«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

РЕЖИССЕР АЙНАГҮЛДІҢ ӨНЕРДЕГІ ӨМІРІ…

Ол аудан тарихында алғаш болып әуесқой театрдың іргетасын қалады. Қазақ өнерінің марқасқалары саналатын атақты драматургтердің спектакльдерін шебер сахналап, көрермендер көзайымына айналды. Додалы байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп, әуесқой театры «халықтық» театр атағына ие болды. Артына жастарды ертіп, болашақ актерлердің шарықтап қанат қағуына да өз үлесін қосты. Оның әрбір спектакльдерінен жаңа ізденіс, заман талабына сай серпіліс, әлеуметтік өзекті мәселелер, өмір мен өнер сабақтастығын көруге болады. Біз бейнелеп отырған жан — ауданның мәдениет саласында елеулі еңбек етіп жүрген режиссер, актриса Айнагүл МУСИНА өмірде кейіпкер сомдап жүрсе, бүгін өзі біздің газеттің кейіпкеріне айналды…

БАЛАЛЫҚ АРМАН АДАСТЫРМАДЫ
«Тау баласы тауға қарап өседі» демекші, қазақтың атақты ақындары Бәкір Тәжібаев пен Нұрғали Өтежанов шыққан Жарқамыс құмдары мен Жемөзенінің бойы Айнагүл Мусинаның кіндік қаны тамып, бой түзеп, туыпөскен жері. Бала күнінен өнерге құштар оның мәдениет саласына бет бұруына ауылдың көркемөнерпаздары, класс жетекшісі Жанзира апайы себепкер болды. «Мектебімізде өтетін мәдени шаралар менсіз өтпейтін. Қандай сахналық қойылымдар болмасын түрлі кейіпкерлердің рөлін сомдап, белсенділік көрсететінмін. Өнер десе, жанып кететінімді байқаған апайым Жанзира мені мектептің мәдени тынысынан ешқашан қалдырмайтын. Бала күнімде «өнер саласында жүрсем ғой» дейтінмін. Балалық арманым адастырмады. Мектепті бітіргеннен кейін Ақтөбе мәдени-ағарту училищесіне оқуға түстім. Оқуды өз ойымдағыдай бітіріп, режиссура мамандығы бойынша қолыма диплом алған едім. Бүгінде мамандығым мақтанышыма айналды» — деп еске алды өнер иесі балалық шағын.
Ал ауданға 2000 жылы келген Айнагүл Мусина Мұғалжар аудандық мәдениет үйіне әдіскер болып орналасады. Еліміз тәуелсіздігін алып, енді ғана есін жиып жатқан сәтте ауданның қай саласы болмасын тоқырау кезеңдерін бастан кешіріпжатқан кезі болатын. Сол кездегі ауданның мәдениет саласын басқарған Әбілхан Алдаберген мен мәдениет үйінің директоры Гүлзира Әбілова бастаған өнер жанашырлары ауданның мәдениет саласын дамытуға өз үлестерін қосты. Жоқтан бар жасап, халықтың көңілін көтеру үшін мәдени шаралар ұйымдастырушылардың ішінде кейіпкеріміз Айнагүл Бисенғалиқызы да жүрді. Ол жаздың ыстығында, қыстың ысқырған аязында алаңдарда өтетін мәдени шаралардың тізгінін өзі ұстап, әдеміде әуезді дауысымен халықты өзіне ұйытып алатын.
— Ол уақыттарда тек қана біздің аудан емес, басқа аудандардың да жағдайы нашар болатын. Мәдениет үйінің де техникалық базасы сын көтермейтін. Сахнаны безендіру, сахналық киім, барлығын мәдениет қызметкерлері өздері дайындайтын. Театрымызда қандай да бір қойылым қоятын болсақ, қажетті декорацияларды қолымыздан келгенше, тапқанымызбен жасайтынбыз. Ал бүгінде мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасы жаңа аппараттармен жабдықталды. Сол кездері біз армандайтын лед экран, алаңдарға арналған құрылмалы сахна, компьютер, музыкалық аппараттар барлығы бүгінде бізде бар. Сонымен бірге әртістеріміздің сахналық киімдері де жаңарып, жаңаша түрге енді, — деді ол.

