«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АСЫЛДЫҢ СЫНЫҒЫ – МҰҒАЛЖАРДА

Өткен апта аяғында ауданға асылдың сынығы — биология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Білім Беру ісінің Құрметті қызметкері Ажар Ахметова келді. Ол – есімі әлемге мәшһүр қазақ музыкасын зерттеуші, көрнекті ғалым, әйгілі композитор, дирижер, Қазақстанның халық әртісі, өнертану ғылымының докторы, профессор, академик Ахмет Жұбановтың қызы.

Алматыдан әдейілеп ата қонысы, әйгілі Жұбановтар шыққан Жаңатұрмыс ауылындағы ата-бабаларының зиратына тәу ету үшін келген Ажар Ахметқызын аудан әкімі Асқар Шериязданов бастаған топ Қандыағаш қаласындағы Ахмет Жұбанов атындағы саз мектебінің алдынан күтіп алып, құрмет көрсетті. Мектеп директоры Жанат Құлжанов домбыра, қобыз, баян, вокал, хор, фортепиано кластарын аралатып, саз мектебінде бүгінгі таңда 300-ден астам өнерпаз бала білім алып жатқанын жеткізді. Сонымен бірге ғалым мектеп ұжымымен және болашақ өнерпаздармен танысты, өнерлерін тамашалады.

Ажар Ахметқызы ұлы музыканттар — әкесі Ахмет Жұбанов пен туған апасы Ғазиза Жұбанова туралы тың мәліметтер айтып, шығармашылыққа толы отбасында өткен балалық шағының естеліктерімен бөлісті.

— Әкем Ахмет Жұбановтың туған өлкесіне келіп, оның атына берілген үлкен музыка мектебін аралап, өнерпаздардың өнеріне қарап, жүрегімді үлкен қуаныш билеп тұр. Мен шығармашылыққа толы, өнер десе, ішкен асын жерге қоятын үлкен отбасында дүниеге келдім. Күнде кешкілік қазақ өнерінің майталмандары үйге жиналып, шығармашылық кеңес құратын. Мен де бала кезімнен өнерге жақын болып өстім. Бірақ ғылымды таңдауым, музыканы жақсы көрмейді дегенді білдірмейді. Менің жүрегімде үнемі әдемі әуендер ойнап жүреді, — деді Ажар Ахметова.

Кездесу соңында саз мектебінің ұжымына ризашылығын білдіріп, болашақ өнерпаздарға шығармашылық табыс тіледі.

Н.КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

АУЫЛ ЖАСТАРЫ – ҮЗДІК!

admin_mugalzhar

Дәуренбек МӘМБЕТАЛИЕВ, Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті, дәстүрлі әнші: КӨПТІҢ АЛҒЫСЫН ЖЕТКІЗСЕМ ДЕЙМІН…

admin_mugalzhar

Екінші тоқсанда қанша қазақстандық оқушы мектепке барып, сабақ оқиды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.