«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫҚ ТҰЛҒАСЫ: ӘЛ-ФАРАБИ

БИЫЛ ӘБУ НАСЫР ӘЛ-ФАРАБИДІҢ ТУҒАНЫНА — 1150 ЖЫЛ. КӨРНЕКТІ ОЙШЫЛ, ҒАЛЫМ, ФИЛОСОФ ЖӘНЕ ШЫҒЫС АРИСТОТЕЛИЗМІНІҢ ЕҢ ІРІ ӨКІЛІ. ӨЗІНІҢ БІЛІМДІЛІГІ МЕН САУАТТЫЛЫҒЫНЫҢ АРҚАСЫНДА «ЕКІНШІ ҰСТАЗ» АТАНДЫ. ОНЫҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТІ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ АРАБ-МҰСЫЛМАН МӘДЕНИЕТІНІҢ ГҮЛДЕНУ ДӘУІРІНЕ X ҒАСЫРДАҒЫ — МҰСЫЛМАН РЕНЕССАНСЫНА СӘЙКЕС КЕЛЕДІ. ӘБУ НАСЫР МҰХАММЕД ИБН МҰХАММЕД ИБН УЗЛАҒ ИБН ТАРХАН ӘЛ-ФАРАБИ АТТҮРКІ — ҰЛЫ ҒАЛЫМ, ЭНЦИКЛОПЕДИСТ, АРИСТОТЕЛЬДЕН КЕЙІНГІ ЕКІНШІ ҰСТАЗ АТАНҒАН ӘЛ-ФАРАБИДІҢ ТОЛЫҚ АТЫ-ЖӨНІ ОСЫЛАЙ АТАЛАДЫ.

Әл-Фарабидің өмірбаяны

Шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби 870 жылы бүгінде Отырар аталатын, Арыс өзенінің Сырға барып құятын сағасындағы Фараб қаласында дүниеге келді. Фарабидің толық аты-жөні Әбу-Насыр Мұхаммед Иби Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан Әл-Фараби. Әл-Фараби түрік тайпасының дәулетті бір ортасынан шыққаны бізге мәлім, бұған дәлел оның толық аты жөнінде «Тархан» деген атаудың болуы. Туған жері қазақтың ежелгі қаласы Отырарды арабтар Барба-Фараб деп атап кеткен, осыдан барып ол Әбу Насыр әлФараби, яғни Фарабтан шыққан Әбу Насыр атанған. Сол тұста өмір сүргендердің қалдырған жазбаларына қарағанда, Отырар қаласы IX ғасырда тарихи қатынастар мен сауда жолдарының торабындағы аса ірі мәдениет орталығы болған. Әбу Насыр бала күнінен ғылымға үйір болып өсті, оның бақытына қарай сол заманда Отырарда аса бай кітапхана бар еді. Әл-Фараби парсы, грек тілдерін үйренеді, осы тілде ғылыми трактаттар оқиды. Фараб пен Бұқарада бастапқы білім алған соң әл-Фараби өз білімін жетілдіру мақсатында Бағдатқа аттанады. Фарабидің дүниетанымының қалыптасуына Мерв мектебінің ғылыми дәстүрлері мен философиялық бағдарлары өз әсерін қалдырды. Бағдадта әл-Фараби ғылым мен әртүрлі пәндерді оқиды. Білімге деген құштарлығының арқасында әл-Фараби сол уақыттағы ғылым мен білімнің ордасы саналған Дамаск, Халеб, Каир, Шаш, Самарқан, Бұхара, Мерв, Нишапур, Рей, Хамадан қалаларында да болып, білімін үнемі жетілдірумен болды. Сол қалаларда оқыды, еңбек етті. Шығыстың осы шаһарларында ол өз дәуірінің ең көрнекті ғалымдарымен, көркем сөз деректерімен танысады. Олардан тәлім-тәрбие алады.

Әбу Насыр әл-Фарабиді кім деп білеміз?

Ол — араб және Еуропа ғалымдары мойындаған музыканың атасы. Ол — араб ғалымдары мойындаған Шығыс философиясының атасы. Ол — алғаш рет ғылымды жіктеген энциклопедист ғалым. Ол — замандас Бағдат медиктері мойындаған ұстаз әрі қазір медицинаның атасы саналатын Ибн Сина мойындаған ұстаз. Ол — математика саласында көптеген жаңалық ашқан, астрономия, физика, химия, минералогия салалары бойынша күні бүгінге дейін мәнін жоғалтпаған құнды еңбектер жазған ғалым. Ол — поэзия туралы еңбек жазған ақын. Әбу Насыр бабамыздың Отырарда, Орталық Азияда жүргенде жазған еңбектері сақталмаған. «Әт-Тағлим әс-Сани» атты еңбегі де бізге жетпеген. Қазір араб елдерінде жүргенде 164 трактат жазғаны белгілі. Әбу Насыр әл-Фарабиді кейбір ғалымдар Бірінші ұстаз деп атайды. Әбу Насыр әл-Фараби ғұлама араб елдерінде көне грек ғалымдарының ойларын тереңірек түсіну үшін грек ғалымдарынан грек тілінің логикасы мен грамматикасын үйренгенінен басқа барлық білімді Отырарда, Орталық Азияда алған.

Ғалым қалай Әбу Насыр Әл-Фараби атанды

Ғалымның туған жері қазақтың ежелгі қаласы Отырарды арабтар «Барба-Фараб» деп атап кеткен. Сондықтан «әлемнің екінші ұстазы» атанған ойшыл Әбу Насыр Әл-Фараби, яғни Фарабтан шыққан Әбу Насыр атанған. Тарихи деректерде Отырар қаласы IX ғасырда тарихи қатынастар мен сауда жолдарының торабындағы аса ірі мәдениет орталығы болған. Әбу Насыр бала күнінен ғылымға үйір болып өсті. Ғалым алғашында Бұхарада, Самарқанда, одан кейін Хамадан, Бағдат, Шам, Каир, Дамаск, Александрия, Мәдина, Мекке қалаларында болып, білімін үнемі жетілдірумен болды. Ол Хамада қаласында араб тілін үйренді. Одан кейін 20 жылдай Бағдат қаласында тұрып, антикалық философиямен әлемдік мәдениетпен танысты. Жалпы Әл-Фараби бір жерде тұрақтамаған. Ол үнемі бір қаладан екінші қалаға саяхат жасап, білімін шыңдаған. Ғұлама ойшыл бар өмірін ғылым мен білімге арнады. Біздегі мәліметтерге сәйкес, ол 70-ке жуық тілді меңгерді Сондай-ақ ғұлама ойшыл медицина ғылымндарын меңгеруге де бар күшін салады. Ол біраз жыл Бағдат шаһарында ғылыми ізденістермен айналысып тұрақтап қалады. Содан кейін Шам аймағына қоныс аударып, 950 жылы өмірден өткенше сол өлкеде қалады. «Ол Дамаскіде «Қайырымды қала тұрғындары» атты атақты шығармасын жазып бітірді. Шаһар халқы ғалымды қатты құрметтеген. Әл-Фараби қайтыс болғанда, халық оны үлкен құрметпен ақтық сапарға шығарып салды. 950 жылы 80 жастағы ғұлама ойшыл Дамаскідегі патшалар мазарында жерленді», — дейді «Әл-Фараби» ғылыми-зерттеу орталығының директоры.

Екінші ұстаздың шығармашылығы

Әл-Фараби білімге деген құштарлығының арқасында Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз» атанды. Ол 150-ге жуық философиялық және ғылыми трактаттар жазып қалдырды. Ғалым философия мен логика, саясат пен этика, музыка мен астрономияны зерттеді. Ғұлама ойшыл ғылымды 2 топқа бөлген: Бірінші: теориялық ғылымдар. Бұл топқа жаратылыстану ғылымдары мен метафизиканы енгізген. Екінші: практикалық ғылымдар. Бұл топқа этика, фиқһ, кәләм (исламдағы өзекті тақырыптарын қамтыған ғылым саласы) ғылымдарын жатқызған. Ғылыми еңбектерінің ең әйгілісі — «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайлы трактат» («Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы»). «Ғалым қала басшыларын «қайырымды және надан» деп екіге бөледі. Ол кезде қала-мемлекет болған. Оның тұрғындары қай кезде бақытты болады? Ғалымның пікірінше, бұл шаһардың әкімдеріне байланысты. Егер әкім білімді, әділ, ойы таза болса, барлық қала тұрғыны бақытты болады. Ал қаланың әкімі надан болса, өтірік айтса, шаһардың адамдары бақытсыз болады. Әл-Фараби шын бақытқа жету үшін адам үнемі іздену керек дейді. Сондай-ақ адамның мінез-құлқы да жақсы болуы керек», — дейді Жақыпбек Алтайұлы «Әл-Фараби — өркениет философы» деректі фильмінде. Сонымен қатар Әл-Фарабидің «Музыка туралы үлкен трактат» деген шығармасы әлемнің көптеген тіліне аударылған. Әл-Фараби философия саласы бойынша грек ойшылы Аристотельдің «Категориялар», «Метафизика», «Герменевтика», «Риторика», «Поэтика», бірінші және екінші «Аналитика», «Топикасы» және тағы басқа да еңбектерін түсіндірген. Ғалым Аристотельдің әлеуметтік-қоғамдық идеяларын дамыта отырып, өз тарапынан да «Кемеңгерлік меруерті», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Мәселелердің түп мазмұны», «Ғалымдардың шығуы», «Бақытқа жету», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері» сынды көптеген философиялық еңбек жазды. Бұл еңбектерде дүние, қоғам, мемлекет, адамдардың қатынастары туралы заманнан озық тұрған пікірлер, пайымдаулар туралы баяндайды. Мысалы, Әл-Фараби «білімсіз адамгершілік молаймайды, білімсіз адам өзгенің абзал қасиеттерін тани алмайды. Жан-дүниені тәрбиелемей, үлкен жетістікке жету жоқ. Ғылым мен тәрбие ұштасса ғана рухани салауаттылыққа жол ашылмақ. Мінез-құлқын түзей алмаған адамның ақиқат ғылымға қолы жетпейді» деп ескертеді.

Ғалымның ұлты жайлы бірер сөз

Ел ішінде «Әлемнің екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің ұлтына қатысты сан түрлі пікір тарауда. Бірі оны «қазақ» десе, енді бірі «өзбек, тәжік» ұлтынан деп айтып жүр. Осы ретте шығыстанушы ғалымдардың ғұлама жайлы пікірлерін ұсынамыз. Әбсаттар қажы Дербісәлі, шығыстанушы: «Бұл кісіні «қазақ» деп жазады. Оны»өзбек, тәжік» деп айтады. Ол — қате. Бұл кісі өмір сүрген уақытта біздің халқымыз жеке ұлт ретінде тарих сахнасына көтерілген жоқ. Сондықтан әл-Фараби — түркі текті. Бұл мәселеге академик Гафур нүкте қояды. Ол «әл-Фараби өмір сүрген уақытта қазақ, өзбек деген болған жоқ. Бірақ Әл-Фараби қазақ жерін мекендеген түрік тайпасынан шыққан. Бұл тайпа кейін қазақ халқының құрамына енді. Сондықтан қазақ халқының перзенті деуге негіз бар деп жазды. Мен араб ғалымдарының кітаптарын оқыдым. Осы күнгі араб Фарх Саад есімді ғалымның бір дерегі бар. Онда Әбу-Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед Тархан ибн Ұзлағ Әл-Фараби ат-Турки дейді. Яғни ол оның түркі текті екенін жазған. Ғалым ибнХаликанда ат-Турки дегенді қосады. Ол Әл-Фарабидің түркі екенін жазады» Жақыпбек Алтайұлы, «Әл-Фараби» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор: «Орта ғасырда әл-Фарабидің ұлтын нақты айту үлкен бір қателік болар еді. Себебі, ол тұста ұлттардың қалыптаспаған тұсы. Әл-Фарабиді түркі дүниесіне ортақ, мұсылман әлемінен шыққан ұлы жерлесіміз деп нақты айта аламыз».

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

В СЕЛЬСКИХ ОКРУГАХ УСТРАНЯЮТ ПОСЛЕДСТВИЯ НЕПОГОДЫ

admin_mugalzhar

ҚАШЫҚТАН ОҚЫТУ: ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

admin_mugalzhar

Ақтөбеде 600-дан астам нысанда «Ashyq» қосымшасы жұмыс істеп тұр

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.