«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ТӘУЕЛСІЗДІК және АУДАН

Қазақстанның тарихынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіздікке биыл 33 жыл толды. Еуразияның кіндігі саналатын мемлекетімізде бүгінде көптеген ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Мемлекет мықты деген елдердің ұйымына төраға болып, әлемдік дәрежеде түрлі спорттық жарыстарды ұйымдастырып, дүние жүзіне атын әйгілеп, өзінің қандай ел екенін уақыт өткен сайын дәлелдеуде. Аз уақыт ішінде еліміз елеулі істерді еңсеріп, жемісті жетістіктерге қол жеткізіп, биік белестерді бағындырып келеді. Атаулы күнге орай, бүгінгі нөмірде Егемендікпен бірге есейген елдің бір бөлшегі — Мұғалжар өңірінің әр саладағы дамуына көз жүгірткенді жөн көрдік.

Ауданда 65 мың 110 адам тұрады

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 10 айда қазақстандықтардың саны 210 139 адамға өсіп, 1 қарашада 20 243 981 адамды құрады. Оның ішінде 10 353 239-ы әйелдер, 9 890 742-сі ерлер. Қаңтар мен қазан айлары аралығында Қазақстанда 309 310 бала дүниеге келсе, қайтыс болғандар саны 110 867 болған. Осылайша, халық санының табиғи өсімі 198 443 адамды құраған. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 10 айда елімізге келгендер саны 22 955, елден кеткендер саны 11 259 болған. Көші-қон сальдосы 11 696 адамды құрайды. 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Қазақстанға келгендер саны 1618 адамға артып, елден кеткендер саны 2548 адамға азайған.

Ал аудандық статистика бөлімінің мәліметі бойынша, мұғалжарлықтардың биылғы қазан айындағы саны 65 110-ды құрайды. Оның 32 648-і ерлер, ал 32 462-сі нәзік жандар екен. Атап айтсақ, аудан орталығы Қандыағаш қаласында 35 576 адам (17 521 ер, 18 055 әйел) тұратын болса, Ембі қаласында 12 878 (6 386 ер, 6 492 әйел) тұрғын бар. Ал Жем қаласы тұрғындарының саны — 1 179 (636 ер, 543 әйел) адам. Атап өтейік, жалпы Ақтөбе облысында осы жылғы 1 қазандағы көрсеткіш бойынша 936 847 адам тұрады екен. Оның ішінде 567 745 тұрғыны бар Ақтөбе қаласынан кейінгі ең халық саны көп аудан — Мұғалжар ауданы.

Көгілдір отын – көптің игілігі

Ел үкіметінің басты жобаларының бірі — халықты жаппай көгілдір отынмен, яғни табиғи газбен қамтамасыз ету. Бүгінгі таңда аудан аумағында 3 қала, 34 елді мекен бар. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары қазіргі уақытта аудан аумағындағы елді мекендердің 66 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етілгенін айтты. Соңғы үш жылда ауыл-аймақтарды газдандыру жұмысы қарқынды жүргені белгілі. Жұрын, Қаракөл, Елек, Жарық ауылдарына газ барды.

Қандыағаш қаласынан Жұрын ауылына дейінгі газ тарту жұмыстарын «Әлия-Сервис» ЖШС-і жүргізді. Ал ауыл ішін газдандыру жұмыстары «АктобеНефтеГазСтрой» ЖШС-не жүктелді. Бүгінде тұрғындар көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Ал Елек ауылына көгілдір отын тарту жұмыстарын «Асу-К» ЖШС-і жүргізді. Құрылыс құны — 254 млн теңге. Жұбанов ауылдық округінің орталығы Қаракөл ауылына Жұрын ауылынан көгілдір отын тарту жұмыстарын «АктобеНефтеГазСтрой» ЖШС-і жүргізді. Газ тартуға бюджеттен 40 млн теңге бөлінді. Газ өндіретін зауыттың іргесінде отырып, бірнеше жылдан бері көгілдір отынға қол жеткізе алмаған қожасайлықтар жақын арада көгілдір отынның рахатын көрмек. Бүгінде газ тарту жұмыстары аяқталып, ауылішілік жұмыстар жасалуда.

Аудан аумағында бүгінге дейін газ бармаған Ащысай, Егіндібұлақ, Құмсай ауылдық округтерін газбен қамтамасыз ету үшін жүйелі жұмыстар атқарылуда. Ащысай ауылына бүгінде Қаракөл ауылынан газ тарту жұмыстары басталған. Ал Бұлақты мен Құмсай ауылдарын газдандыру үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда.

Елдің ертеңі – білімді ұрпақ

1991 жылы еліміз тәуелсіздігін алған сәттен бастап білім беру жүйесін сапалық жағынан жақсартуды мақсат етіп қойды. Осы аралықта білім беруді басқару мен қаржыландырудың құқықтық-заңнамалық базасы қалыптасты. Мамандардың пікірінше, Қазақстанда білім беру саласын реформалау 1995 жылдан бастап қарқынды жүрді. Жүргізілген реформаға сәйкес, 90-шы жылдары бірқатар өзгерістерге қол жетті. Айталық, білім беру мекемелерінің құзіреті кеңейіп, жалпы орта білім мен мемлекеттік оқу орындарында кәсіби білімді тегін оқытуға мемлекет кепілдігі берілген. Үш тілде оқыту жүйесі енгізіліп, мемлекеттік емес оқу орындарына рұқсат беріліп, басқа мемлекет азаматтарына ҚР азаматымен тең дәрежеде білім алуға рұқсат берілді. Кредиттік жүйе мен тегін оқу гранты бөлініп, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарына кәсіби білім алу мен мобильділік бойынша оқуға мүмкіндік жасалды. ЖОО жоғары білімді шыңдауға мүмкіндік беретін негізгі әлеуметтік орын ретінде дербестікке ие болған. Елімізде 2005 жылға дейін «Ауыл мектебі» атты мемлекеттік бағдарлама жүргізілді. Бағдарламаның негізгі мақсаты еліміздегі ауылдық мектептерді белгілі бағыттар бойынша дамыту болды. Көптеген аймақта мектептер жетіспегендіктен, жауапты министрлік ауыл мектептерін білікті мамандармен қамтуды қолға алды. Осы шаралар «Білім» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жалғасын тапты. Мемлекеттің білім беру саясатын дамытудың ұзақмерзімді құжаты — 2004 жылы қабылданған «ҚР 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы» болды. Тұжырымдама ҚР Конституциясына, «Білім туралы» ҚР Заңына, «Ғылым туралы» Заңға, «Қазақстан-2030» Стратегиясына, «Қазақстанның 2015 жылға дейінгі индустриалдық-инновациялық даму стратегиясына», «Білім» мемлекеттік бағдарламасына, балалардың құқықтары туралы конвенцияға және т.б . отандық және халықаралық маңызды құжаттарға сәйкес әзірленді. Аталған бағдарламалардың  негізінде бүгінде аудан аумағында 37 мектепте 2000-нан астам мұғалім 12 000-ға жуық оқушыны білім нәрімен сусындатып келеді. Осы жылдар аралығында мектепке дейінгі білім беретін орталықтардың да саны артты. Кеңес үкіметі тараған сәтте аудан аумағындағы барлық балабақшалар түгелдей жабылып, қайтадан жасақталды. Қазірде ауданда мемлекеттік және жеке меншік 30 бөбекжай бақшада, 24 мектеп жанындағы шағын орталықта 4000-ға бүлдіршін тәрбиеленуде. Сонымен бірге Қандыағаш және Ембі қалаларында ұзартылған күн тәртібінде жұмыс жасайтын орталықтар да көптеп ашылуда. Ол жерде оқушылар түрлі пәннен қосымша сабақ оқиды.

Биылғы оқу жылында «DIGITAL QAZAQSTAN: ЖАҢА ЗАМАНДАҒЫ БІЛІМ БЕРУ» жобасы қабылданды. Бұл жоба білім саласына жасанды интеллект технологияларының озық үлгілерін енгізіп, мектептегі білім сапасын арттырары сөзсіз. Осы жылы аудан аумағында үш мектептің құрылысы аяқталып, білім ошақтары пайдалануға берілді. Олар – Алтынды, Талдысай ауылдарындағы және Ембі қаласындағы мектептер. Сонымен бірге Қандыағаш қаласынан Жайлы мектептің, 600 орындық орта мектептің, Көтібар батыр ауылынан негізгі мектептің, Темір Көпір ауылынан бастауыш мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Денсаулық сақтау саласы — жүйеленіп келеді