ТЕАТР ШЫМЫЛДЫҒЫ «ҚОШ МАХАББАТПЕН» АШЫЛДЫ
Ауданның алғашқы театрының шымылдығы 2001жылы М.Мақатаевтың 70 жылдық мерейтойына орай ақынның «Қош махаббат» прозасы желісімен жазылған спектаклімен ашылған болатын. Әуесқой болып ашылған театрдың алғашқы режиссеры да, авторы да Айнагүл Бисенғалиқызы болды. Алғашқы қойылымды аудан тұрғындары да ыстық ықыласпен қарсы алды. Аталған спектакльді ІІ облыстық театр фестивалінде сахналаған театр ұжымы жүлделі орынға ие болып, «Бану» бейнесін сомдаған Айнагүл Мусина «Замандас бейнесі» номинациясымен марапатталды. Осы жылдар аралығында театр репертуары бірнеше спектакльдермен толықты. Жылдар жылнамасында А.Шамкеновтың «Құралай сұлу», Е.Домбаевтың «Бір ауылдың қыздары», Б.Мұқайдың «Заманақыр», О.Оралбековтың «Жоғалғанқыз», С.Балғабаевтың «Тойданқайтқанқазақтар», Т.Ахтановтың «Махаббатмұңы», Ж.Әлмашұлының «Тіріжан», Ә.Тауасарұлының «Қожанасырдыңбіркүні», С.Балғабаевтың «Құдағилар», А.Мусинаның «Қара кемпір», Г.Жаңабергенованың «Жоғалғанқыз», Ж.Көшербаевтың «Ойраны шыққан отбасы», С.Тұрғынбекұлының «Шәмшінің әні», Р.Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» драмасы, З.Шүкіровтің «Азаттықаңсағанжасжесір» спектакльдері сахналанды. Театр сахнасында қойылған қойылымдардың әрқайсысы бір төбе. Дегенмен А.Қоразбаевтың «Қара пима» әнінің желісі бойынша Айнагүл Бисенғалиқызының өзі жазған «Қара бала» қойылымы — бір бөлек дүние. Бұл спектакльде ішімдікке салынған қатыгез әке мен қос аяғынан айрылған баланың бейнесі, тағдыр талқысы, сол заманның әлеуметтік аухалы театр көрермендерінің есінде күні бүгінге дейін сақтаулы. 2007 жылы театр ұжымы V театр фестиваліне осы қойылымды ұсынып, жүлделі ІІ орын және қара баланың рөлін сомдаған Айнагүлдің қызы Арай Аманқызы «Ең кішкентай әртіс», театр суретшісі Ғалия Еркінбекова «Ең үздік суретші» номинацияларымен марапатталған еді. Сонымен бірге 2002 жылы III театр фестиваліне қатысып, Олжас Сүлейменов пен Баққожа Мұқайдың «Заманақыр» спектаклін қойған театр ұжымы ІІ орынды, ал режиссер Айнагүл «Үздік режиссерлық жұмыс» номинациясын жеңіп алды. Режиссер Айнагүл қай туындыны сахналаса да спектакль тақырыптарын бүгінгі күнмен сабақтастырады, бүгінгінің өзекті мәселелерін де ұмытпайды. Оның шығармашылығынан ұдайы жаңа мен көненің байланысын көруге болады. Ол актерлердің де жаңа қырын, тыңқабілетін, айрықша бейнесін аша біледі.
— Осы жылдар аралығында талай облыстық, аймақтық байқауларға қатыстық. Түрлі театр фестивалдеріне қатысып, қанжығамызға жүлделі орындарды байлап, олжалы болдық. 2008 жылы Тахауи Ахтановтың 85 жылдық мерейтойына арналған «Театр — өнердің ұлы көші» VI театр фестивалінде «Ең үздік халықтық театры» атағымен, ал «Ең үздік суретші» номинациясымен театр суретшісі Ғалия Еркінбекова марапатталды. 2010 жылы VII театр фестивалінде Жолтай Әлмәшұлының «Тірі жан» спектаклімен І орын, Анар Сарина «Ең үздік эпизодшы» номинациясымен, 2013 жылы VIII аймақтық фестивалінде Тахауи Ахтановтың «Махаббат мұңы» драмасымен ІІ орын, ал «Үздік әртіс» номинациясымен Арай Аманқызы марапатталды. 2017 жылы облыстық театр фестивалінде Серік Тұрғынбекұлының «Шәмшінің әні» атты IV көріністі музыкалық драмасымен Бас жүлдеге ие болдық, — деді режиссер.
Халықтық театрдың құрамы бүгінде жастармен толыққан. Кәсіби білімі бар жас әртістер ауданға келіп, театр өнерін дамуға өз үлестерін қосып келеді. Олар — Нұршат Мұқашева, Анар Сарина, Айгүл Балгарина, Алмат Сматов, Жолдас Баспаев, Ерболат Амангелдиев, Салауат Сәңкібай, Көркем Сүндетбаева, Нұрдәулет Самиғолла, Дәулет Серікбаев, Арай Аманқызы. Режиссер Айнагүл Бисенғалиқызы бастаған театр ұжымы Темір, Байғанин аудандарында және Ембі, Жем қалаларында, сонымен бірге ауылдық округтерді аралап, жергілікті ақын Жұбаныш Көшербаевтың «Ойранышыққанотбасы» қойылымынқойды. Халықтық театр мүшелері облыс, аудан көлемінде өтетін мәдени шараларға белсене атсалысып, аудан тұрғындарына жыл сайын бір қойылымын ұсынып отырады. Дегенмен, соңғы екі жылда елдегі төтенше жағдайға байланысты мәдени шараларды онлайн жүйесінде өткізіп, З.Шүкіровтың «Азаттық аңсаған жас жесір» спектаклін қойып, әлеуметтік желілер арқылы халыққа тарту еткен. 20 жылдан астам уақыт халықпен бірге жасасқан халықтық театрдың режиссеры Айнагүл Мусина театрдың өміршең болуына, жетістікке жетіп, жүлделі орындардан көрінуіне театр іргесін бірге қаласқан әріптестерінің қосқан үлесі зор екенін жеткізді.

ЖАСТАР ТЕАТРЫ — ЖАҢА СЕРПІН
Халықтық театр жанынан 2021 жылы «Жастар» театры құрылды. Театрдың жас актерлерін өзінің ізбасарлары санайтын Айнагүл Мусина: «Шыныкерек, мен жастарға театр құрыңдар деп ұсыныс тастағаным жоқ. Дегенмен жастардың игі бастамасын құптап, қолдау көрсеттім. Өйткені халықтық театрдың жұмысының жүйелі жүруінежастардың қосыпжүрген үлесі зор. Олардың барлығы актерлық мектептен өтіп келгенжастар. Бұрынтеатрұжымыхалық арасынан жинақталатын. Қазір ішімізде кәсіби мамандар болғандықтан шама келсе, сырттан әртіс іздемейміз. Әрине, оларды менің жұмысымды жалғастырушы, шәкірттерім деп ауыз толтырып айта аламын. Халықтық театрынан алғашқы қадамын бастаған жас әртістер театр өнеріне деген қызығушылықтарының арқасында осы мамандықты өздеріне серік етті», — дейді. Жастар театрының репертуарында Туфан Ғабдуллаұлы Миннуллиннің «Диляфруздың төрт күйеуі», Мар Баджиевтің «Махаббат жағалауы» спектакльдері бар. Олар Қандыағаш қаласы, Талдысай, Сағашилі, Ақкемер, Жұрын, Ащысай елді мекендерін аралап, тұрғындарға қойылымдарын тарту еткен. Режиссердің айтуынша, соңғы 10 жыл ішінде мәдениеттің ең күрделі саласы театр өнеріне деген жастардың қызығушылығы мен сұранысы молая түскен.

Түйін
Адамға рухани азық болатын театр өнерінің қай кезде болмасын алатын орны ерекше. «Өмір — театр, адам — әртіс». Иә, осы бір сөз арқылы театрдың өміріміздің айнасы екенін білуге болады. Сөз соңында театр ұжымының шабытымен қиялынан, ой-толғанысынан туындаған көркем ойлар мен сомдайтын кейіпкерлері, сахнаның көркемдігін көрсетіп, айтарыкөп, жақсы нәрсеге бағыттайтын әдемі қойылымдары көп болсын дегіміз келеді.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

Қазақстанда 10 градусқа дейін аяз күтілуде

admin_mugalzhar

Головкин — Мурата жекпе-жегінің күні белгілі болды

admin_mugalzhar

ГҮЛНҰР — ЕЛ ЧЕМПИОНЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.