«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

«АҢСАҒАН СӘБИ»: ҮКІЛЕГЕН ҮМІТ ҺӘМ НӘТИЖЕ

ЕЛДЕ 7000-ҒА ЖУЫҚ БАЛА ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН

«Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске асыру үшін республикалық бюджеттен 6 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Үш жылда 21 мыңнан астам экстракорпоральды ұрықтандыру жасалған. Оның ішінде 8 мыңнан аса әйел жүктілікпен есепке алынса, 7 мыңға жуық бала дүниеге келген. Қазіргі уақытта елімізде жасанды ұрықтандыру ісімен 31 орталық айналысады. Оның 19-ы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің шеңберінде қызмет көрсетеді екен. Бұл деректерді жақында үкіметте өткен жиында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова айтты.

Сондай-ақ вице-премьер мәселенің салдарымен қатар, себебімен жүйелі жұмыс қажет екенін атап өтті. Ресми дерекке сай, елімізде 4 мыңнан астам ер азаматқа және 29 мыңнан аса әйел адамға бедеулік диагнозы қойылған.

Ең алдымен жасөспірімдер мен ата-аналардың, жалпы халық арасында саламатты өмір салтын ұстануға байланысты ақпараттық-насихат жұмысы күшейтілуі шарт. Қажетті медициналық-профилактикалық тексеру шараларымен қамту маңызды. Бір сөзбен айтқанда, дені сау ұрпақ тәрбиелеу үшін кеселдің алдын алуға күш салуымыз қажет. Адам ағзасында патология анықталған жағдайда ерте бастан алғашқы көмек беру жүйелі жүргізілуі керек, — деді Тамара Дүйсенова.

Ал Ақтөбе облысына “Аңсаған сәби” бағдарламасы аясында биыл 130 квота бөлініпті. Үш жыл ішінде жасанды ұрықтандыру жолымен 300 келіншек нәресте сүйген. Алғашқы жылы облысқа 324 квота, ал 2021 жылы 322 квота, 2023 жылы 323 квота бөлінген.

БАҒДАРЛАМА АЯСЫНДА 15 ӘЙЕЛ АНА АТАНДЫ

Аталған бағдарламаның игілігі аудан аумағында тұратын әйелдерге де тиюде. Осы уақытқа дейін аудан бойынша «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы 15 бала дүниеге келген. Ал қазіргі таңда 3 әйел жүктілік кезеңін өткізуде.

Мұғалжар аудандық ауруханасының акушер-гинекологі Айзат Шалқарбекова жасанды ұрықтандыру жолымен сәби сүю үшін квота алғысы келген жұп тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелген емханасына өтініш білдіре алатынын айтады. Ол үшін бедеулік бойынша диспансерлік бақылауға тұруы қажет. Толық медициналық зерттеуден өткен соң, жергілікті емхана ерлі зайыптыны облыстық перинаталды орталықтағы гинеколог репродуктологтарға жібереді.

Бағдарлама мақсаты – қосалқы репродуктивті технологиялардың көмегімен отбасылықдемографиялық мәселелерді шешуге жәрдемдесу. Бұл бағдарламаға бедеулік диагнозы қойылған пациенттер қатыса алады. Ол үшін Қазақстанның азаматы болуға тиіс және денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық талаптарға сәйкес келуі керек. Сондай-ақ, бағдарламаға қатысатын адам міндетті түрде ерікті түрде жазбаша келісім береді. Ал балалы бола алмай жүрген келіншектер бірден ЭКО-ға жүгіне алмайды. Біріншіден емханаға есепке тұрып, Жанұяны жоспарлау орталығынан толық тексеруден өтуі шарт. Соның нәтижесі бойынша «Аңсаған сәби» бағдарламасына қатыса алады, — деді ол.

Дәрігерден «Аңсаған сәби» бағдарламасына бедеулік есепке алынған ерлі-зайыптылардың қандай жағдайда қатыса алатынын сұрадық. Оның сөзінше, аталған бағдарламаға ерлі-зайыптылар бір жыл ішінде бедеуліктен емделіп жазылмаса, жатырдың екі түтікшесі де болмаған жағдайда, аналық без болмаса, түтікшенің бітелуі салдарынан түтікше, түтікше-ішперде бедеулігі болса, 6-12 ай бойы гормон терапиясы жасалғанымен нәтижесі көрсетпесе және де басқа да денсаулық жағдайына байланысты қатыса алады екен.

