«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Өмірін өнермен өрген өнерпаз

Қандыағаш қаласындағы Ахмет Жұбанов атындағы балалар саз мектебінің мұғалімі Айгүл Тыныштығұлованың осы мектепте жұмыс жасағанына 25 жылға жақындады. Осы жылдар ішінде қол жеткізген жетістігі мен тұғырлы жеңісі де ауқымды, мақтан етер шәкірттері де бар. Мереке қарсаңында өнерден өз биігін тапқан өнерпаз туралы қалам тербеп, сөзді өзіне бердік.

Музыкалық сабақ туралы

Жалпы музыка саласындағы еңбек өтілім — 40 жыл. Ал музыкалық мектепте ширек ғасырдан бері вокал, хор, аккордеоннан сабақ беремін. Жақында мектепте вокал хор класы ашылды. Соған ерекше қызығушылықпен жұмысымды бастадым. Сынып ашылғанда, ән айта алатын, қабілеті жоғары балаларды қабылдадық және ынталанған оқушыларды да қатарымызға қостық. Өйткені, ата-аналар балаларының музыкалық слухы жоқ  деген шешімге өздері келеді. Ал оны мамандар қарап барып, шешім қабылдау керек. Себебі, барлық балада музыкалық слух бар. Бірақ ол екіге бөлінеді: интонациялық және ішкі. Интонациялық дегеніміз, бала өлең айта алады, яғни біздің тілмен айтсақ, слухы бар деген сөз. Ал ішкі — ол дыбысты естиді, бірақ сыртқа қарай шығара алмайды. Сабақта осы дыбыстарды бері қарай шығарамын, байланыстырамын. Құлақпен естігенін таза дауыспен шығаруды қадағалаймын. Оған енді арнайы жаттығулар, сабақтар, әндер, әуендер қаралған. Бірақ дауыста өзінің жетілдіру уақыты бар. Бірінші сыныптағы баланы 2-3 сыныптағы балалармен салыстырсақ, дауыстары бір-бірінен  мүлдем басқа, өзгеше. 4-5 сыныпта бала дауысы анық, қиын әндерді орындауға қабілетті тұлға болып қалыптасады.

Аккордеон класында қазір 3 оқушым бар. Неге аз бала десеңіздер, себебі қиын, күрделі, салмағы өте ауыр  аспап. Өткен жылы Түркияның Анталия қаласында өткен халықаралық «International art festival» конкурсына қатыстық. Сонда 16 кг-дық аккордеон аспабын арқалап әзер жеткен болатынбыз. Оның салмағы аяққа қойып ойнаған сәтте, орындаушының тізесін, аяғын ауыртады. Біршама уақыт өткеннен кейін барып, бала шынығады, қалай ұстаған ыңғайлы екендігін де үйренеді. Тағы бір қиындығы, аккордеонда бірінші мехты ашпай, дыбыс шығару мүмкін емес. Міндетті түрде ашылып, ішкі бөлігіне ауа бармайынша, дыбыс шықпайды. Сол себептен сол қол шыныққан да болуы шарт. Бұл аспапты денелі боп келген балалар көбіне тез үйреніп кетеді. Фортепианода екі қолмен ойнаса да, басқыштарын көріп бақылап тұра алады. Ал аккордеонда көрінбейді, 5-6 қатар басқыштарды 3 ойық арқылы сезініп, автоматты түрде қол шынығып жаттығу арқасында ойнатылады. Ол мықты қиын, сол себептен балалар басында келіп, соңында шыдамай шығып кетіп жатады. Сондықтан аккордеон үйреніп, конкурстардан орын алған балаларды ерлік жасағанмен тең деп есептеймін.

Шәкірттері туралы

Биыл 3 түлек тәрбиеледім. Менің оқушыларым ішінде бүгінде мұғалім қызметін атқарып жүргендер де бар. Менің шәкірттерім Құралай Жалғасбай мен Гүлім Құсайын аккордеоннан Оралда оқып жатыр, тағы бірі Ақтөбе қаласында музыкалық білімін жалғастырып жатыр. Мен зейнетке шыққан сәтте, менің орнымды басатын осы оқушыларым болады деп ойлаймын.

