«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Праймериздің екінші кезеңі басталды

Nur Otan

17 тамызда Nur Otan партиясы партияішілік сайлау — праймериз өткізуді қолға алғаны белгілі. Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов онлайн режимде облыс бойынша праймериздің алғашқы кезеңінің қорытындысын жариялады. Оның айтуынша, праймеризге қатысуға облыс бойынша 493 адам ниет білдірген. Соның ішінде 486 адамның өтініші мақұлданып, тіркелген.

— 17-28 тамыз аралығында үміткерлерді тіркеп, праймеризге қатысуға жолдама бердік. 486 адамның 221-і партияның бастауыш ұйымдары арқылы ұсынылды, қалғаны өзін өзі ұсынды. Талап бойынша, қатысушылардың 30 пайызы — әйел адам, 20 пайызы жастар болуы тиіс. Ал Ақтөбе облысында қатысушылардың 35,8 пайызы — әйелдер, 29 пайызы — жастар. Бұл тұрғыда облыс республика бойынша алдыңғы орындарда, — деді Ербол Данағұлов.

Nur Otan партиясы өкілінің айтуынша, барлық қатысушылар ережемен толық танысқан. 1-7 қыркүйек аралығында үміткерлер насихатқа дайындық жұмыстарын жүргізеді. 7-30 қыркүйекте үгіт-насихат жүргізеді, 14-30 қыркүйек аралығында жария пікірсайыстарға қатысады.

— Қатысушылар партия мүшелеріне, халыққа сайлауалды бағдарламасын таныстырады. Пікірсайыс облыс бойынша 25 жерде өткізіледі. Ол 3 деңгейде: үгіт-насихат  барысында, партияның аудандық және қалалық филиалдарының конференцияларында және партияның облыстық филиалының конференциясында өткізіледі. Барлық кандидаттар жария дебаттарға қатысуға міндетті. Пікірсайыстар барлық аудандарда және қалада 6 жерде ұйымдастырылады. Пікірсайыс 90 минуттан аспайды, екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде үміткер сайлауалды бағдарламасын таныстырады, екінші кезеңде сұрақ-жауап болады. Пікірсайыс өткізілетін жерлердің барлығы толық санитарлық талаптарға сай. Бұл орындарды уақыты келгенде үміткерлерге ескертеміз. Үгіт жұмыстары басталатын күні, яғни 7 қыркүйектен бастап үміткерлерге еңбек демалысына шығуға кеңес береміз, себебі бұл ауқымды жұмыс.  Үміткерлер өздерінің сайлауалды бағдарламаларын әлеуметтік желілерге, баспасөзге, бұқаралық ақпарат құралдарына жариялауға толық мүмкіндіктері бар. Барлық 486 үміткермен осы аптада кездесу өткіземін, — деді Е.Данағұлов.

Үгіт жұмыстары барысында басқа қатысушыларға қарсы бағытталған үгіт жүргізуге, көрінеу жалған мәліметтер таратуға, олардың ар-намысы мен беделіне нұқсан келтіретін әрекеттер жасауға болмайды. Дауыс беру жүргізілетін ғимараттарда, мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындарының кеңселерінде, сондай-ақ меншік иесінің рұқсатынсыз кәсіпорындар мен ұйымдарда үгіт жүргізуге рұқсат етілмейді.

— Әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялар, арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, діни бірлестіктердің басшылары мен қызметкерлері арасында, әлеуметтік, діни және ұлтаралық келіспеушілікті тудыруға бағытталған үгіт жүргізуге,  парақшалар, плакаттар жапсыруға, баннерлер орнатуға тыйым салынады, — деді Е.Данағұлов.

Үміткерлер үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп болғаннан кейін 1-3 қазан аралығында мобильдік қосымша немесе веб-портал арқылы дауыс беру кезеңі өтеді. Ал интернет жасамайтын жерлерде дәстүрлі әдіс бойынша бюллетень арқылы жүргізіледі.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ

«Ақтөбе» газеті.

Ұқсас ақпараттар

АЩЫСАЙДА НАУРЫЗ ТОЙЫ ТОЙЛАНДЫ

admin_mugalzhar

Болатбек ШАҒАЛБАЕВ: CАНИТАРЛЫҚ ТАЛАПТЫ САҚТАУ — АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛУДЫҢ ЖОЛЫ

admin_mugalzhar

Nur Otan партиясының атауын «Аманат» деп өзгерту ұсынылды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.