Мамандар жасанды ұрықтандыру нәтижесінде пайда болған жүктіліктің қаупі жоғары болатынын айтады. Оның басты себебінің бірі – жасы егде тартқан, сәтсіз аяқталған жүктілік немесе түрлі ауру-сырқау салдарынан әбден әлсізденген әйел ағзасы.

Көп жағдайда жасанды ұрықтандыру әдісіне әйел адамның денсаулығында күрделі патология болғанда ғана жүгінетіні белгілі. Сол себепті де жасанды ұрықтандырудан кейін сәтсіздіктер көп болады. Бүгінде ол біздің тәжірибемізде көптеп кездесіп отыр. Біз осы уақытқа дейін жасанды ұрықтандыруға 30-дан астам әйелді жолдадық. Бірақ нәтижесі жоғарыда айтып өткенімдей. Бағдарлама басталғалы 15 бала дүниеге келді. Бірақ бұл да біз үшін үлкен жетістік. — деді ол.

БЕДЕУЛІК БЕЛЕҢ АЛЫП БАРАДЫ

Аудан бойынша Мұғалжар және Ембі аудандық ауруханаларында 66 ерлі-зайыпты бедеулік диагнозымен тіркеуге алыныпты. Өкінішке қарай, бұл дертке шалдыққандардың қатары жылдан-жылға артып келеді екен. Дәрігер бедеуліктің өршуіне әсер етіп жатқан факторларды да атап өтті.

Бедеулікке алып келетін фактордың негізгісі – инфекция. Жыныстық қатынасқа ерте түсу де осы жағдайға алып келеді. Бұған қоса, дұрыс тамақтанбау, ішімдік тұтыну, шылым шегу сияқты эндокриндік-метаболитикалық өзгерістер де бедеулікке соқтырады. Қазір әйелдермен қатар ер адамдардың арасында да белсіздік диагнозы көптеп кездесіп жатыр. Мысалы, жалпы ұрпақ сүйе алмай жүрген пациенттердің 60%-ы — әйелдер, 40%-ы — ер адамдар, — деді Айзат Жорабекқызы.

Әлемдегі 15 миллионнан астам тұрғын жасанды ұрықтандыру арқылы дүниеге келген. Ал Қазақстанда ЭКО арқылы туған 50 мыңға тарта адам бар. Ең үлкені — 29 жаста. Қазір екі баласы бар.

Бедеулік пен белсіздік дертіне шалдыққандардың қатары жылдан-жылға артып келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, 2022 жылы – 16 187, 2023 жылы 19 880 әйел бедеулік диагнозымен тіркелген. Ал ерлердің белсіздігіне келер болсақ, 2022 жылы – 1 372, 2023 жылы – 1 515 адам тіркелген.

Жоғарыда дәрігер ерте жыныстық қатынастың бедеулікке алып келетінін тілге тиек еткен еді. Осы орайда, аурухана дәрігерлері психологтардың қатысуымен аудан аумағындағы мектептер мен колледждерді аралап, жасөспірім қыздар арасында түрлі тақырыпта тәрбиелік сағаттарды жиі ұйымдастырып тұрады. Бір қуанарлығы, соңғы екі жылда аудан бойынша ерте жүктілік дерегі тіркелмепті.

Біз семинар-тренингтер өткізіп, қыздармен ашық түрде сөйлесеміз. Медицинада ерте жүктіліктің қауіпті екенін айтамыз. Біреу біреуге ақыл айтып, жөн сілтейтін заман келмеске кетті ғой. Дегенмен оларға кеңес беру біздің міндетіміз. Жастықтың дәмін татпай жатып, зәрін тартатын қыздарымыз көбейіп барады. Аруларымыз жеңіл ойлауының кесірінен сан соғып жатады. Бұл жерде аналардың қыздарға беретін тәрбиесі жеткіліксіз болып отыр. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесі болар, соңғы жылдары жасөспірімдердің арасында жүкті болу жағдайы орын алған жоқ, — деді дәрігер Айзат Шалқарбекова.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

2023 жылға қарай мұғалімдер жалақысы тағы 25%-ға өседі

admin_mugalzhar

«ЖЕМ САМАЛЫ — 2021» ӘН БАЙҚАУЫ ӨТТІ

admin_mugalzhar

ВЕТЕРИНАРЫ РАЙОНА НАЛОЖИЛИ ОГРАНИЧЕНИЯ ПО БРУЦЕЛЛЕЗУ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.