«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Тағылымды, тарихи 30 жыл

Өткен аптада Ембі қалалық №3 орта мектебі 30 жылдық мерейтойын тойлады. Оған Мұғалжар аудандық мәслихаты мен білім бөлімінің өкілдері, қала әкімі Ғалым Қобыландин және мектептің ардагер ұстаздары, алғаш ұстаздық жолын осы мектепте бастап, қазіргі уақытта әр тарапта қызмет етіп жүрген ұстаздар қауымы, мектеп түлектері қатысты.

Биылғы жыл мектеп тарихында айтулы жыл болып қалмақ. Олай деуге бір себеп — жыл санап деңгей сатысында есейіп келе жатқан білім ордасының, ондағы  ұстаздар  еңбегінің айшықталар орайлы кезеңіне жетіп отырғандығы. Оқу жылы басталғалы бері, бұл мектептің қабырғасында мерейтойға арналып 30 түрлі әр тарапты жұмылдырған спорт, өнер, біліммен байланысты іс-шаралар ұйымдастырылды. Оның ішінде мектеп мұғалімдері А.Длимова, А.Саркулова, Ж.Кенешованың ұйымдастыруымен оқушыларды мамандық таңдауға бейімдеу мақсатында түлектермен кездесу өтті. Сондай-ақ, әлеуметтік педогог С.Шегированың қолға алуымен өткен қайырымдылық шарада 54 оқушыға ата-аналар демеушілігімен көмек көрсетілді. Тәлімді тәрбиенің, парасат-пайымның, білім мен біліктіліктің нәтижесінде өткен әр жиын көптің көңілін баурап, бүтін бір ұрпаққа үлгі болғандай-ақ.

Аталмыш мерейтой қарсаңында мектеп іші тарих, физика және орыс тілі мен әдебиеті пәні кабинеттерімен толықты. Мәселен, 1987-1994 жылдары мектепке алғаш басшылық еткен Оразалин Нұртуған Мендалыұлының есімі тарих кабинетіне, 1994-2012 жылдары мектеп тізгінін ұстаған Орынбаев Бексұлтан Өмірзақұлының есімі физика кабинетіне, оқу-ағарту ісінің үздігі Аманжолов Балғали Оразалыұлының есімі орыс тілі мен әдебиеті пәнінің кабинетіне берілді. Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеу жолына сарп еткен еңбек ерлерінің есімдері осылайша ұлықталды.

Мектеп директоры Ерлан Шолтаевтың айтуынша, бұл киелі ошақтың  іргетасы 1987 жылы қалалық «Қазақстан» мөлтек ауданында  9 жылдық білім беру жүйесі негізінде қаланып, 1997 жылы орта мектеп статусын иемденген. Талай сында көш бастаған мерейі үстем бұл мектеп 1998 жылы Ш.Уәлиханов көшесінде орналасқан 140 бүлдіршінге арналған балабақша ғимаратына көшірілді.

«Білімнің мерейлі мекені» атты салтанатты жиында отызды еңсерген алтын ұя мектептің осы кезге дейін жеткен әр жетістігі дәріптелді. Мектеп ұстаздарының қажырлы еңбегімен зерек шәкірттердің де бір төбе белді белестері насихатталды. Бүгінде білім айдынындағы мәуелі мекенде 59  ұстаз 577 шәкіртті тәрбиелеп, сапалы білімімен сусындатып келеді.

Мектептің мерейтойына арналған ауқымды шарада аудан әкімдігі тарапынан музыкалық аппарат сыйға берілді. Сонымен қатар, қатысушы өзге қонақтар сый-сияпат тарту етті. Мерейтойға шақырылғандар мектепке арнап жылы лебіздерін айтты.

Алтын СҮЛЕЙМЕН

Ұқсас ақпараттар

СПОРТ — ОТАНШЫЛДЫҚ ДӘНЕКЕРІ

admin_mugalzhar

Исцеляющая сила в руках

admin_mugalzhar

БАУЫРЖАН — ӘЛЕМДІК АРЕНАДАҒЫ ТӨРЕШІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.