Балалардың қандай жазығы бар?

3287 0

Жаңа оқу жылы басталғаннан бері Мұғалжарда 7 оқушы қыз бала мектепке бармай отыр. Себеп, орамалдың жайы. Білім саласына жауапты тұлғалар Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сүйеніп, олардан мектеп формасын сақтауды талап етсе, ата-аналары ол талапқа қайшы пікірде. Салдарынан, балалар білім ала алмай, қатарынан қалыс қалуда.

Жалпы білім беру мекемелерде «орамал дауы» өткен оқу жылының аяғында басталды. ҚР Білім және ғылым министрлігінің №26-шы «Орта білім беру ұйымдарында мектеп формасына  қойылатын талаптар» бұйрығына бағындырамыз деп ұстаздар қауымы мектепке орамал тағып келгендердің ата-аналарымен әлі алысып келеді.

Аудандық білім бөлімінің мәліметіне сүйенсек, былтырғы жылы аудан бойынша 56 оқушы қыз бала мектепке орамал тағып келген. Министрлік бекіткен бұйрыққа сәйкес, ұстаздар ата-аналармен ортақ мәмілеге келіп, олардың көбі мектептің ішкі тәртібін орындап отыр.  Тек 7 қыз баланың ата-анасы әлі де болса, «сабаққа орамал тағып келуге болмайды» деген мектептің талап ережесіне қарсы көрінеді.  Қазіргі таңда, өз қатарынан қалып білім ала алмай үйде отырған жеті оқушының 6-уы Қандыағаш қалалық №5 орта мектебінің, 1-уі Ембі қалалық №3 орта мектебінің оқушылары. Мектеп мұғалімдері аталған 7 оқушының ата-аналарына түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, бұл мәселе аудан әкімі жанындағы кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау комиссиясының отырысында қаралса да, еш нәтиже бермей отырғандығын айтады.

-Баланың оқу үлгерімі жақсы. Өкінішке орай, мектеп формасын сақтамай отырғандығы және ата-аналарының «баланың өзі орамалын шешкісі келмейді» деген пікірі балаларының білім алуына кедергі болып тұр, — дейді Ембі қалалық №3 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлжан Әленова.

Бүгінгі таңда, мектепке келмей отырған 7 оқушы қызбаланың барлығы бастауыш кластың оқушылары.

-Ата-аналарымен кездесіп, тіпті арнайы ауданға теологтар шақыртып, мекен-жайлары бойынша аралап жұмыстар жүргіздік. Алайда, түсінгісі келмейді. Кейбіреулер үйлеріне барғанда есіктерін ашпайды. Бұл мәселе жалпы діни сауатсыздықтан туындап отыр, — дейді аудандық жастар арасында дін мәселелері және қоғаммен байланыс орталығының басшысы Мырзамұрат Оразалин.

Білім саласы мамандарының айтуынша, мектеп формасы туралы ереже талабын бұзған оқушыға мектеп табалдырығын аттауға рұқсат жоқ. Ал егер ата-ана бекітілген ережеге қарсы болып, баласының білім алуына мүмкіндік жасамаса 10 айлық есептік көрсеткіш бойынша айыппұл салынады. Қайталанған жағдайда айыппұл көлемі екі еселене түседі. Дегенмен, ұстаздар бұған қынжылып отырған ата-ана жоқ дейді.

Біз мектепке бармай отырған Қандыағаш қалалық №5 орта мектебінің 6 оқушысының бірінің ата-анасымен тілдесіп көрдік.

-Отбасымызда тәрбие беріп отырған қыз балаларымыздың басындағы орамалын шештіруі дінге тікелей тиісіп отыр деген сөз. Мұғалімдер негізі киіммен арпалыспай, балаға білім беруі керек қой. Бұл жерде заңмен емес, министрдің бұйрығымен ғана осындай талап қойылып отыр. Шықпаған заңға біздерді бағындырғысы келеді. Менің қызым үш жастан бастап орамал тағып келеді. Тіпті үйде жүргенде де шешпейді. Өткен жылы шештіріп, сабаққа жібердік. Бірақ жылап, көнбей шешуімізге қарсы болды. Тікелей Аллаһтың бұйрығы болғандықтан басындағы орамалын шешуге менің де құқығым жоқ. Баланы күштеп жібермей отырғанымыз жоқ. Қызым өз еркімен шешем, мектепке барам десе қарсы емеспін. Қазір қыздарым үйде отыр. Онлайн жүйесімен оқытқымыз келді, бірақ оған да рұқсат бермейді. Басқа мүмкіндіктер қарап отырмыз. Жалпы айтқанда біздің құқығымызды таптап отыр. Осыған байланысты құзыретті органдарға барып көрдік. Нәтиже болмады. Заң органдарының өкілдері де ережеге бағыну керектігін айтады, — дейді Қандыағаш қаласының тұрғыны Әсел Құрманғалиева.

Заңгер Әлия Қазиеваның айтуынша, ереже заңға байланысты шығады. Мектеп мемлекеттік орган болғандықтан оның өзіндік ережесі болады.

-Ал ол ережені тікелей Білім және ғылым министрлігі шығарып бекітеді. Сондықтан мектептің талабын орындауға оқушы, орындатуға ата-ана міндетті. Себебі, сабақ уақытында әрбір балаға мектеп ұжымы жауапты болады. Одан тыс уақытта ата-ананың өзі жауап береді. Енді сабақ уақытында бала мектептің жауапкершілігіне берілді ме, ендеше бала оның ішіндегі тәртіпке бағынуға тиіс. Мектептің ережесіне баланы қарсы қойып, бағынуына кедергі келтіру дұрыс тәрбие емес. Балаға дұрыс тәрбие бермеу қылмыстық жауапкершілікке жатады, — дейді заңгер.

Айта кетейік, осы орамал дауына қатысты Ақтөбе облысында ата-аналардың шағымымен бірқатар мектептің директорлары сотқа берілді. Сот шешімінде ата-аналардың мектептің бұйрығын орындауы міндетті екендігі көрсетілді.

P.S. Күрмеулі жіптей түйінді мәселенің әлі де болса шешілетін түрі жоқ. Өкініштісі, оңы мен солын тани алмай жүрген бейкүнә балалар ғана зардап шегіп жатыр. Ал олардың қандай жазығы бар?

Әнуар ЕСҚАРА

Оқи отырыңыз

Алда межелі міндет көп

19.01.2018 0
Кеше Мұғалжар ауданында Елбасы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын халыққа түсіндіру мақсатында Ақтөбе облыстық ақпараттық-насихат…

Рухани жаңғыру: болашақтың жарқын бағыты

29.09.2017 0
«Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облыстық филиалында облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғырту» бағдарламасын жүзеге асырудағы өзекті мәселелер бойынша республикалық…

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *