ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Мәжіліс депутаттары жолдаған сауалға берген жауабында елдегі сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарларды сақтау жөніндегі Үкімет жоспарымен бөлісті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Сирек кездесетін және құрып бара жатқан жануарлар тізімінің мемлекеттік ғылыми-техникалық негіздемесі Қазақстандағы биологиялық ресрурстарды тиімді басқаруға жағдай туғызады», деп жазады Роман Скляр өзінің жауабында.
Оның айтуынша, омыртқалы және омыртқасыз жануарлардың сирек кездесетін түрлерінің жағдайына баға беру үшін ғылыми-техникалық бағдарлама әзірленді. Оны Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландырады деп жоспарланып отыр.
«Жоғары ғылыми-техникалық кеңес мақұлдаған жағдайда бұл бағдарлама аясында Қазақстанның Қызыл кітабына ревизия жасалады. Соның негізінде мазмұны жаңартылып, Қызыл кітапқа арналған уеб-портал құрылады. Ол порталда сирек кездесетін және құрып бара жатқан жануарлар туралы мәлімет толыққанды беріледі. Аталған шаралардың бәрін іске асыру үшін қолданыстағы заңнамаға аңшылық және жануарларды сақтау жөнінде тиісті өзгерістер енгізіледі», деп жазылған жауапта.