«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АУЫЛЫМ — ЫСТЫҚ ҰЯМ!

Туған жер — адам өмірімен тікелей байланысты, адам баласының кіндік қаны тамған, жаныңа, жүрегіңе жақын, қимас сезімге бөлейтін алтын ұясы. Оның топырағы да, тауы мен тасы да ыстық болады. Әркімнің туған жері — Мысыр шаһары. Туған жер, туған ауыл, ауылдың таза ауасы әр адам үшін қымбат деп түсінемін.

Менің туған жерім Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Қожасай ауылы. Дәл осы жерде менің көңілді де, шаттықты балалық шағым өтіп жатыр. Менің ауылымның табиғаты өте сұлу! Ауылымның ауасы қандай керемет! Әсіресе, табиғатын айтсаңшы! Тамаша! Қасымызда сылдырап Жем өзені ағып жатыр. Жемнің арғы жағасы тал, терек, қайың ағаш тұнып тұр. Жаз айларында қалада тұратын туыстарымыз келіп, мәз-мейрам болып қаламыз. Мен өзімді туған жердің тұғырына қонар жас қыранымын деп ойлаймын. Міне, оқушылық өмірді артқа тастап, ересек өмірге қадам басқалы отырған өмірлік белесімдегі үлкен арман-мақсатым — ауылымның болашағына өз үлесімді қосып, туған жерге еңбек ету деп білемін.

Жазғы демалыс кезінде ауылдан сәл жырақ шықсаң, ауылыңды сағынып, ауылға қайтуға асығасың. Мұның бәрін жазып отырған себебім, әрбір адамға туған жері, ондағы орналасқан әрбір ғимарат, әрбір зат ыстық көрінеді.

Өзімнің туған ауылыма деген махаббатым ерекше, бұндай ерекше қасиет әрбір адамның бойынан табылатынына сенімдімін. Мен үшін туған жерімнің әр тасы, бір тамшы суы да қымбат. Оның самал желі, таза ауасы, жұпар иісі аңқыған даласы кез келген адамның жанын жаулап алады. Біздің қазақ халқы да туған жер қадірін жас ұрпақ бойына, санасына бала кезінен-ақ сіңіруге ұмтылатындығын туған жер жайлы мақал-мәтелдерден, аңыздар мен батырлар жырларынан көреміз. «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деп те ерекшелеп көрсетеді. Бұлардың бәрінен шығатын қорытынды әркімге туған жері, туған елі қымбат екендігі деп ойлаймын.

Әр ақын өз туған жерін жыр шумақтарына бөлейді. «Отансыз адам — ормансыз бұлбұл» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Себебі адам баласы туған жерсіз, отансыз ғұмыр кешпейді. Кіп-кішкентай бұлбұлдың өзі туған жерін іздейді, қайғырады. Сондықтан да туған жерімізді бағалауымыз керек.

Төмендегі жыр шумақтарымен шығармамды аяқтағым келіп отыр.

Қожасайда туып-өстім мен өзім,

Осыменен басталады өлең сөзім.

Мұнайы бар кең әлемге тараған,

Ауылымның байлығын көрді көзім.

Қожасайға осы әнімді қосамын,

Қашан үлкен болғанымды тосамын.

Ертең-ақ өсіп, ауылымның,

Дамуына үлесімді қосамын.

Гүлімай ЖАНГЕЛДИНА, Қожасай негізгі орта мектебінің 7 — сынып оқушысы.

Ұқсас ақпараттар

Қазтай ТЫНЫШТЫҚОВ: «ЕҢ АЛҒАШҚЫ ЖЕҢІС КҮНІ ЕСІМДЕ…»

admin_mugalzhar

МЕЙІРІМ ОРНАҒАН ОТБАСЫ

admin_mugalzhar

Қазақтың үш қыраны

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.