СОҒЫЛДЫ АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ

0
229

БҮГІН ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАСЫНДАҒЫ БІЛІМ ОРДАЛАРЫНДА 1-СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫ ҮШІН АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ СОҒЫЛДЫ. ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША 740 БІЛДІРШІН МЕКТЕП ТАБАЛДЫРЫҒЫН АТТАП, ҚОЛДАРЫНА СУ ЖАҢА “ӘЛІППЕ” ОҚУЛЫҒЫ ТАБЫСТАЛДЫ.
740 қандыағаштық бүлдіршін мектепке барды
Қандыағаш қалалық №5 орта мектебінде өткен салтанатты шараға аудан әкімі Асқар Шериязданов қатысып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап, бүлдіршіндерге “Әліппе” оқулығын табыстады. Аталған мектепте биылғы оқу жылында 1115 оқушы оқиды. Ал бірінші сыныпқа 130 бала қабылданған. Оларға 14 мұғалім сабақ береді. Тәуелсіздік құрдасы, 30 жылдық тарихы бар білім ордасы – Қандыағаш қалалық №4 орта мектебінде өткен салтанатты шараға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерік Бұхарбаев, аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Зинадин Күнбасов, Бiлiм беру саласының үздiгi, “Ұлағатты ұстаз” төсбелгiсінің иегері, ардагер ұстаз Гүлайым Кариева және мектеп түлектері қатысты. Жиын барысында сөз алған мектеп директоры Гүлмира Мусина бүгінгі таңда мектепте 1481 оқушы оқитынын, 1-сыныпқа 134 бүлдіршін қабылданғанын, оқушыларға жалпы саны 118 педагог білім беретінін атап өтті. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерік Бұхарбаев өткен оқу жылында сапалы білім беру жолында елеулі еңбек еткен мектеп мұғалімдерін облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырханның Құрмет громатасымен марапаттады. Мектеп түлегі, жеке кәсіпкер Азамат Ертаев түлектер атынан демеушілік сертификатын табыстады. Жиын соңында 1-сыныпоқушыларына “Әліппе” салтанатты түрде тапсырылды.

Қандыағаш қалалық №1 орта мектебінде өткен білім мерекесіне Қандыағаш қаласы әкімінің орынбасары Қанат Мусин қатысып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтады. Аталған мектепте биылғы оқужылында 904 оқушыға 88 мұғалім сабақ береді. Қандыағаш қалалық №3 мектеп-гимназиясында өткен мерекелік шарада 197 бүлдіршін үшін Алғашқы қоңырау соғылып, “Әліппе” және “Букварь” салтанатты түрде табысталды. Білім күніне арналған салтанатты жиынға аудандық білім бөлімі кәсіподақ ұйымының басшысы Е.Шымқаев қатысып, ұстаздар мен оқушыларды мерекелерімен құттықтап, жаңа оқу жылына сәттілік тіледі.

Қандыағаш қалалық №2 орта мектебінде өткен салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Ғ.Қобландин құттықтау сөз сөйлеп, мектеп табалдырығын аттаған 178 бүлдіршінге сәттілік тіледі. Ұлағатты ұстаздар қауымы Алғыс хаттармен марапатталды.

Н.КЕСІКҚҰЛ