасында қай әніңіз халықтың көңілінен шығып жүр?

А.ЖИЕНАЛИЕВ: Ең әуелгі ұстанымым бойынша халық алдында бірыңғай ретро, бірыңғай анаға немесе әкеге арналған әндер айтамын деп ойладым. Бірақ, кейіннен өнер адамының жан-жақты болуы керек екендігін түсіндім. Халық не сұрайды, халыққа соны бере білу керек. Себебі, өнер адамы болғаннан кейін, оның тыңдарманы қашанда қалың ел болмақ. Яғни, өсуің де, өшуің де сенің ұсынған дүниеңе байланысты. Қазір халық арасында «Биле мадам» әніне деген сұраныс жоғары болып отыр. Қырғызстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан жігіттері де хабарласып, әннің сол елдерде жақсы тыңдалып жатқандығын айтқан-ды. Алайда, бейнебаяны болмаған соң, халық әнді ғана біледі. Орындаушының атын білгенмен, түрі таныс емес. Сондықтан, бұл әнімді одан сайын халыққа жақын ету үшін Ташкент қаласына барып, бейнебаян түсіріп келу ойымда бар. Негізі, бұл ән түріктің әні. Ал менің орындауымда қазақша нұсқасы. Оның сөзін жазған атыраулық ақын бауырымыз Ерболат Қарақойшы. Бұдан бөлек, лирикалық әндер де жазылды. Соның бірі «Жақсы көремін» әнінің қос ғашықтардың сүйікті әніне айналып үлгергеніне сенімдімін.

«МҰҒАЛЖАР»: Өнердің қайнаған ортасы Алматыда да біраз еңбектенгеніңізді білеміз. Танымал болу үшін тұрғылықты жердің маңызы қандай?

 А.ЖИЕНАЛИЕВ: Орынды сұрақ. Өнерге аяқ басып, оны алып жүру үшін тұрғылықты жердің аса маңызы жоқ екен. Бұл тұста адамда Алладан  бармақтай бақ болып, ерінбей еңбектенсе ғана айы оңынан туатыны сөзсіз. Мен 2012 жылы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтты бітіріп шыққаннан кейін, Алматы қаласына кеткенім рас. Бұл жерде 3 жылдай балаларға арналған музыкалық мектепте педагог ретінде сабақ бердім. Кейіннен белгілі бір себептерге байланысты, Ақтөбеге оралдым. Аллаға шүкір дейміз. Әншіге халықтың ықыласына бөленіп жүруден асқан қандай жетістік керек…

«МҰҒАЛЖАР»: Болашақта қандай жоспарларыңыз бар?

А.ЖИЕНАЛИЕВ: Жаңа жылға жаңа әндеріммен бірге кіріп, тыңдармандарыма ұсынсам деген жоспарым бар. Бүгінде студияда 6 ән жазып, бітіріп қалдым. Бұйырса, «Биле мадам» әніне бейнебаян да болады. Қазіргі күні қазанның 30-ы мен қарашаның 15-іне дейін Ақтөбе облысының аудан-ауылдары мен Ақтөбе қаласына Нұрлан мен Мұрат ағаларыммен бірге концерт беруге қызу дайындық үстіндеміз.

«МҰҒАЛЖАР»: Cұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан:

Алтын СҮЛЕЙМЕН

Ұқсас ақпараттар

ЖҰМЫЛА КӨТЕРГЕН ЖҮК ЖЕҢІЛ

admin_mugalzhar

МҰҒАЛЖАР АУЫЛЫНДА ЖЕКЕ ТҰРҒЫН ҮЙДЕ ӨРТ БОЛДЫ

admin_mugalzhar

ҚАЗАҚСТАНДА НЕКЕНІ ТІРКЕУГЕ ӨТІНІШ БЕРУ МЕРЗІМІ ҚЫСҚАРМАҚ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.