«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Биыл облыста 18 инвестициялық жоба жүзеге асырылады

Облыс әкімдігінде облыстық мәслихаттың кезекті тоғызыншы сессиясы өтті. Онда облыс әкімінің есебі тыңдалып, 2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджетке енгізілген өзгерістер туралы айтылды.  

Сессия жұмысына өңір басшысы Оңдасын Оразалин, облыстық мәслихаттың хатшысы Амангелді Нұғманов, облыстық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері, басқармалар басшылары қатысты.

Жиында алдымен Оңдасын Оразалин биылғы жылдың І жартыжылдығында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

— Жалпы биылғы облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жаман емес.  Мәселен, өнеркәсіптің өсу қарқыны — 102,7, инвестициялар – 104,4, ауыл шаруашылығы – 100,3, құрылыс – 104,2, тұрғын үйді пайдалануға беру – 102,6, көлік және қоймамен қамту 109,2 пайызға жетіп отыр. Биыл әлемдегі тұрақсыздық облыс экономикасына, оның ішінде сауда саласына кері әсер етті. Соның салдарынан өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл саладағы көрсеткіш 92 пайызға дейін төмендеді.

Биыл жергілікті бюджет кірістері 89,2 миллиард теңгені құрап, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 21,1 пайызға артты. Ал инфляция республикалық деңгеймен салыстырғанда 110 пайызға жетті. Бүгінде өңірдегі орташа жалақы мөлшері — 253 мың теңге, — деді О.Оразалин.

Облыс әкімінің айтуынша, биыл облысқа 325 миллиард теңге инвестиция тартылған, оның ішінде жалпы құны 23 миллиард теңге болатын 12 жоба іске асырылып, 486 жаңа жұмыс орны құрылған.

— Биыл жыл соңына дейін 953 миллиард теңгеден астам инвестиция тарту және құны 68 миллиард теңге болатын, 650 жұмыс орнын ашатын тағы 18 инвестициялық жобаны іске асыру міндеті тұр, — деді облыс басшысы.

Облыс әкімі  биыл ауыл шаруашылығы саласын қолдау үшін республикалық және жергілікті бюджеттерден 22,7 милрд теңге қаржы бөлінгенін, І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы мөлшері 130 млрд теңгеге жеткенін атап өтті. Оның айтуынша, биыл өңірде ірі қара саны 7,3%-ға, ұсақ мал — 4,5%-ға, жылқы — 28%-ға, түйе саны 13,2%-ға артқан. Сондай-ақ облыста кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында бір мыңнан астам шағын және орта бизнес жобасына қолдау көрсетілген. Соның нәтижесінде 6 айда кәсіпкерлік субъектілерінің саны 14%-ға көбейіп, жалпы саны 72 мыңға жеткен.

— Биыл өңірімізде облыстық, аудандық маңызы бар 608,7 шақырым автокөлік жолын және 165,7 шақырым көше жолын жөндеу жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа республикалық және жергілікті бюджеттен барлығы 37,8 миллиард теңге қарастырылды. Сондай-ақ облыс бойынша 11 ауылды орталықтандырылған ауызсумен қамту көзделіп отырБүгінде бұл ауылдарда кешенді блок-модульдер орнату бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұған дейін облысымызда 7 ауылға дәл осындай блок-модульдер орнатылды. Сондай-ақ биыл 5,8 мыңға жуық адамды қамтитын тағы 10 елді мекенге көгілдір отын тартылады, — деді облыс әкімі.

Биыл І жартыжылдықта өңірде 376 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін шамамен 1,3 млн. шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар жыл аяғына дейін Әйтеке би, Байғанин және Ойыл аудандарында медициналық пункттер мен амбулатория салынып, жалпы құны 4,4 млрд.теңге болатын 14 мектептің құрылысы жүргізіледі. Оның алтауы биыл пайдалануға берілмек.

Сессияда мәслихат депутаттары өңірде ауыл шаруашылығы колледжі жанынан молекулалық-генетикалық зерттеу орталығын салу, қалада жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан көше жолдарының сапасын бақылау, Ойыл ауданына қарасты бірқатар елді мекенге газ құбырын тарту, тұрақтандыру қорындағы қанттың халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету, т.б. мәселелер бойынша өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныс-тілектерін ортаға салды.

Бұдан кейін сессияда облыстық мәслихаттың «2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева баяндама жасады.

Оның айтуынша, биыл облыста жүзеге асырылатын маңызды жобаларға 7,8 млрд теңге қаржы бөлу көзделген. Оның ішінде автокөлік жолдарын жөндеуге республикалық бюджеттен 21,5 млрд теңге, облыстық бюджеттен 14,6 млрд теңге қарастырылған. 1,7 млрд теңге алты аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу жұмыстарын аяқтауға бөлінеді.

Сондай-ақ облыстық энергетика басқармасына 448,5 миллион, құрылыс басқармасына 1,7 миллиард, білім басқармасына 793,4 миллион теңге бөлу жоспарланған. Бұл қаржының барлығы әр ауданда нақты жобаларды жүзеге асыруға бөлініп отыр.

Сессия соңында депутаттар облыстық мәслихаттың «Ақтөбе облысының елді мекендерінде ауыл шаруашылығы жануарларын асырау қағидаларын бекіту туралы» шешіміне енгізілген өзгерістер жөніндегі облыстық ветеринария басқармасының басшысы Қ.Сәрсембайдың баяндамасын тыңдап, күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша шешім шығарды.

Данагүл ҚАЗИХАН, «Ақтөбе» газеті.

Ұқсас ақпараттар

Дәулет СЕРІКБАЕВ: ТЕАТР ӨНЕРІНІҢ ОРНЫ БІР ТӨБЕ

admin_mugalzhar

АЙШЫЛЫҚ АЛЫС ЖЕРЛЕРДЕН ЖЫЛДАМ ХАБАР АЛҒЫЗҒАН..

admin_mugalzhar

АЛТЫНДЫ АУЫЛЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.