«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

«Қазақтармен сөйлескім келеді» — Қазақ тілін үйреніп жүрген якут жігіті

Александр Матвеев — Якутия тұрғыны. Бүгінде ол қазақ тілін меңгеріп жүр. Оның айтуынша, қазақтар мен якуттардың мәдениеті, салт-дәстүрі жалпы менталитеті ұқсас келеді. Tengrinews.kz тілшісі қазақ тілін үйреніп жүрген якутиялықпен сөйлесті. 

«Қазақша есімім — Ескендір»

Александр Матвеев отбасын құрған, бір баласы бар. Ол орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі. Ол қазақ тілін үйренуді бір жыл бұрын қолға алған. 

«Негізі менің есімім — Александр, қазақша — Ескендір. Қазақ тілін бір жыл бұрын өз еркіммен үйреніп бастадым. Қазақ тілі негізінен якут тіліне жақын. Ұқсас келеді. Сол себепті де қазақ тілін үйрене бастадым», — дейді Ескендір. 

Кейіпкеріміз қазақ тіліне деген қызығушылық қайдан туғанын айтып берді. 

«Негізі қазақстандық вайнерлерді көре бастадым. Содан қызығушылық туды. Көптеген қазақ вайнеріне тіркелгенмін. Артынан тек қазақ тілінде түсіретін блогерлерге тіркелдім. Қазақ тілі өзіме жақын болды», — дейді Александр. 

Александр Матвеев 

Ескендірдің айтуынша, қазақ елінің салт-дәстүрі мен мәдениеті ұқсас келеді. 

«Жалпы екі елдің тек тілі емес, сонымен қатар, мәдениеті мен менталитеті ұқсас келеді. Қазақша ағылшын тіліне қарағанда жақсы білетін шығармын. Ағылшын тілін дұрыс меңгере алмадым. Одан кейін түрік, өзбек тілін кішкене, қазақ және орыс тілдерін білемін», — дейді кейіпкеріміз. 

Қазақ тілін меңгеру аса қиын емес

Ескендірдің сөзінше, қазақ тілін меңгеру қиын емес. 

«Якуттар үшін қазақ тілін үйрену қиын емес шығар, бірақ қазақтарға якут тілін үйрену қиындау болар. Бірақ жалпы қазақ тілін үйренуге болады. Себебі олар түркі тілдері ғой», — дейді Ескендір. 

Ескендір қазақ тілін өзі меңгереді. Ол үшін Ескендірге қазақ радиолары, жаңалықтары мен арнайы бағдарламалар көмектеседі. 

«Үнемі қазақ радиоларын тыңдаймын. Танымал тұлғалардың ішінде Абай Құнанбаевты танимын. Жақында мерейтойы емес пе? Абайдың «Көзімнің қарасы» деген өлеңін білемін. Одан бөлек қазақша өлеңдер тыңдаймын. Танымал қазақ әншілерін, саясаткерлерін де білемін. Tengrinews-тен күн сайын жаңалық оқып отырамын. 

Тағы бізде қазақтар мен сахалардан құралған WhatsApp-та топ бар. Бірге араласып, қызық мәліметтер, пайдалы ақпарат бөлісіп отырамыз. YouTube-тен орысша субтитрлері бар қазақша сериалдар көремін. Мысалы, қазір «Өмір иірімі» деген сериал көріп жүрмін», — дейді Ескендір. 

Кейіпкеріміздің айтуынша, Якутияда қазақтарды кездестірмеген. Қазақ тілін практика жүзінде қазақтардың өзімен сөйлесіп, қолданып көргісі келеді екен. 

«Якутск қаласында қазақтар бар ма, жоқ па білмедім. Студенттер болуы мүмкін. Бірақ менің білуімше Ленск қаласының әкімі — қазақ. Бірақ қазақтармен кездесіп, араласып көрмеппін. Әрине, өмірде кездесіп, сөйлескім келеді», — дейді Ескендір.

Ұқсас ақпараттар

Қ.ЖҰБАНОВ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ САЙЛАУЫ ӨТУДЕ

admin_mugalzhar

АУЫЗ СУ ТАЗАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

admin_mugalzhar

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында «Бұқара-Орал» магистралды газ құбырының жаңа желісін салу барысымен және «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» автожолының жағдайымен танысты

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.