«Мұғалжар» районная общественно-политическая газета

АНАЛАР КЛУБЫ: ТӘРБИЕ МЕН БІЛІМГЕ ҚОСАР ҮЛЕСІ

Еліміздің болашағы — білімді әрі жасампаз ұрпақ. Ал оны тәрбиелеу — бірінші ата-анаға, содан соң мұғалімге артылған басты міндет. Осы мақсатта «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудан аумағындағы білім ордалары жанынан ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарға мән артатын аналар клубтары жасақталған. Оның құрамына мектеп оқушыларының аналары мен әжелері тартылған. Аталған клубтардың мақсаты да, бағыты да бір. Олар ұстаздармен бірлесе отырып отбасы ынтымақтастығын қалыптастырып, баланы жан-жақты дамытып, рухани дүниесін бай қылуды көздейді. Бүгінгі мақаламыз да ауданда құрылған аталмыш клубтардың баланың білімі мен тәрбиесі саласында атқаратын рөліне арналды. Әлқисса…

«Аналар клубы» жалпы патриотизмді, толеранттылықты және этносаралық келісімді, ұрпақтар сабақтастығын, ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды нығайту және сақтауға өзіндік үлесін қосып келеді. Бүгінгі таңда ауданда 37 білім ордасы жұмыс жасайды. Алайда аналар клубы олардың 10 шақтысында ғана бар. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында құрылған аналар клубы бүгінде бала тәрбиесіне аса мән беріп, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерді дәріптеу мақсатында жүйелі жұмыс жасап келеді. Аудандық білім бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, аудан мектептері арасында аналар клубын алғашқылардың бірі болып Жұрын ауылындағы Құдайберген Жұбанов атындағы орта мектебінің ұжымы құрған. «Мейірім» деп аталатын клубтың құрамында 20-дан астам ауыл аналары бар. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұржанат Сейтімова мектепте ата-аналар мен мұғалімдер арасында тығыз байланыс орнату үшін түрлі іс-шаралардың ұйымдастырылып тұратынын айтты. — Аналар клубын құрғандағы басты мақсатымыз — ата-анамен бірлесе отырып бала тәрбиесіне өз үлесімізді қосу. Клубтың құрамында ата-аналардан өзге мектепте жұмыс жасайтын мұғалімдер де бар. Төрайымы етіп айтары көп ауылдың ақ жаулықты анасы, зейнеткер Рабиға Ерғалиеваны сайладық. Олар өздерінің бекітілген жоспарларына сәйкес салт-дәстүрге, ұлттық құндылықтарға, қыз тәрбиесіне байланысты оқушылар арасында кездесулер өткізіп отырады, — деді Нұржанат Келісқызы.

Баланың дара қасиеттерін қалыптастыруда отбасының үлкен рөл атқаратынын айтқан №1 орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанна Қалдығожина мектеп жанынан құрылған «Тұмар» клубының басты мақсаты — балаларды таңдау жасау жағдайында өздігімен шешім қабылдауға дайындап, коммуникативтік және көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыратынын жеткізді. Сонымен бірге ұстаздар мен ата-аналар бірлесе отырып, зерттеушілік, танымдық, өздік әрекеттеріне қолдау көрсетіп, жетекшілік жасайтынын да тілге тиек етті. — «Тұмар» клубы құрылғалы топ мүшелері бірлесе отырып «Мейірімі мол жандар» атты қазыналы қарттармен кездесу ұйымдастырды. Салт-дәстүр мен әдет ғұрыпты насихаттау мақсатында «Алтын қазық» атты іс-шара өткізді. Сондай-ақ, күнтізбелік мерекелерді атаусыз қалдырмай, сынып сағаттарын, түрлі тақырыпта танымдық сағаттар, шеберлік кластарын, этнофестивалдар, челлендждер ұйымдастырды. Айталық, қазан айында ежелгі қазақ халқының ұмыт болған салт-дәстүрлерін қайта жаңғыртып, насихаттау мақсатында оқушылармен бірлесе отырып құрақ құрап, кесте тігіп, ұршық иірді, — деді Жанна Қалдығожина. Оның айтуынша, алдағы жоспар бойынша шаралар жалғасын табады. Ақпан айында клуб мүшелері сынып сағаттарын ұйымдастырып, бір күн мұғалім рөлін атқаратын шара өткізуді жоспарлап отыр.

Аналар мен әжелерден тұратын «Даналық дариясы» атты клуб 2021 жылы Қандыағаш қалалық №4 орта мектебінде де құрылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында жасақталған бұл клубтың құрамында 18 адам бар. Олар көпбалалы аналар, ардагер ұстаздар мен үлгілі отбасылардың аналары. «Даналық дариясы» аналар мен әжелер клубымен қатар мектепте «Инабат» қыздар клубы да жұмыс жасап келеді.

— Отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ұлттық құндылықтарды насихаттау, қыз балаларды еңбекқорлыққа, тазалыққа, ұлттық салтдәстүрді бойына сіңіру және мектебіміздегі аналарды белсенді түрде мектеп өміріне қатыстырып, байланысын нығайту — біздің басты мақсатымыз. Жоспарға сәйкес біз ай сайын «Даналық дариясы» аналар мен әжелер клубы және «Инабат» қыздар ұйымының арасында «Артық болмас білгенің», «Айналайын, абай бол!» , «Жас өренге айтарым бар, құлақ салса», «Көненің көзі» атты көптеген танымдық іс-шаралар, кездесулер, кеңес беру жұмыстарын өткізіп отырамыз, — деді мектеп директорының тәрбиесі жөніндегі орынбасары Гүлбану Байжанова. Сонымен бірге ол жоғары сыныпта оқитын қыздар арасында «Ерте жүктіліктің алдын алу», «Тазалық айнасы», «Сенім жәшігі» мен «Сенім телефоны», «Қыз балалардың жеке гигиенасы», «Жасөспірімдердің арасындағы қолсұғаалмаушылықтың алдыналу», «Ерте жүктіліктің әсері», «Зиянды әдеттердің алдын-алу», «Темекі шегуге түрткі болатын жағдайлар» тақырыптарында профилактикалық, салауатты өмір салтын қалыптастыру саласының мамандарымен бірлесе отырып, кеңес беру жұмыстарының тұрақты жүргізіліп отыратынын айтады.

Батпақкөл ауылдық округіне қарасты Саға ауылындағы Саға орта мектебінде 2021-2022 оқу жылында ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды жүзеге асыру мақсатында «Ұмай» аналар мектебі құрылған. Аналар мектебінің құрамында 11 ата-ана жүйелі жұмыс атқаруда. Аталған клубтың басты мақсаты — отбасылық құндылықтарды сақтап, аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру, ата-аналардың жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын ұйымдастыру.

— Аналар мектебінде қыз балалармен ұлттық тәрбие жөнінде әңгіме жүргізу, тамақ әзірлеу т.б. жұмыстар жүргізіледі. Оның ішінде, біздің ұлттық болмысымыздан ажырамас үшін, «он бес жастан құрбыңдай сыйлас» деген қағиданы ұстана отырып, сырласып кеңес береміз. Қазақтың ұлттық тағамын қалай пісіру керектігінде шеберлік сыныбын өткізіп көрсетеміз, — деп жеткізді клуб жұмысы жөнінде Сәндігүл Әбілхайырова.

Ал Қандыағаш қалалық №2 орта мектебіндегі аналар клубы «Ұлағат» деп аталады. Алты адамнан құралған клуб мүшелері ұрпақ тәрбиесi, жасөспiрiмдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық сынды өзектi мәселелер төңiрегiнде iс-шаралар ұйымдастырып, бірқатар ауқымды бастамаларды қолға алған. Жастардың патриот болып өсуіне, қоғам тірлігі үшін материалдық өндіріс саласында еңбек етуге даяр болуын, еңбек ету қажеттілігін ажырата білуге, музыкаға, өнерге, әдебиетке ынтасын үнемі жетілдіруге жұмыс жасайды.

— Біз отбасы құндылығына қатысты іс-шараларға жіті назар аударып келеміз. Клуб мүшелігіндегі аналарымыз елімізде болып жатқан барлық жағымды жаңалықтарға, қоғамдағы өміршең өзгерістерге, идеялық-саяси, әлеуметтік-мәдени жұмыстарға, мемлекетіміздің бүкіл тыныс-тіршілігіне белсене араласып отырғандығы көңіл қуантады. Бұл жағдайларды Аналар кеңесінің мүмкіндіктерімен үйлестіру — табысты тәрбиенің тағы бір негізі. Бала тәрбиесін отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру мақсатында жүзеге асыру екі жаққа да тиімді тәсіл болып табылары сөзсіз. Өйткені біз болашақ отбасын бала күнінен тәрбиелеуіміз керек. Қыз бала тәрбиесі — ұрпақ тәрбиесі, қоғам тәрбиесі екендігін жұрт жете түсінеді. Қыз бала тәрбиесіне орай кеңес аясында атқарылып жатқан жұмыстар да жеткілікті, — деді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айжан Мұқанова.

Мектеп ұжымының ата-аналармен ынтымақтастығы оқушылармен жүргізілетін тәрбие жұмысының табысты болуының басты кепілі болып табылады. Осы кепіл үдесінен шығып жүрген Ақкемер ауылдық округіне қарасты Елек негізгі орта мектебінің ұжымы мектеп жанынан «Ізгі аналар» клубын жасақтаған. Ұрпақ тәрбиесі, оның ішінде қыздар тәрбиесімен айналысатын аталған клуб аналары үш бағытта жұмыс жасайды. Ол туралы Елек негізгі орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Дания Досмұханова айтты. — Аналар мектебі «Біздің дәм» деп аталатын бағыты бойынша қыздарға түрлі ұмыт болған ұлттық тағамдарды дайындау тәсілдерін үйретеді. Ал «Шеберлікте шек жоқ» бағытында қыздар қолөнер түрлерін жасап, ісмерліктің қыр-сырымен танысады. «Қыз балаларға кеңесте» түрлі тәрбиелік, танымдық, ар-оджанға қатысты ақыл-кеңестер беріледі, — деді ол.

Бүгінде отбасылық құндылықтарды дәріптеу мақсатында құрылған клубтардың жұмысы бір жүйеге қойылған. Мақала жазу барысында қазіргі күні кейбір мектептерде «Әкелер клубтары» да ашылып жатқаны белгілі болды. Ниет дұрыс, мақсат жүйелі, жоспар ауқымды. Енді, жұмыс та нәтижелі болса болғаны…

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Связанные посты

Обсуждены вопросы развития медиации и деятельности Совета биев

admin_mugalzhar

Итоги 2022 года: На дорогах района погибло 12 человек

admin_mugalzhar

С 4 ноября избиратели смогут проверить данные о себе на своем участке – председатель ЦИК РК

admin_mugalzhar

Оставить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.