«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Шаруалар қолдаусыз қалмайды

Биыл облыста 722,3 мың гектар алқапқа тұқым себу жоспарланып отыр.

Бұл туралы көктемгі егіске әзірлік жөнінде баяндалған тікелей эфирде айтылды. Тікелей эфир өңірлік коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылып, оған облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалының басшысы Гүлжанат Ерғазина және «ҚазАгроҚаржы» АҚ облыстық филиалының директоры Азамат Тұрсынбекұлы қатысты.

Басқарма басшысы Исатай Еспағанбетов бүгінгі күні шаруашылықтардың алдағы егіс науқанына қызу әзірлікке кіріскенін айтты.

Облыс бойынша барлық егіс алқабының жартысынан астамына — 375 мың гектарға дәнді дақылдар егіледі. Тағы да қомақты бөлігіне, яғни 250 мың гектарға мал азығына қажетті дақылдар өсірілмек. Сондай-ақ шаруашылықтар биыл майлы дақылдар егістігінің көлемін ұлғайтуды ойластырып отыр.

— Он ірі шаруашылықтың күшімен майлы дақылдар егістігінің көлемі 16 мың гектарға артады. Өңірімізде өсімдік майын рафинадтау цехын іске қосу жоспарланып отырғаны белгілі. Өсімдік майын өндіру үшін, бұрын Ресейденәкелінетін шикізаттың орнына енді өз жеріміздің өнімі ұсынылатын болады, — деді басқарма басшысы.

Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы техникалары көктемгі егіс жұмысына толық дерлік әзір. Жер жыртып, тұқым себу үшін барлығы 1,5 мың трактор, 103 егіс кешені, 1,5 мың тұқым сепкіш техника пайдаланылмақ. Тұқым себу науқаны кезінде жанар-жағар маймен қамту мәселесі де маңызды. Бұл үшін біздің облысқа 9,6 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Шаруалар оның 1 литрін 184 теңгеден алады.

Шаруалар тұқым мәселесіне байланысты облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының егіншілік бөліміне хабарласа алады. Тұқымның бір бөлігі Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы тұқым шаруашылықтарынан жеткізілмек.

Гүлжанат Ерғазина көктемгі далалық жұмыстарға 1,2 миллиард теңге жеңілдетілген несие бөлу көзделгенін айтты. Сонымен бірге ол шаруа қожалықтарын, ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолжетімді несиемен қамтамасыз етуүшін қабылданған «Кең дала», «Агробизнес» және басқа бағдарламалар, олардың шарттары туралы баяндады. Ал Азамат Тұрсынбекұлының айтуынша, «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы биыл жыл басынан бері облыста 32 ауыл шаруашылығы техникасы алынған. Оның 20-сы — трактор. Бұл бағыттағы жұмыстар алда да жалғаса береді. «Шаруалар қолдаусыз қалмайды», — деді Г. Ерғазина.

А.САРЫБАЙ, Ақтөбе газеті.

Ұқсас ақпараттар

АУДАНҒА «СЫР ДИДАРЫ» ГАЗЕТІНІҢ РЕДАКТОРЫ КЕЛДІ

admin_mugalzhar

АТАМ ЖАСАҒАН ҰРШЫҚ — ҚҰНДЫ ДҮНИЕ

admin_mugalzhar

Пайыздық мөлшерлемесі 5%-ке дейін: Қазақстанда жаңа ипотекалық бағдарлама енгізілмек

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.