«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

30 ЖЫЛ ӘРІПТІ ҚОЛМЕН ТЕРГЕН ЖАН

Ғасыр тоғысында аумалы-төкпелі кезеңдерді бастан кешірсе де, жаңалықтың жаршысы болуын тоқтатпаған аудандық газет дәуір талабына сай араб, латын қаріптерінде, кейін кириллицада жарық көргендіктен, газеттің әріп теруші мамандарының еңбегі ерекше екенін атап өткен жөн. Сондай маманның бірі, әрбір әріпті қолмен терудің шебері болған Бойжеткен Ахметоваға арнайы барып, апаның әдемі әңгімесін тыңдап, өткен жылдарға бірге сапар шегіп қайттық.

Бойжеткен Бисенғалиқызы 1933 жылы Темір ауданында дүниеге келген. Туып-өскен жерде 9-класқа дейін оқып, кейін Ақтөбе қаласындағы Мәдени-ағарту училищесіне оқуға түседі. Оқу бітірген жылы Бойжеткен апаның Ақмола облысына жұмысқа шақырту жолдамасы келеді. Жалынды жастықтың екпінімен асқақ арманның жетегіне еріп кеткісі келгенімен, ата-анасының қимастық сезімін жанарынан сезген жас қыз бұл шешімінен бас тартып, 1957 жылы ұжымы өзінің екінші отбасына айналған баспаханаға жұмысқа орналасады. — Жұмысқа келген күні баспа машинасын көрдім, өте үлкен екен. Елдегі қиыншылық, аумалы-төкпелі кезеңде, қандай жұмыс болса да істеуге дайын тұғынбыз. Содан маған алпауыт машинаның темір дөңгелегін айналдырасың деді. Өзім талдырмаш келген қыз едім, қолымда да әл жоқ. Сол жұмыста жарты жылдан астам уақыт жүргеннен кейін, редакторымыз Нұрғали Тастанбаев бұл жұмыстан қиналып жүргенімді көргеннен болар, мені газет бөліміне шығарды. Әрі қарай жақсы жұмыс жасап кеттім. «Ешқашан да үлкен қиыншылықтарсыз үлкен істер болмайды» дегенге толықтай келісемін. Уақыт өте келе жұмыста жемісті бола бастадым. Темірде депутат болып сайланып, орынбасарлық тәрізді беделді жұмыстар да атқардым. Жұмысым еленіп, кейін түрлі марапаттар мен медальдарға ие болдым. Құдай қосқан жарым — Ахметов Көбеген деген азамат. Ол кісі де менің уақытпен санаспай жүріп жасаған жұмысыма қабақ шытқан емес. Табысы төмен, жұмыс уақыты шектеусіз қызметте жүргенде де маған үлкен демеу бола білді. Себебі газетті басу көп уақыт алатын. Келесі санды жариялауға уақыт тығыз болғандықтан, жұмыстан кейінгі уақыттарда қалып, таңға дейін жүрген кездеріміз көп болды. Кейде біз жұмыстан шыққан уақытта тұрғындар малын шығарып, қойын айдап, өріске жіберіп жататын. Үйімізге келіп 1-2 сағат мызғып алып, қайтадан жұмысқа оралатынбыз. Сондай кезеңдер өтті бастан, — деп біздерге ертегідей естілетін естелікке толы әңгімесін бастады. Жеткен әрбір жетістіктерін мұрадай сақтап, көзінің қарашығындай көретін Бойжеткен апа сенімді түрде барлық марапаттарын мұражайға тапсырған. Әркімнің қолында, не сандықта сарғайып жатқаннан, арнайы орынды жөн көрген екен. — Жұмыс барысында түрлі қызықтар да болып тұрады, әрине. Көп адамды жұмысқа үйреттім, оны әрі қарай алып кететіні де бар, жалқаулық танытып кетіп қалатындары да болды. Жұмыс іздеп келген жастарды үйретуде қиындықтар кездеседі. Себебі, бізде ішінде өңкей әріп, үтір, нүкте, барлық тыныс белгілерін қосқанда 99 сандық ағаш ұя болатын. Әрбір әріпті қолмен іздеп табуға көп уақыт кетеді. Әріптерді 10 жолдық темір рамкаға төгіп алмай ақырын апарып салу керек. Бірде, бір газетті шығару үстінде, соңғы бетке дейін дайындап қойдық. Енді жұмыс аяқталды-ау деп, редактор қол қоя бергенде, әлгі бір үйреніп жүрген жас жұмысшы байқаусызда басылуға дайын тұрған бетке сияны төгіп алмасы бар ма! Ол сия төгілгесін, барлық жұмыс зая кетті деген сөз. Содан бәріміз жабылып жүріп, оны жинап, қайта жасағынымыз бар. Айтайын дегенім, бұл — шыдамдылықты шыңдап, төзімділікті төбеге қойып, сабырлықты сыңар тұтатын жұмыс дер едім. Өйткені, сол оқиға кезінде іштегі жас маман бір айқай болады деп, зәресі қалмағанын, бірақ менің сабырлық танытқаныма тәнті болғанын айтып таң қалған. Жұмыс бабында неше түрлі жағдай болады. Тіпті, кейде ренжісіп қалсақ та, оған қарамай татуласып кетеміз. Редакция мен баспахана — егіз ұғым. Өмір бойы баспаханада әріпті қолмен құю мәшинесінде жұмыс жасасам да, газет редакциясынан да іргеміз ажыраған емес. Редакция мақала берсе, біз соны орындаушы. Жұмыс барысында қол қара май болады. Үнемі қорғасынмен жұмыс қолқаға да әсер етеді. Сол себепті денсаулыққа зиян болғандықтан, іште бізге сүт беретін. Десе де мен бұл жұмысты басқа жұмысқа айырбастамадым. Терімшілікпен еңбек жолымды бастадым, өндім, өмір көрдім. Бұл жұмыс мені өшірмеді — өсірді. Сол үшін ризамын. Осы жерден 1987 жылы зейнетке шықтым, орнымда адам болмаған соң, әрі қарай біраз уақыт жұмысымды жалғастыруға тура келді. Жолдасымнан айырылғаныма тура 27 жыл болды. Қыздарыммен бірге тұрайын десем, «шаңырағыңның шамын өшірмеймін» деп, жолдасыма уәде берген болатынмын. Сол себептен қазір де осы үйде тұрып жатқан жайым бар», — деп сырын шертті Бойжеткен апа. Әріптес апаның үйіндегі сөреге жиналған жазу машинкалары мен қаламсаптары, өткеннен сыр шерткен сарғайған суреттер жеке құжаттары, алғыс хаттары мен грамоталары сияқты жәдігерлер газет тарихынан тамыр тартатыны анық. Әңгімесінің соңында газеттің ардагерлері мен бүгінгі ұжымын мерейтоларымен құттықтаған Бойжеткен Бисенғалиқызы «уақыттың талабынан қалмай, әрқашан биіктен көрініңіздер» деген тілектестігін білдірді.

Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

184 мектеп қашықтан білім беріп жатыр

admin_mugalzhar

Қазақстанда күзгі әскерге шақыру науқаны басталды

admin_mugalzhar

Қазақстанда алдағы 3 тәулікте күн күркіреп, шаңды дауыл болады

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.