Ақтөбе жаңалықтары Басты ақпарат Мұғалжар жаңалықтары

Мұғалжар ауданы бойынша еріктілер қатарына 280 жас қосылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялады. Ерікті – аты айтып тұрғандай, қоғам мен адамға өз еркімен тегін көмек көрсететін жан. Бүгінде елімізде бұл бағыт кеңінен насихатталып, адамның тұлғалық қалыптасуындағы рөлі ерекше еріктілікті дамытуды мақсат еткен жұмыстар жүйелі жүргізілуде.

Әр жұмыстың, үгіт-насихаттың ар жағында әрбір жас еріктілік туралы естісе, елең ете қалса деген мақсат бар. Себебі, еңбегіне ақы сұрамай, өз еркімен көмек қолын соза білу – жүректің кеңдігіне, адами қасиеттің биіктігіне, альтруизммен ұштасқан мейірімге толы. Бүгінде еріктілікпен айналысамын деген жан жеке немесе ұйымдар қатарына қосылып, қолдан келген көмегін көрсете алады. Бұрын ата-әженің үйіне барып, қол көмегін берумен ғана шектелетін еріктілік бүгінде мемлекеттік қолдау аясында барлық саланы қамтуға мүмкіншілік алды.

Мұғалжар ауданы бойынша қазір еріктілер қатарына 280 жас өз еріктерімен қосылды. Олардың арасында мектеп оқушылары, колледж студенттері, мемлекеттік қызметкерлер, басқа да сала қызметкерлері бар.

Жыл басынан бері Жастар ресурстық орталығы тарапынан жүргізілген үгіт-насихат жұмыстары өз нәтижесін беріп, еріктіліктің сабақтастылығы, саулық, асыл мұра, қамқор, білім, таза қала, үміт секілді 7 бағыты бойынша жұмыстар қолға алынды. Оның ішінде орталықтың ұйымдастыруымен «Қоғам — сенің отбасың» қайырымдылық жобасы бастау алып, ауданға қарасты қалалар мен ауылдық округтерде жүзеге асатын болады. Жобаның басты мақсаты — аудан еріктілері тарапынан көмекке мұқтаж жандарға, жалғызбасты қарияларға үй тұрмысында, қысқы уақытта қар аршу, жалпы қандай да көмек көрсету болып табылады. Осы жұмыстар аясында еріктілікке бел шеше кіріскен мұғалжарлық жастар қоғамдық орындарды, орталық саябақтарды қардан тазалады. Қандыағаштық Гүлшат Сағымбаева, Мұрат Илюбаев, Ембі қаласының тұрғындары Хамила Шавдырбаева, Борис Береговой мен Галина Береговаяның аулаларындағы қарды аршып, тазалық жұмыстарын тұрақты жүргізіп жүр. Өткен аптада жастар «Жастық» мөлтек ауданында тұратын жалғызбасты қарттар Асия Кабленова, Жанкулиса Айтпагамбетова, Райхан Сарсенбаеваның жағдайларын білу мақсатында азық-түлік апарып, үйлеріне тазалық жұмыстарын жүргізді. «Жас Отан» Жастар қанаты және «Демеу» еріктілерінің топ мүшелері жақында үйлі болған жас тұрғындарға жаңа үйге көшуге көмектерін берді.

Еріктілер көше қарын тазалап жүрген ақылы қоғамдық жұмысшыларды да назардан тыс қалдырмады. Сабақтастық бағытында құрылған еріктілер тобы өткен аптада Қандыағаш қаласының көшесінде қар тазалап жүрген ақылы қоғамдық жұмысшыларға әрқайсысы өздері дайындап әкелген ыстық шай мен бәліштерін таратты. Қыстың қытымыр аязының өтінде қолына күрек ұстаған жандарға жылу сыйлаған ерікті жастар игі іске мұрындық болып, алғысқа бөленді.

P.S. Ерікті болу – ерлікпен тең деп жүр қазір. Адам бойындағы жақсы қасиеттерді дамытуға жасалған қадам деген де дұрыс. Бұл бағытта адамның жасы, жынысы, білімі немесе қаржылық жағдайы маңызды емес. Ең бастысы – ниет және қолдан келетін іспен көмектесу.

Б.КАРИМАН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *