ПРАЙМЕРИЗ-2020

Бүгін Nur Otan партиясы облыстық филиалының кезектен тыс XXX конференциясы өтті. Оған облыс әкімі, Nur Otan партиясы облыстық филиалының төрағасы Оңдасын Оразалин қатысты.

Конференцияда облыстық филиал төрағасы Оңдасын Оразалин дауыс беру онлайн түрде өтетінін, делегаттар арнайы жасақталған кабиналарда жеке-жеке өз дауысын бере алатынын жеткізді.

Бұдан кейін шарада ҚР Парламенті Мәжілісіне үміткерлер арасында пікірсайыс өтті. Онда үміткерлер өз сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, бірқатар мәселелерді шешу жолдарын ұсынды. Сондай-ақ бір-біріне сұрақтар қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Пікірсайыс қорытындысы бойынша 15 үміткерге «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы 109 делегат дауыс берді. Нәтижесінде көп ұпай жинаған төрт адам облыстың өкілдік квотасына сәйкес Мәжілістегі партиялық тізімге үміткер ретінде тіркелді.

Атап айтсақ, 4 үміткердің ішінде облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Рахат Сыдықов ең көп дауыс жинады. Екінші орынды 96 дауыспен облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин иеленді. Сонымен қатар аталған тізімде «DARU Medical Group» ЖШС бас директоры Ғалымжан Елеуов пен «Jas Otan» жастар қанаты облыстық филиалы төрағасы Асылжан Бүркіталин бар.

— Бүгінгі праймериз — бұл біздің ортақ жеңісіміз. Себебі басты мақсат — елге, халыққа қызмет ету, мемлекетімізді дамыту, көркейту. Пікірсайыс барысында түрлі мәселелер көтерілді, оның шешу жолдары да айтылды. Нәтижесінде «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар»  үздіктер анықталды, — деді облыс әкімі, облыстық филиал төрағасы Оңдасын Оразалин.

Конференияда сондай-ақ облыстық мәслихатқа 50 адамнан тұратын партиялық тізім бекітілді. Оның ішінде әйелдердің үлесі 9 пайыздан 30 пайызға дейін, ал 35 жасқа дейінгі жастар 20 пайызға артып отыр. Қазіргі мәслихаттың құрамымен салыстырғанда олардың орташа жасы 6 жасқа, яғни 52-ден 46 жасқа дейін жасарған.

Жалпы бұл тізімдегілердің 41 пайызы — шағын және орта бизнес өкілдері. Ал білім беру саласының үлесі — 13 пайыз, квазимемлекеттік сектор үлесі — 8 пайыз.

Конференция соңында партияның кезектен тыс XX съезіне делегаттар сайланды.

Айта кету керек, облыс бойынша праймериздің бірінші кезеңіне 460 үміткер қатысты.  Оның 36,7 пайызы  – әйелдер, 28 пайызы – 35 жасқа дейінгі жастар. Кандидаттардың 50,4 пайызы бастауыш партия ұйымдарынан ұсынылса, ал 49,6 пайызы – өзін-өзі ұсынушылар. Дауыс беруге 28,6 мыңнан астам партия мүшесі қатысты.

Данагүл ҚАЗИХАН, «Ақтөбе» газеті.

от admin001

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *