«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ӨМІРІ ЕҢБЕКПЕН ӨРІЛГЕН

ЕЛІМІЗДЕ ҚЫРКҮЙЕКТІҢ СОҢҒЫ ЖЕКСЕНБІСІНДЕ «ЕҢБЕК КҮНІ» АТАЛЫП ӨТЕДІ. АТАУЛЫ КҮННІҢ МАҚСАТЫ ДА ӘЙДІК — ӨЗІНІҢ АДАЛ ЕҢБЕГІМЕН АУДАННЫҢ ДАМУЫНА ҮЛЕСІН ҚОСЫП ЖҮРГЕН ЖАНДАРҒА АЛҒЫС БІЛДІРУ, ЖАЛПЫ ЕҢБЕК АДАМЫНЫҢ МЕРЕЙІН ҮСТЕМ ЕТУ. БІЗ ДЕ МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА ГАЗЕТТЕГІ «ЕҢБЕК АДАМЫ» АЙДАРЫНЫҢ АЯСЫНДА ЕҢБЕК МАЙДАНЫНЫҢ КӨРІГІН ҚЫЗДЫРЫП ЖҮРГЕН МҰНАЙШЫ, ЕМБІЛІК ЖҰМАТЫР МАХАНБЕТТІ ӘҢГІМЕГЕ ТАРТТЫҚ.

Шалқар ауданына қарасты Шілікті ауылында 1960 жылы дүниеге келген кейіпкеріміз мектепті де сол ауылда бітірген. 1979 жылы әскер қатарына алынып, екі жыл Венгрияда әскери борышын өтеп келгеннен кейін Алматы ауылшаруашылық-инженерлік институтына оқуға түседі. Қолына дипломын алғаннан кейін еңбек майданына білегін түре кіріскен Жұматыр Маханбет еңбек жолын Шалқар ауданына қарасты «9 совхоз» ауылында тракторист-жүргізуші болып бастайды. Кейін мемлекеттік қызметке ауысып, туған жерінде ауыл әкімінің лауазымына дейін жеткен.

Бірақ өзін мемлекеттік қызметте көрмеген кейіпкеріміз арада бірнеше жыл өткеннен кейін бұл қызметтен өз еркімен қол үзіп, Мұғалжар ауданының Ембі қаласына қоныс аударған. Жаңа жерде жаңа жұмысқа тұрып, «Теміржол жөндеу» мекемесінде механик қызметінде 15 жылдай жұмыс жасап, кейін ол мекеме жабылғаннан кейін, «АқтөбеМұнайМашКомплект» ЖШС-не жұмысқа орналасады.

Зауыт іші қайнаған қызу тіршілік, тарс-тұрс еткен құрылғыларда бір дамыл жоқ. Әр адам өз орнында, тынымсыз еңбек етіп, өздеріне жүктелген жұмысты істеуде. Бұл – зауыттың күнделікті көрінісі. Осы зауытта жұмыс жасап жүрген кейіпкеріміз де тыным таппайды. Бұл жерде еңбек еткен 12 жылда жұмыстың қыр-сырын әбден меңгерген еңбекқор жан бүгінде жастарға білгенін үйретіп жүр. Күш-қайраты мол, өз ісін жан-тәнімен сүйетін азамат қол астындағы жастарға әрдайым қамқор. Кәсіби бағыт-бағдар нұсқап, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп отырады.

— Бүгінде зауытта слесарь-өңдеуші болып жұмыс істеймін. Яғни бір сөзбен айтқанда, зауыттағы қондырғыларды, оның ішінде түрлі клапан деп аталатын тетіктерді тексеремін, — дейді өзі. Жұмысқа жанашырлықпен қарайтын мұнайшы қай ортада, қандай ұжымда жүрсе де, адал да абыройлы еңбегімен көзге түсіп, құрмет пен беделге бөленген. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген ата-баба даналығын жетік меңгерген кейіпкеріміз өзінің төрт баласы мен немерелерінің санасына да осы қағиданы сіңіріп өсіргенін айтады.

Мереке қарсаңында кейіпкерімізге айналған еңбек адамы Жұматыр Маханбет адал еңбек пен төккен тердің әрқашан қайыры болатынына сенетінін жеткізіп, барлық әріптестерін атаулы күнмен құттықтады.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

ДИНАСТИЯ АЛТЫНБАЕВЫХ — ПРИМЕР ПАТРИОТИЗМА

admin_mugalzhar

СИЛЬНЫЙ ДУХОМ

admin_mugalzhar

УВАЖАЙ СТАРОСТЬ, БЕРЕГИ БЛИЗКИХ!

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.