«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЖҮН ДЕ ТҮТІП, КІРПІШ ТЕ ШЫҒАРҒАН ОТБАСЫ

ҮЙІНІҢ БІР БӨЛМЕСІН ЖҮН ТҮТУГЕ, ЕКІНШІСІН КӨРПЕ ТІГУГЕ, АЛДЫНДАҒЫ САРАЙЫН ЖҮН ЖИНАУҒА АРНАҒАН ОТБАСЫНЫҢ АУЛАСЫНА КІРГЕННЕН-АҚ ҚАУЫРТ ШАРУАНЫҢ АДАМДАРЫ ЕКЕНІН БАЙҚАУҒА БОЛАДЫ. ӘР БҰРЫШТА ТҰРҒАН СТАНОКТАР, ТҮРЛІ ҚҰРЫЛЫС МАТЕРИАЛДАРЫ, ҚАП-ҚАП ҮЙІЛГЕН ЖҮН, ЖИНАЛҒАН КІРПІШТЕР… БҰЛ ҮЙДЕ ЕШКІМ ҚАРАП ОТЫРМАЙДЫ ДЕП ТҰРҒАНДАЙ, ҚҰДДЫ… БІЗ АРНАЙЫ ІЗДЕП БАРҒАН ІСМЕР КЕЛІНШЕК ТЕ ҚЫЗУ ЖҰМЫС ҮСТІНДЕ ЕКЕН, АЛДЫНДАҒЫ ҮЙІЛГЕН ЖҮНІН ЕТЕГІНЕН ҚАҒА ТҮРЕГЕЛДІ. АУЛАСЫНЫҢ ӘР БҰРЫШЫН АРАЛАТЫП, СТАНОКТАРЫНЫҢ ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙТІНІН КӨРСЕТІП, ЖОСПАРЛАРЫМЕН БӨЛІСТІ. ӘЛҚИССА..

Қалбике Жұманиязова Өзбекстаннан Қазақстанға қоныс аударған қандасымыз. Көшіп келгеніне 20 жылға жуықтаған кейіпкеріміз ата-анасымен Ақтау қаласына қоныс аударып, кейін Ақтөбе қаласының келіні атанады.

Келін болғаныма 15 жыл болды. Жолдасым екеуміз Өзбекстан елінің бір қаласынан қоныс аударып келдік. Ол 2004 жылы осы Қандыағаш, мен Ақтау қаласына көштік. Содан уақыт өте бас қостық. Қазір 5 баланың ата-анасымыз, — деп сөзін бастады көпбалалы ана.

2020 жылы қайтарымсыз грантпен кәсібін бастаған Қалбике Жәрбайқызы алған 500 мың грантына 150 мың теңге қосып, жүн түтетін станок сатып алады. Міне содан бері кәсібін дөңгелетіп келеді. Ісмер келіншектің негізгі мамандығы тәрбиеші. Бірақ мамандық бойынша жұмыс мүлде жасамапты. Қолынан іс келгендіктен осы кәсіпті бастауға бел буған еді, болашағын да осы іспен байланыстырады.

Мен осы істі бастаған жылы қалада дәл осындай кәсіппен айналысып жатқандар болмаған еді. Сол кезде жалғыз ашқан болсам, бүгінде кәсіптің осы түрінің 4-5-уі бар. Бірақ осы аралықта тұтынушыларымның саны көбейіп, кәсібім жақсы жүруде. Менің негізгі жұмысым – жүнді қайта өңдеу. Келген тұтынушы өзінің көрпесін, матрасын, жүн-мақталарын әкеледі, ал мен оны алып, станокқа салып, қайта өңдеп беремін. Қосымша қыз жасауына, көрпе тігуге тапсырыс қабылдаймын, — деді ол.

Ұлттық дәстүрді ауызша айтып, ұрпаққа мұра ете алмайсың. Оны өзің бастап істеп, бала-шағаңа қолмен ұстатып көрсетуің керек. Міне осыны мақсат еткен кейіпкеріміз сол үшін кәсібін дамытып, өз алдына цех ашқысы келетінін жеткізді.

Менде қазіргі таңда бөлек ғимарат жоқ, өзіңіз көріп отырғандай, үйден тапсырыс қабылдаудамын. Алдағы уақытта тағы мемлекеттік грант алып, ғимарат мәселесін шешкім келіп отыр. Және 2-3 тігінші қасыма жұмысқа тартқым келеді. Тігіншілер дайын, енді тек жалдап болсын бөлек ғимаратқа шығу қажет. Негізі кәсібімді ашуға көмегін тигізіп отырған жолдасым. Осы кісі ашып береді, дайындап береді, ал мен тек өз жұмысыммен айналысамын, — деді шебер.

Жолдасы Берік Жолдыбаев Қандыағаш қаласының депосында машинист болып қызмет етеді. Келіншегіне кәсіп ашып беріп, сүйікті ісімен айналысуына қолдау көрсетіп отырған оның өзі де жуырда Ташкент қаласына барып, «гипсоблок» деп аталатын құрылыс материалын дайындауды үйреніп келген. Оның алдағы мақсаты қосымша осы кәсіпті дамытып, сатылымға шығару.

Бұл туралы ютубтан қарап, әбден зерттеп, түрлі пікірлерді оқып барып шешім қабылдадым. Білуімше, гипсоблок Ақтөбе облысы бойынша жасалмайды, еліміздің өзінде тек 1-2 қалада ғана шығарылуда. Бұны көбісі газоблокпен шатастырады. Екеуі екі түрлі материал, құрамдары әртүрлі. Гипсоблоктың айырмашылығы қыста жылы, жазда салқын болады. Басқа материалдар сияқты тез сынбайды, өте мықты. Сапасына сөз жоқ, себебі Өзбекстанда үйлер осы материалдан салынуда. Сол жақтан үйреніп келіп, шағын станок сатып алып, қазір байқау үшін гипсоблоктың 3 түрін шығарып қойдым. Әзірге қолды жаттықтырып, тәжірибе жинақтаудамын. Енді арнайы цех ашсам деймін. Оған кедергі үлкен мәселе – жердің жоқтығы. Мен қазір өз ауламда шығарудамын. Осы үшін қала әкімдігінен жер сұрап бардым. Бірақ маған кезекке тұруымды айтты, мен онсыз да жер кезегіндемін. Бірақ ол кезектің қашан келерін ешкім білмейді. Бүгінде жерді жалға берудің заңдылықтары өзгеріп, енді тек жерді кезекке тұру арқылы тегін немесе аукцион арқылы сатып ала алады екенбіз. Ал маған жерді кәсіп үшін жалға алған тиімдірек болып тұр, — деп мәселесін тереңінен тарқатты Берік Жолдыбайұлы.

Отбасылы ерлі-зайыптының жоспарлары көп, мақсаттары айқын. Алдымен ойға алып, кейін қолға алған кәсіптерін кеңейткісі келеді. Көздеріне көрінген балаларына бүгінге азық, ертеңге кәсіп болса дейді. Шағын кәсіпті қолдаудан аянып жатпаған үкіметтен де үмітті. Сәл қолдап жіберсе, қорықпай-ақ кірісуге дайын отыр.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау бір күнде өтеді

admin_mugalzhar

Шымкентте көкпар төрешілеріне арналған халықаралық тренинг-семинар басталды

admin_mugalzhar

Ғылыми әлеуетті нығайтатын қадам

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.