«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Шетелдік автокөліктерді заңдастыру басталады

Өзекті

23 қаңтардан бастап 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін ел аумағына әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыру басталады. Осыған орай біз жауапты мамандардан облыс тұрғындары автокөліктерін тіркеу үшін қайда баруы керек, қандай құжаттар жинақтауы қажеттігін сұрап, заңдылықтарын білген едік…

Бастапқы төлем құны — 200 мың теңге

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы 1 қыркүйекте жариялаған Жолдауында елімізге заңсыз кіргізілген көліктерді тіркеу үшін біржолғы шешім жасауды ұсынып: «Оларды заңдастыру мақсатында утилизация және алғашқы тіркеу үшін төленетін қаржы көлемін 200-250 мың теңгеден асырмай, бәріне бірдей және бір реттік алым алуды ұсынамын. Бұл — іздеу салынбаған және кеден рәсімдерінен өткен көліктерге ғана қатысты шара», — деген болатын. Биыл 11 қаңтарда Үкімет Мемлекет басшысының осы тапсырмасына сәйкес шетелдік көліктердің жекелеген санаттарын бастапқы тіркегені үшін алым мөлшерлемесін қолданудың және осындай көліктерді әкелген жеке тұлғаларды өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерінен босатудың қағидаларын бекітті. Бұл туралы      Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха брифинг өткізіп, ережелер алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізілетінін хабарлады. Осылайша алдағы дүйсенбіден бастап еліміздің барлық өңірінде шетелдік автокөліктерді заңдастыру басталмақ.

Облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының процессингтік орталығының басшысы Данияр Сарқұловтың айтуынша, заңдастыру кезінде тұрғындар өңірімізге өткен жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелген автокөліктерді бастапқы мемлекеттік тіркеу үшін 200 мың теңге төлем төлеуі қажет. Ол үшін мынадай талаптар қойылады: біріншіден, автокөліктер іздеуде болмауы керек, екіншіден, басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылуы қажет, үшіншіден, кедендік тазартудан өтуге тиіс.

— «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне және аталған Кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 2022 жылғы 21 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, өткен жылдың 1 қыркүйегіне дейін Қазақстан аумағына әкелінген автокөліктерді заңдастыру үшін барлық азаматтар 200 мың теңге көлемінде бастапқы төлем төлеуі керек.

Жалпы, біржолғы заңдастыру шарасы биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін қолданылады.  Заңдастыруға жеңіл автомобильдермен қатар, шағын және сыйымдылығы орта автобустар (толық салмағы 5 тоннаға дейін), шағын жүк көліктері (толық салмағы 3,5 тоннаға дейін), сондай-ақ басқару органдары оң жақта орналасқан көліктер жатады. Бастапқы тіркеу кезінде шетелдік автомобильдердің жылына және олардың экологиялық сыныбына талаптар қойылмайды. Облыс тұрғындары автокөліктерін заңдастыру үшін Ақтөбе қаласындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барып немесе «Электрондық үкімет» порталы арқылы онлайн түрде өтініш бере алады. 23 қаңтардан бастап қаламыздағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында арнайы секторлар ұйымдастырылып, келушілерге ақпараттық-түсіндіру шаралары жүргізіледі. Ол жерде азаматтарға облыстық полиция департаментінің мамандары, салық органдарының қызметкерлері, сондай-ақ көлік сақтандыру ұйымдарының өкілдері кеңес беретін болады, — дейді Данияр Сарқұлов.

Оның айтуынша, тұрғындар көлігін заңдастыру үшін халыққа қызмет көрсету орталығына 4 түрлі құжатты ұсынуы керек. Олар: өтініш, өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат, көлік құралының паспорты немесе көлік құралын тіркеу туралы куәлік, көлік құралына меншік құқығын растайтын құжат (бұған осы мүлікті сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту немесе иеліктен шығару туралы өзге де мәміле шарттары, мұрагерлік құқығы туралы куәлік жатады).

