АЛҒЫС ЖАУҒАН КҮН…

0
813

 

Елімізде 1 наурыз – “Алғыс айту күні” болып 2016 жылдан бастап атап өтіледі. Алайда, қазақ халқы ертеден кез келген игі іске, жақсы нәрсеге алғыс айтуды әдетке айналдырған дана халық. Алғыс айту арқылы адамдар бір-біріне қуаныш сыйлайды. Кезкелген мұңайып тұрған адам бұл сөзді ести сала, көңілі жібиді, жадырап шыға келеді. Осындай мерейлі күні мұғалжарлық тұрғындар өздеріне жақын, жақсылық көрген адамдарына алғыстарын жаудырды…

Жұлдыз Айымбетова, қала тұрғыны

– Қызылды жасылды мына дүниеде ең бірінші байлық денсаулық екені даусыз. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса болды, осы бір денсаулық сақшыларының көмегіне мұқтаж болып, жанымызға сая іздеп жатамыз. Соның ішінде, қаншама сәбидің жарық дүние есігін ашуына себепші болып, аналардың аман-есен жанының қалуы үшін аянып қалмайтын аудандық аурухананың перзентхана бөлімінің дәрігерлері мен қызметкерлеріне алғысым шексіз. Ауруханаға түскенімде жылы шыраймен қарсы алып, барлық жағдайымды жасап, толғақ ауырлығын жеңілдету кезінде рухани көмек көрсете білді. Дер кезінде кесір тілігін жасап, періштемнің аман-есен өмірге келуіне, операциядан кейін де аяғыма тұрып кетуіме көмектерін тигізді. 1 наурыз – Алғыс айту күні перзентхана бөлімінің меңгерушісі Жібек Асановаға, дәрігерлер Нұрбол Жұмағалиевке, Дина Сағыноваға, Сандуғаш Нұрдиллаға, акушерлер Ақкүміс Сүйеуоваға, Гүлжаным Аблесоваға, Мейрамгүл Алдашеваға, Салтанат Жаманбаеваға, сонымен қатар барлық қызметкерлерге перзентханада дүниеге келген балалардың аналары атынан ризашылығымызды білдіреміз!