«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

«Ілім – жауһар, бағасы жоқ, надандық – дерт, дауасы жоқ»

Қарбалас тірліктің көшінде жүріп адамзат баласы өзіне жүктелген негізгі міндетті ұмытып кетіп жатады. Күнделікті күйбең тірліктен әрі аса алмай, өзгеге келтірген пайдасы аз, тек қара бастың қамын күйттеп кеткен жандар қоғамда жоқ емес. Алайда, адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адамдардың ең жақсысы – өзгелерге пайдалысы»,[1] – деген. Осы тұрғыдан шариғатты ту қылып ұстаған, Құранды өмірлік конституциясы еткен кісінің күні қалай өтуі керек?

Ғұламалардың «Бір күні екінші күніне ұқсаған мұсылман ұтылуда» деуі тегін емес. Осы тұрғыда біз өзімізді жетілдіру жолында қандай қайрат жұмсап жатырмыз?! Дінді білімсіз ұстану жалаң қолмен ұстара ұстағанмен бірдей. «Екінші Омар» аталып кеткен, тарихта аты алтын әріппен қалған Омар ибн Абдулазиз (р.а.): «Аллаға білімсіз құлшылық қылудың пайдасынан көрі зияны көп», — деп білімсіз жанның құлшылықтан алар сауабының аз екенін меңзеген.

Білімсіздікті алға тартып, адамдар ғайбаттан тосылуы тиіс емес, ойымызды хадиспен өрбітсек: «Ілім алу әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз». Бұдан 14 ғасыр бұрын қасиетті кітапта жазылған дүниелерді ғылым бүгін мойындап жатыр. Құрандағы сол ақиқатты айдай әлемге жар салып, жаңалық етіп жатқан Исламның иісі мұрнына да бармаған мұсылман емес тұлғалар екенін білесіз бе?!

1929 жылы америкалық астроном Эдвин П.Хаббл ғарыштағы ақ дақтардың біздің галактикамыздан алыстағанын байқаған. Осы шындыққа сәйкес аспанның үнемі кеңею үстінде екені дәлелденді. Ал бұл Құранда: «Аспанды күш-құдіретімізбен жасадық және біз оны кеңейтушіміз»,[2] — деп бұдан ширек ғасыр алдын айтылғанын бірі білсе, бірі біле бермейді.

Атақты Жак Ив Кустоның Гибралтар бұғазындағы бір-біріне қосылмайтын теңізді тапқандағы қуанышымен әлем бөлісті. Ал бұл Рахман сүресінде: «Ол екі теңізді ағызды, екеуі түйіседі. Екеуінің арасында бөгет бар, бір-біріне араласпайды»,[3] — деп баяндалады.  Адамдар Алланың кәламында жазылған шындықты ғылым арқылы танып, тура жолға түсіп жатқанда, біз мұсылмандар, болмашы нәрселерді дауға айналдырып, «айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарған» адамның кебін киіп қалмадық па?! «Құранда былай», «сүннетте олай» деп өзара қырқысудан шыққан ұшпағымыз қане?! Дінді ілімсіз танудың ақыры мұсылмандарды жік-жікке бөліп, өзара қырықпышақ болуға апармады ма?!  Имам Шафиғи: «Адамдар Аср сүресін тиісінше терең ойланса, тек оның өзі оларға жеткілікті болар еді», – деген.

Бүгінгі ғылым асыл кітабымыздың бір бөлігін ғана игерген болуы әбден мүмкін. Оның сыры әлі де зерттеп, зерделеген жан үшін ашыла түспек. Ал ол нәрсе біздің – Исламды өмірінің тірегі еткен, әр күнін Құран оқумен әсемдеген – мұсылмандардың еншісіндегі дүние екенін естен шығармайық, ағайын!

Шынәділ Салтанат

Ұқсас ақпараттар

Қазақстан су сапасы бойынша әлемдік рейтингте 54-орынды иеленді

admin_mugalzhar

Елімізде жұмысынан шығып қалған 82 мың адам жәрдемақы алды

admin_mugalzhar

Қазақстанда интернеттің әлсіздігіне байланысты онлайн сабақ болмайды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.