— Облыс тұрғындары мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барғанда заңдастыратын көлігін алып келуі шарт емес, бастысы, құжаттары түгел болуы керек. Орталықта департамент мамандары екі күн ішінде автокөліктің құжаттарын тексеріп, барлық ақпаратты министрлікке жібереді. Ал министрлік аталған автокөліктің елге әкелінген мерзімін, іздестірілуде бар-жоқтығын, кедендік тазартудан өткен-өтпегенін, соңғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылған уақытын тексеретін болады. Құжаттар заңды түрде тіркелген жағдайда көлік иесінің ұялы телефон нөміріне хабарлама келеді. Егер көлікті заңдастыру кезінде қандай да бір кемшіліктер немесе қиындықтар болған жағдайда біз сарапшы-криминалистермен бірлесіп, тексеру жұмыстарын жүргіземіз. Содан кейін көлік иесіне көлік құралы заңдастыруға жатады ма, жоқ па, нақтысын айтамыз, — дейді процессингтік орталық басшысы.

Облыста 27 мыңға жуық «ресейлік» көлік жүр

Өткен жылдың аяғында Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев елімізге әкелінген шетелдік автокөліктердің нақты саны туралы дерек жоқ екенін айтқан болатын. Оның айтуынша, елімізде өткен жылдың 1 қыркүйегіне дейін шетелдік автокөліктерге 300 мыңнан астам автосақтандыру полисі рәсімделген. Оның ішінде шамамен 260 мыңы Ресейден әкелінген көліктер болса, 25,5 мыңы — Қырғызстан автокөліктері, ал 18 мыңы — Армениядан әкелінген көліктер.

Облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының процессингтік орталығының басшысы Данияр Сарқұловтың айтуынша, бүгінге дейін өңірге көрші Ресейден 27 мыңға жуық көлік әкелінген. Ал Армения, Қырғызстан сияқты басқа елдерден әкелінген автокөліктердің саны белгісіз.

— Бұған дейін елімізге Армениядан әкелінген автокөліктер уақытша тіркеуге алынған. Бүгінде Ішкі істер министрлігі бұл көліктерді Армениядағы тіркеуінен шығару үшін жұмыстанып жатыр. Бұл көліктердің де, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа кірген Ресей, Қырғызстан, Белоруссиядан әкелінген көліктердің де мәселесі осы біржолғы акция аясында шешіледі. Бұдан бөлек көліктерді тіркеу кезінде азаматтар 200 000 теңге бастапқы төлеммен қатар, техникалық паспорт үшін мемлекеттік баж (4 313 теңге), сондай-ақ мемлекеттік нөмір үшін төлем (9 660 теңге) төлейді. Ең бастысы, жүргізушілер ертерек қамданып, 1 шілдеге дейін автокөліктерін тіркетуге тиіс. Егер көліктерді тіркету кезінде қиындықтар болған жағдайда, оған бір-екі ай уақыт кетуі мүмкін, сол себепті азаматтардан заңдастыруға аса жауапкершілікпен қарауды сұраймыз, — дейді орталық басшысы.

Ал Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің кедендік әкімшілендіру басқармасының басшысы Дәуренбек Жұмағазиннің айтуынша, биылғы біржолғы заңдастыруға Біріккен Араб Әмірлігінен, Грузиядан, сондай-ақ Еуропа елдерінен әкелінген көліктер жатпайды.

— Біз қазір облыста шетелдік автокөліктерді заңдастыруға қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл жерде тұрғындар мынаны білуі керек: биылғы біржолғы заңдастыруға Біріккен Араб Әмірлігі, Грузия, сондай-ақ Еуропадан әкелінген көліктер жатпайды. Бұл елдерден әкелінген көліктер кедендік рәсімдеуден өтуі керек. Бұл көліктер бұған дейін де кедендік рәсімдеуден өтіп, тіркелді. Алдағы уақытта да осы бағыттағы шараларды жалғастыра береміз. Негізінен, Заңға сәйкес «Үшінші елдер» аталып кеткен мемлекеттерден әкелінген көліктерді Қазақстан азаматы жүргізуге болмайды. Мысалы, Грузиядан әкелінген автокөлікті сіз бен біз жүргізе алмаймыз, оны тек Грузия азаматы ғана жүргізе алады. Бұл тұрғыда шетел азаматтарына елімізде осындай автокөліктермен жүруге бір жыл уақытша мерзім беріледі. Біз алдағы уақытта әкімшілік полиция қызметкерлерімен бірлесіп рейтік шаралар ұйымдастырамыз, сол кезде осындай автокөліктер ұсталса, оларды уақытша сақтау қоймасына апарамыз, — дейді Дәуренбек Жұмағазин.

