«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Астық жинау жұмыстары аяқталуға жақын

Бүгінде облыста 408,3 мың гектар алқап немесе жоспарланған көлемнің 94,5 пайызы жиналды. Алдағы күндері астық жинау науқаны толығымен аяқталады деп күтілуде, — деп жазды «Ақтөбе» газетіне сілтеме жасаған mugalzhar.kz.

Өңірде егін жинау науқанының барысы облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуовтің төрағалығымен өткен жиын барысында қаралды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайдың айтуынша, дәнді дақылдарға барлығы 432,2 мың гектар егіс алқабы бөлінген. Биыл жергілікті фермерлер үшін жемісті болыпты. Мәселен, 408,3 мың га алқаптан орташа өнімділігі 13,6 центнер 554,4 мың тонна астық жиналды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,4 центнерге артық. 2023 жылы 344,4 мың тонна астық алынды, ал орташа өнімділік 10,2 центнер болды.

Дәнді дақылдардың ең көп өнімі Мәртөк (17,9 ц/га), Хромтау (14,3 ц/га), Қарғалы аудандарында (13,9 ц/га) және Ақтөбе қаласында (15,9 ц/га) жиналды.

Өңірде жалпы сыйымдылығы 685,1 мың тонна жеті элеватор жұмыс істейді. Қазіргі уақытта элеваторларда 148,4 мың тонна астық бар. Сондай-ақ 123,2 мың тонна жаңа дақыл түсті.

Барлық ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы ауданы 707,8 мың га болды.

Майлы дақылдар 48,4 мың гектар, жемшөп дақылдарына — 220,5 мың гектар, картоп 3,4 мың гектар, көкөністер 3,3 мың гектарға егілді.

— Біздің міндетіміз — күзгі далалық науқанды сәтті аяқтау. Қазіргі уақытта майлы дақылдарды жинау басталды. Қазірдің өзінде 8,2 мың гектар алқап жиналды. Орташа өнімділігі гектарына 9,6 центнерден 7,9 мың тонна өнім алынды. Сондай-ақ 49,7 мың тонна картоп, 43,2 мың тонна көкөніс жиналды. Қолайлы ауа райы мен топырақтағы ылғалдың оңтайлы мөлшері 2023 жылғы деңгейден жоғары өнім алуға мүмкіндік берді,

— деді Құсайын Сәрсембай.

Егін жинауға 1,5 мың трактор, 700-ге жуық комбайн, 800-ге жуық трактор тіркемелері және 500 жүк көлігі жұмылдырылды. Күзгі дала жұмыстарына 7,4 мың тонна дизель отыны бөлінді, бұл өңірдің қажеттілігін толық қамтамасыз етеді.

Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары егін жинау науқанының үзіліссіз және уақтылы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Ұқсас ақпараттар

АБАЙ БОЛЫҢЫЗ! ЖҰҚПАЛЫ ДЕРТ — ҚОҒАМ ҮШІН ҚАУІПТІ

admin_mugalzhar

ҚАЗАҚ ӘЙЕЛІНЕ ҚҰРМЕТІМ ШЕКСІЗ!

admin_mugalzhar

Kaspi.kz, Денсаулық сақтау және Цифрландыру министрлігі анықтама алу сервисін іске қосты

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.