Қазақстанға жаңа +997 телефон коды белгіленді. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«БҰҰ жанындағы Халықаралық электр байланыс одағы Қазақстанға жаңа +997 дэф кодын белгіледі. Енді біздің елден басқа мемлекетке қоңырау шалғанда, шетелдіктердің телефонында Қазақстан деген жазу шығады. Сондай-ақ, халықаралық деңгейдегі цифрлы сервистерді қолданғанда да, барлық жерде Қазақстан деген сигнал шығады», — делінген министр мәлімдемесінде.
Министрдің айтуынша, кезінде КСРО тарағанда, +7 халықаралық телефон коды екі елге бірдей бекітілген.
«Біз Қазақстанға ғана тиесілі халықаралық кодқа қол жеткізу үшін былтырдан бері телекоммуникация саласындағы компаниялармен бірге жан-жақты жұмыс жүргізіп келеміз. Осы келіссөздер нәтижесінде біздің елге дербес +997 коды бекітілді. Қазір тиісті құжаттар рәсімделіп, жаңа кодқа көшу бойынша іс-шаралар атқарылып жатыр», — деп түйіндеді министр.