Ұстаздары туралы

Негізі өзім прима аспабын тәмамдадым. Ал хор бөлімін университет қабырғасында Жібек апайдың дирижёрлығымен сабақ алдым. Ақмарал деген апайым болатын, ол кісі Алматы қаласына көшіп кетті. Бүгінде менің өзіме де зейнетке шығауыма 1 жыл уақыт қалды. 

Жеңістері туралы

2010 жылы Одессаға, 2012 жылы Мәскеу қаласына, 2019 жылы Анталия қаласына халықаралық конкурсқа бардық. Ал елде Астана мен Алматы, Орал, Атырау, Ақтөбе және Көкшетаудағы Бурабай жеріне де бардық. Жақында Грузия елінің Батуми қаласында өтетін байқауға қатысу жоспарда бар. Ол байқау да халықаралық деңгейде, Мәскеу комитетінің ұйымдастыруымен өтпекші. Біз үшін ең бастысы орын алу емес, алдымен өнер көсету, қатысу. Мен және өз оқушыларыма, шәкірттеріме де осыны үйретемін.

Қызықты оқиғасы туралы

Бірде Астана қаласына хор балаларын байқауға алып барғанмын. Сонда бір баламыз автобус ішінде қалып қойыпты. Барлығымыз көліктен түсіп кеткен мезетте, ол үлгермей қалған секілді. Қозғалып кеткен автобус соңынан жүгіріп жүріп, әзер түсіріп алып қалғанымыз бар. Тағы бір оқиға есімде. Байқауға қатысуға шығып, пойызға мінгенбіз. Сонда түн болғанда, бір бала қараңғыда ұйықтай алмаймын деп, барлық вагонның жарығын жаққызып қойғаны бар. Жалпы, «көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» дейді. Ата-аналары пойыздан, ұшақтан күтіп алған сәтте, баласының ой-өрісі өзгергендігін байқап жатады. Өйткені, ел көрген, жер көрген, үлкен қала, мегаполис көрген адам мүлдем басқаша болып келеді. Біз, ұстаздар жылдап сабақ береміз ғой. Ал баланың шет елге бір шыққаны, сол берген сабақтарыңа татиды деп ойлаймын.

Ізденіс туралы

Мен әлі ізденісте жүрмін. Аспап болсын, дауыс болсын, тіпті жұмыстас ұстаздармен қарым-қатынас болсын, бәрі маған әлі күнге дейін қызық. Керемет сөз бар ғой: «білгенім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз». Сондықтан болдым-толдым деп айта алмаймын.

Өнер адамы туралы

Өнер адамы өзін еркін ұстауға тырысуы керек. Сонда ғана ол көп нәрсеге қол жеткізеді. Ол қорықса, өнерге бет бұра алмайды. Өнердің өзі еркіндікті талап етеді. Бірақ бұл жерде еркіндіктің да өзіндік шегі барын ұмытпаған жөн. Мысалы, еркіндікті ту етіп, мейірімділікті ұмытса, ол шалалыққа әкеп соғады. Бірақ, бұның барлығы тәжірибемен келеді. Өнер адамы үшін ізденіс, адамгершілік пен сүйіспеншілік алдыңғы орында тұруы керек.

Мереке туралы

8 наурыз мерекесіне орай, қандай ерекше ән орындайтынымызды көп сараладық. Жалпы, Халықаралық әйелдер мерекесінде тек әйел затын құттықтаймыз. Содан ойлана келе, «Туған жер» деген ән дайындадық.  Өйткені, негізінде жерді қастерлеген халықпыз ғой. Жер ана деп, жер анамызды құттықтау мақсатында осындай шешім қабылдадық. Ал әйел затымыз, аналарымыз аман болсын, қыз балаларымыз гүлдене берсін. дегім келеді.

Жазып алған Ислам БАҚТЫБАЙ

Ұқсас ақпараттар

1991 жылдан бері қанша этникалық қазақ атажұртқа оралғаны белгілі болды

admin_mugalzhar

АУДАН ӘКІМІ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ЖҮРГІЗДІ

admin_mugalzhar

МҰҒАЛЖАР ҰМЫТПАЙДЫ АЙМҰРАТЫН…

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.