Тұрғындар не дейді?

Қазір шетелдік автокөліктерді заңдастыру мәселесі облыстағы жүргізушілер арасында қызу талқылануда. Әсіресе қаламыздағы автокөліктер сататын орындарда бұл тақырып «күн тәртібінен» түспей тұр.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Алмас Нұрлыбаев 2021 жылы күз айында Ресейден көлік әкеліп жүрген алыпсатарлардан «ВАЗ-2114» маркалы автокөлік сатып алған. Қазір осы темір тұлпарымен жолаушыларды тасып, табыс тауып жүр.

  • Соңғы жаңалықтарды естіп, қуанып қалдық. Осыған дейін Ресейден әкелінген автокөліктерді заңдастыру үлкен мәселе болып еді. Шыны керек, заңдастыру жұмыстарына көп ақы талап ететін шығар деп алаңдағанымыз рас. Енді бір реттік төлем төлеп, көлігімізді өз атымызға тіркейміз. Осы жерде халыққа қолайлы жағдай жасап отырған Мемлекет басшысына, ішкі істер органдарының өкілдеріне рақмет айтамын. Ең бастысы, автокөлігіміз бұзылмай жүрсе болғаны. Себебі қазір осы көлігіммен табыс тауып, отбасымды асырап отырмын, — дейді ол.

Ал осыдан үш жыл бұрын армян автокөлігін сатып алған Ақарыс Елдесов бұл біржолғы акцияның жүргізушілерге өте тиімді екенін айтады. Себебі бұған дейін Армениядан әкелінген автокөліктерді тіркеуде бірқатар қиындықтар болғаны мәлім.

— Ел ішінде жүрген автокөліктерді сатып алу өте тиімсіз. Бағасы қымбат, ал сапасы нашар. Сол себепті таныстарыммен бірге Арменияға барып, автокөлік сатып әкелгенмін. Ол жақтың жолы да жақсы, жүргізушілерге қызмет көрсету сервистерінің сапасы да жоғары. Сондықтан қанша ақшаға болса да, бұл елден көлік алсаң өкінбейсің. Өкінішке қарай, соңғы жылдары біздің елімізде көліктің бағасы аспандап кетті. Қарапайым адам ойында жүрген машинасын оңай ала алмайды. Сол себепті халықтың көбі арзан бағаға әкелінген шетелдік нөмірлі автокөліктерді сатып алды. Өткен жылдары осындай көліктерді тіркету мәселесі сөз болғанда, көпшілігіміздің «тағы қандай заң шығады?» деп алаңдағанымыз рас. Міне, ақыры бұл мәселе де шешілді, — дейді ол.

Сөз арасында Ақарыс: «Өз елімізде отандық автокөліктер шығарылса, басқа елдердің ескі-құсқы көліктерінен құтылар едік», — деген пікірін де айтып қалды.

Оның айтуынша, ескі көлікті жүргізуге көп қаржы кетеді, олар ауаны да көп ластайды. Ал болашақта елімізде отандық автоиндустрия дамыса, халық та жаңа әрі сапалы көлік алуға ұмтылар еді.

Данагүл ҚАЗИХАН, «Ақтөбе» газеті.

Ұқсас ақпараттар

АТА КӘСІПТЕН АЖЫРАМАҒАН ШАРУА

admin_mugalzhar

МАМАНДЫҚ ТАҢДАУДАН ҚАТЕЛЕСПЕДІМ

admin_mugalzhar

КОММУНАЛДЫҚ ТӨЛЕМ: ТАРИФ БАҒАМЫНА БАҒДАР

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.