«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Әлем елдерінің музыканттары Ахмет Жұбановтың туған күні қарсаңында бас қосты

Бүгін қазақ халқы күні үшін атаулы күндердің бірі. Осы күні, 1906 жылы 29 сәуірде дүниеге ұлы сазгер, музыкатанушы, педагог Ахмет Қуанұлы Жұбанов дүниеге келді. Атаулы күнге орай Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясы көтерген бастамаға әлемнің түкпір-түкпірінен музыканттар мен хор өнері шеберлері қолдау көрсетті, деп хабарлайды DimashNews.com сайты

Ақтөбе облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен академик, қазақ кәсіби музыкасының негізін қалаушы әрі сазгер Ахмет Жұбановтың туған күніне орай Ақтөбе облыстық филармониясы танымал қазақ музыкантының екі әніне видео түсірген.

Бірінші бейнероликте Қазақстан, Молдова, Башқұртстан, Ресей, Беларусь, Хакасия, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркия, Әзірбайжан, Үндістан және Тайвань елдерінің музыканттары сазгердің танымал әні «Қарлығашты» орындап шықты. Әр музыкант өз партиясын өз елінің ұлттық аспаптарымен сүйемелдеп, әуенге ғажап рең қоса білді.

Екінші бейнероликте хор өнері шеберлері Ахмет Жұбановтың құлақтың құрышын қандырар «Ақ көгершін» әнін шырқады. Филармонияның қазақ камералық хорының ұжымы Татарстан, Қырғызстан, Беларусь, Әзірбайжан, Ресей, Түркия елдерінің танымал өнер қайраткерлері, сонымен қатар Нұр-Сұлтан, Павлодар, Атырау және Көкшетаудағы камералық хор ұжымдары бірлесіп ән салды. Әсіресе, «Бар кезіп қайт ел үшін, кең дүниенің көлемін» деген жолдары тыңдарманын елжіретіп, жүрек қылын тербете түсті.

Бас қосып, осындай керемет видео түсіру идеясы Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының директоры Елубай Кенжалиевке тиесілі. Бастамасы туралы елдегі және шетелдегі әріптестерімен бөліскені сол екен, барлығы қуана-қуана қолдау таныта кетті.

Әр музыканттың үй жағдайында жазған видеолары Ақтөбе облыстық филармониясында монтаждалып, тұтас бір бейне туынды әзірленді.

Филармония жыл сайын 29 сәуірде Ахмет Жұбановтың туған күні қарсаңында «Жұбановтар әуені» халықаралық фестивалін ұйымдастыратын. Онда оркестрлар мен халық ансамбльдері бақ сынайды. Алайда, пандемияға байланысты биыл фестиваль өтпеді. Орнына ұлы музыканттың туған күніне орай оның әндері орындалған видеороликтер дайындалды.

– Кәсіби музыкант және академик Ахмет Жұбановтың шығармашылығына құрмет көрсеткендері үшін Молдова, Башқұрт елі, Ресей, Беларусь, Хакасия, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркия, Үндістан, Тайвань, Әзірбайжан, Татарстанның, сонымен қатар Қазақстанның Нұр-Сұлтан, Павлодар, Атырау, Көкшетау және Алматы қалаларының музыканттарына алғысым шексіз. Бейбіт әлемнің символына айналған ақ көгершінімізді аялай білейік, – деді Ақтөбе филармониясының директоры Елубай Кенжалиев.

Ұқсас ақпараттар

ӘКІМ АРДАҚТЫ АНАЛАРДЫ ҚҰТТЫҚТАДЫ

admin_mugalzhar

Биыл облыста 21 медициналық нысан салынады

admin_mugalzhar

Қазақстанның бес өңірінде жаңа шектеулер енгізілді

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.