Аудан әкімі Асқар Шериязданов Ембі қаласының тұрғындарымен кездесіп, жеке мәселелері бар тұрғындарға қабылдау өткізді.
Кездесуге аудандық мәслихаттың депутаттары, Ембі қалалық қоғамдық кеңесінің мүшелері, ардагерлер, жастар белсенділері және жалпы қала тұрғындары қатысты.
Аудан әкімі өткен жылы қалада бірқатар жобалардың жүзеге асырылғандығына тоқталып, биылғы жылы да бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасатындығын айтып өтті. 2022 жылы Ембі қаласында 320 орындық жаңа мектеп құрылысы аяқталатындығын, қалалық №7 орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ғимарат жанына жаңа спорт зал салынатындығын, 120 орындық балабақша ашылатындығын, жастарға арналып көпфункционалды спорт алаңы орнатылатындығын, орталық стадион күрделі жөндеуден өткізілетіндігін, қаланың 32 көшесіне диотты жарық шамдары орнатылатындығын, Б.Момышұлы көшесіндегі көпқабатты №15 үйдің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, кезекте тұрған тұрғындарға берілетіндігін, сондай-ақ Ембі қаласында Алматы көпір құрылымдары зауытының филиалы ашылатындығын, 9 көшеге асфальт төселетіндігін баяндады.
Кездесу соңында аудан әкімі Ембі қаласы тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдап, сауалдарына жауап берді.