«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҰСТАЗДАР ҰЛЫҚТАЛҒАН КҮН БОЛДЫ

«Тұмар» мейрамханасында ұстаздар күні кең көлемде аталып өтті. «Ұстаз деген ұлы сөз, ұлағатты» атты аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен шараға аудан әкімі Дархан Ермағанбетов, «Біліктілікті Арттыру Ұлттық Орталығы» АҚ-ы филиалының Ақтөбе облысы бойынша кәсіби даму институтының аға оқытушысы Сарагүл Шаштығарина қатысып, ардагер-ұстаздар қауымын және бүгінде білім беру саласында еңбек етіп жүрген педагогтерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, болашақ ұрпақты тәрбиелеу жолында атқарып жүрген еңбектерінің зор екенін айтып, алғысын білдірді.
Мерекелік шараның шымылдығы аудандық Ахмет Жұбанов атындағы балалар музыка мектебінің оқушыларынан құралған оркестрінің орындауындағы әдемі күймен ашылды.


Ұстаздарға жайылған мерекелік дастархан басында сөз алған аудан басшысы ұлағатты ұстаздар қауымын құттықтап, жылы лебізін білдіріп, ағартушылық саласында елеулі еңбек етіп, жетістікке жетіп жүрген бірқатар ұстаздарға Алғыс хат беріп, қаржылай сыйлық табыстады. -Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытатын ұстазға деген халқымыздың құрметі қашан да ерекше. Сіздер балаларға білім беріп қана қоймай, тәлім-тәрбие де бересіздер. Ауданымыздың мұғалімдері әрқашан өз кәсіби деңгейлерін жоғары ұстап, табысты жүріп, инновациялық білім беру технологияларын енгізе отырып, үнемі білім беру сапасын арттыруда. Сіздердің еңбектеріңіз қай уақытта да құрметке лайық, — деді аудан әкімі Дархан Жанысханұлы.
Ал мерекелік шараға арнайы келген Ақтөбе облысы бойынша кәсіби даму институтының аға оқытушысы Сарагүл Шаштығарина мерекенің маңыздылығына тоқталып, мұғалімдердің біліктілігін арттыру бүгінгі күннің басты талабы екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ біліктілігі жоғары бірнеше педагогке Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың Құрмет грамотасын және облыстық білім басқарамасының басшысы Жайық Сұлтанның Алғыс хатын тапсырды.


Ұстаздар ұлықталған шарада білім бөлімінің басшысы Бахраман Аманжол ауданның білім беру саласында еңбек еткен, бүгінде зейнетке шыққан құрметті ардагерлерге Құттықтау хат табыстаса, бүгінде білім беру саласымен тығыз байланысты жұмыс жасап, білім саласының дамуына үлес қосып жүрген аудандық «Мұғалжар» газетінің, Қандыағаш қаласының мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің, Мұғалжар аудандық ауруханасының, аймақтық психологиялық-медициналық консультация мекемесін, аудандық психологиялық — педагогикалық түзеу кабинетінің және «Зерде» оқу орталығының ұжымын марапаттады.


Мерекелік шараның сәнін Қандыағаш қаласындағы жалпы білім беретін орта мектептердің және аула клубының өнерлі оқушылары мен бөбекжай-бақшалардың тәрбиеленушілері кіргізді. Олар тамылжыта ән салып, мың бұрала билеп, ұстаздар туралы тебіренерлік өлең шумақтарын оқыды.
Кеш соңында мерекелік дастархан басына жиналғандар қосылып «Ұстазым» әнін бірге айтып, әдемі көңіл-күйде тарқасты.

Ұқсас ақпараттар

АТА ЗАҢҒА — 28 ЖЫЛ

admin_mugalzhar

Қазақстан Президенті ұмра қажылығын өтеді

admin_mugalzhar

МҰҒАЛЖАР ЖАСТАРЫ КИЕЛІ ТҮРКІСТАНДА

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.