Тәуелсіздік алған уақыттан бастап Қазақстанның медицина саласы сан алуан өзгерісті бастан кешірді. 30 жыл ішінде Денсаулық сақтау министрлігінде талай реформалар қабылданып, бірнеше министрлер ауысты. 1991 жылы Қазақстанның тарихында тұңғыш рет «Халықтың денсаулығын сақтау туралы» ҚР Заңы қабылданды. 1997 жылы денсаулық, білім беру және мәдениет саласы бір министрлікке бағынды. 1999 жылы министрлік атауы өзгертіліп, Денсаулық сақтау, білім және спорт министрлігі, 2014 жылы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі болып аталды. Бүгінде ведомство Денсаулық сақтау министрлігі деп өзгертілді. Қазақстан медицинасында орын алған түбегейлі өзгеріс — 2010 жылғы Бірыңғай Ұлттық Денсаулық сақтау жүйесі. Бұл бағдарлама шетелдік үздік тәжірибелерден үлгі ретінде алынды. Жүйе қабылданбас бұрын нормативтік-құқықтық база сәйкестендірілді. Бұл бағдарламаның жалғасы 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы болды. 2015 жылы «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының мерзімі аяқталады. Одан кейін 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Ал 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің іске қосылды. Аталған бағдарлама арқылы медицина саласына білікті дәрігерлер тартылады, халыққа сапалы әрі қолжетімді көмек көрсетіледі.

Жоғарыда аталған бағдарламалар арқылы еліміздің медицина саласы жүйелі дамып келеді. Оның шарапаты алыс аймақта жатқан аудандарға да тиюде. Ауданда МӘМС аясында 57 мыңнан астам тұрғын денсаулығын сақтандырып, мемлекет тарапынан медциналық көмекті тегін алады. Бүгінгі таңда Мұғалжар ауданы бойынша 2 аудандық аурухана, 1жеке меншік аурухана, ауылдық округтерде 9 дәрігерлік амбулатория, 21 медициналық, 7 фельдшерлік пунктер жұмыс жасауда. Онда 150-гежуық дәрігер, 386 мейірбике науқастарға қызмет көрсетеді. Ауруханалар заманауи медициналық құрылғылармен қамтылып, білікті дәрігерлер тартылуда. Сонымен бірге «Нұр шипа», «Кереmed», «Денсаулық», «Medlife» секілді жекеменшік медицина және стоматологиялық орталықтар және ірі лабороториялардың филиалдары ашылды.

Қазіргі таңда «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Бірлік, Жарық, Қайыңды, Қожасай, Мұғалжар ауылдарынан медициналық  пункттің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ауруханалардың базасы жедел-жәрдемжәне қызметтік көліктермен толығуда.

Кәсіпкерліктің тынысы кеңейді

Кәсіпкерліксаласыегемендікпенбіргекеліп, тәуелсіздікпенбіргетүледі. Тәуелсіздік алғаннан кейін кәсіпкерлік белсенділікті қолдауға байланысты бірқатар заңдар қабылданды. Саланың дамуына «Қазақстанда кәсіпкерліктің дамуы мен шаруашылық қызметтің еркіндігі туралы», «Жеке кәсіпкерлікті қолдау және қорғау туралы» Заңдар түрткі болды. Бүгінде кәсіпкерлік саласын дамыту, қолдау құрылымын қалыптастыруда еліміз кезең-кезеңмен өзінің тарихи жолымен жүріп келеді. Тұтынушылардың да, кәсіпкерлердің де құқығы мен мүддесін сақтау жұмысы жолға қойылған.

Аудандық кірістер басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, ауданда жалпы саны 3815 жеке кәсіпкерлік, 503 шаруа қожалығы, 426 ЖШС-і бар. Ауданның дамуына газоблок шығаратын «Неохим» зауыты, терможабынды (минвата) өндіретін «Казтермогрупп», мұнай өңдейтін СНПС «АқтөбеМұнаГаз», «ВерналОйл» зауыттары, алтын өндіретін «AltynEx Company» мекемелері өз үлестерін қосуда. Сонымен бірге ірілі-ұсақты өндіріс орындары жетерлік. Шаштараз және әсемдік салондарының да саны артқан. Кондитерлік өнімдайындап, наубайханашылықпен айналысатын кәсіпкелер де баршылық. Соңғы жылдары тамақтану саласы да кең етек жайып, аудан аумағында тамақтану орталықтары, үлкен тойханалар, балалар ойын алаңдары ашылып, тұрғындарға қызметтер көрсетуде.

Тіршілік нәрімен қамтамасыз ету – назарда

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде 2025 жылға қарай еліміз бойынша сапалы ауыз суға қолжетімділікті 100 пайызға дейін арттыру көзделген еді. Межелі уақыт та жетті. Жоспарланған іс-шаралардың нәтижесінде аудан тұрғындар 96,3 пайызы ауызсумен қамтылған. Аудан халқын ауызсумен қамту жұмыстары 2015 жылдан бастап қарқынды жүзеге асырылып келеді. Бүгінде аудан аумағындағы ауылдық округ орталықтары, халық саны көп елді мекендер орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған. Ал 50 адамға дейінгі тұрғыны бар шағын ауылдарға кешенді блок модулі орнатылған.

