«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

75 жылдан соң табылған майдангер

«Мұғалжар» редакциясына газеттің бүгінгі нөмірі қатталып жатқанда, ҚР Қорғаныс министрлігінің орталық ансамблінде жеке әнші болып қызмет ететін мұғалжарлық Ырысты Сүлейменовадан хат келді. Хатта қанды соғыста хабар-ошарсыз кеткен, артындағы ұрпағы 75 жыл бойы іздеген атасы Зәкір БЕРЕКЕТОВ туралы мәліметтің биыл ақпан айында ғана табылғаны туралы айтылады. Атасын іздеген хат иесімен хабарласып, мән-жайды анықтадық…

Зәкір Берекетов 1900 жылы сол кездегі Жұрын ауданы, Басшилі ауылында дүниеге келген. Соғысқа дейін ауылда колхоз председателі болған. Соғыс басталып, ер-азамат атаулы қолына қару алып, жауға қарсы шыққанда, Зәкір ата да 1942 жылы Жұрын военкоматының шақыртуымен майданға аттанады. Ауылда жары Зімрет пен  кішкентай 4 ұлы қалады.

Сол жылдың 25 маусымында Киров ауданы Чкалов қаласында әскери бөлімге қатардағы жауынгер болып қабылданып, 1942 жылдың қарашасында шайқастың бірінде із-түссіз жоғалады.

Бұл — Екінші Дүниежүзілік соғыстың қатысушылары туралы ақпараттар жинақталған «Подвиг народа» сайтынан табылған мәлімет. Осы жерде 1942 жылы хабарсыз кетті деген атасының 1945 жылы 23 қаңтарда өлгені туралы да мәліметтің бар екенін айтады Ы.Сүлейменова. Тіпті, Польша жеріндегі Казденбе деревнясының маңындағы орманның солтүстік-батысында жерленгені де көрсетілген. Яғни, аталарының 2 жылдан аса уақыт елмен байланыса алмауын жаралы болуымен байланыстыратын бүгінгі ұрпағы оның хабар-ошарсыз кетпегенін, өздері ойлағандай тұтқынға түсіп емес, майдан даласында қаза тапқанын майдангер өлімінен кейін 75 жыл өткен соң бір-ақ білді.

— Осы уақытқа дейін мүмкін болған жақтың барлығына іздеу салғанда, біз атамызды өз аты-жөнімен іздедік. Таппағанымыз да содан екен. Сөйтсек, 1942 жылы жараланып, соғысқа қайта қосылғаннан кейін атамыздың тегі Биракитов болып жазылып кеткен, — дейді немересі Ы.Сүлейменова. 

Артындағы ұрпағына өзінің өлімі туралы дерегі де уақытылы жетпеген жауынгер аталмыш сайттағы мәлімет бойынша, майдан даласында 1942 жылдың 6 қыркүйегі мен 29 қарашасында және 1944 жылдың 14 қаңтарында үш рет жараланыпты. 1944 жылдың 12 шілдесінде 80-ші атқыштар дивизиясының құрамындағы 8-ші атқыштар ротасының қол пулеметінің нысанашысы қызыләскер Берекетов (сайтта Биракитов деп кеткен — ред.) Закирге 1942 жылдың 1 мамырындағы шайқаста фашистерге қарсы ерлік көрсеткеніне байланысты «Ерлігі үшін» медалі берілгені туралы ақпарат та бар.

— Атам майданға аттанғанда, әжем 28 жаста екен. Артынан ең болмаса қара қағазы да келмеген қосағын күтумен, көкжиекке көз тігумен өткізіпті өмірін. Қолында қалған балалары жоқшылық көріп, жетімдік зардабын тартып өсіпті. Бір ұлы, әкемнің егізі атам соғыста жүргенде 7 жасында шетінеген. Ең өкініштісі, бүгінде атамның көзі тірі баласы жоқ. Ортаншы баласы менің әкем 2017 жылы өмірден озды. Өмір бойы әкесі туралы бір дерек ала алмады. Қалай дүниеден өткені, қайда жерленгені, неге хабар-ошарсыз қалғаны… жары мен балаларының көкейіндегі мәңгілік сұрақ болып кетті, — дейді атасы туралы ақпардың кеш табылғанына өкінген немересі.

Ырысты Сүлейменованың айтуынша, 75 жыл бойы еш хабар болмаған адам туралы бірден бар ақпараттың табылғаны — есеңгіретіп тастапты. Тіпті, енді қандай әрекет жасау керек, не істеу керек деген ойға да келіп үлгермей тұрып, вирустың әлегімен бар әлем дүрлігіп кеткенін айтады ол.

— Атам туралы бар мәлімет осы Ресейдің «Подвиг народа» сайтында ғана. Онда да тегі басқаша жазылған. Басқа жерде ешқандай дерек жоқ. Соғысқа кеткені туған жерінде тіркелгенімен, соғыстағы өмірі, ерлігі, тіпті өлімі де еш естелік кітаптарына да түспепті, майдангерлер тақтасына да ілінбеді. Отан үшін отқа түсіп, қан төгіп, жеңіске санаулы айлар ғана қалғанда, жырақта жан тапсырып, өзге елдің топырағы мәңгі мекеніне айналса да, өз елінде аты аталмай қалды… Біздің, кейінгі ұрпағының жанын ауыртатыны да осы… — депті Ырысты Сүлейменова өз хатында.

P.S. Бүгінде мұғалжарлық майдангер Зәкір Берекетовтың 3 ұлынан 15 немере, 21 шөбере, 12 шөпшегі тараған. Отан үшін от кешкен аталарының жатқан жерін тауып, басына зиярат етіп, бір уыс топырағын елге әкелуосы ұрпақтарының еншісінде

Бану ЖАРТИНА

Ұқсас ақпараттар

Ақтөбелік әйел пәтер жалдап, теріс ағымды насихаттап келген

admin_mugalzhar

ҒҰЛАМАЛАР ШЫҚҚАН ӨЛКЕ

admin_mugalzhar

АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.