Аудан тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету, сумен жабдықтау қызметін ауданда екі мекеме атқарады. Олар — Қандыағаш қаласындағы «Коммуналшы» және Ембі қаласындағы «Ембі жылу» мекемелері. Бүгінде «Коммуналшы» мекемесі Қандыағаш қаласын сумен қамтамасыз етіп қана қоймай, Ақкемер, Елек, Сағашилі, Бірлік, Қайыңды, Жағабұлақ, Ащысай, Қаракөл, Бұлақты, Ақсу, Жұрын, Басшилі және Талдысай ауылдарын да сумен жабдықтау бойынша қызметтер көрсетеді. Осы жылы Жұрын ауылының орталығынан су ұңғымасы қазылған. Бұл жұмыстарға жоғарыда аталған 31,6 млн теңгенің 12,8 млн-ы жұмсалған. Ал «Ембі жылу» мекемесі Ембі қаласы, Мұғалжар, Бұлақты ауылдан ауызсубен жабдықтау қызметін көрсетеді.

Алдағы уақытта ауызсумен қамтылатын елді мекендердің қатарында Саға, Құмжарған, Көтібар ауылдары бар. Бүгінде аталған ауылдарды тіршілік нәрімен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындау үшін бюджеттен қаржы сұралуда.

Спорт саласы — серпіліске толы

Еліміз тәуелсіздік алғалы спорт саласы едәуір жетістікке жетті. Олимпиада ойындары мен әлемдік додаларда көк туымыз сан мәрте желбіреп, әнұранымыз шырқалды, рухымыз асқақтай түсті. Тәуелсіздіктің арқасында өшкеніміз жанып, ескіміз жаңарып, көнеміз жаңғырды. 25-тен астамұлттықспорт түріжанданып дамыды. «Қазақ күресі», «Саятшылық», «Асық ату» және «Тоғызқұмалақ» секілді ұлттық спорт түрлері ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілді. «Қазақстан Барысы» республикалық турнирі ұлттық спорттық брендіне айналды. Қазақстанда 2011 жылғы VII қысқы Азия ойындарының өткізілуі жалпыұлттық спортты зор салтанатқа бөледі.

Ал аудан аумағында тұрғындардың дене шынықтыру және спортпен шұғылдануына арналған 126 спорттық нысан бар. Сонымен бірге аудандағы түрлі әлеуметтік нысандар спорт залмен жабдықталған. Ағымдағы жылы Ақкемер ауылдық округіне қарасты Жарық, Талдысай ауылдық округіндегі Еңбек ауылдарында шілде айында жаңа көпфункционалды спорт алаңдарының құрылысы басталды. Енбек ауылдық округі Сағашилі ауылындағы ангар типті спорт кешенінің құрылыс жұмыстары аяқталды. Аудандық  спорт бөлімінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылғы статистикалық деректерге сәйкес ауданда 30 145 адам спортпен шұғылданады. Бұл — аудан тұрғындарының 46 пайызын құрайды. Ал аудан мектептерінде оқитын 7345 оқушы түрлі дене шынықтыру ұжымдарында спортпен шұғылданды. Ал арнаулы оқу орындарындағы 725 студент жас түрлі спорт секцияларына барады. Олардың ішінде Қандыағаш, Ембі және Жем қалаларындағы 3 аула клубында 578 бала, Қандыағаш және Ембі қаласындағы «Ақтөбе» ФК филиалдарында 90 бала, SDFamily жеке жасөспірімдер футбол клубында 45 бала қамтылған.

Ауданорталығындағы «QYRAN» және Realsport спорт клубтары мемлекеттік тапсырысқа сәйкес спорттық бағдарлама арқылы жұмыс жасайды. Бүгінгі уақытта «QYRAN» күрес клубында 80 бала спортпен шұғылданса, real-sport клубында 355 бала спортқа тартылған. Сонымен қатар балалар және жасөспірімдер спорт мектептерінде 2783 оқушы спортпен айналысады. 574 түрлі спорт секциялары жұмыс жасайды.

Дайындаған Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

 

Ұқсас ақпараттар

Қазақстанда жаңа зерттеу университеті ашылады

admin_mugalzhar

ЕМБІ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ САЙЛАНДЫ

admin_mugalzhar

9 облыста ауа райына байланысты ескерту жарияланды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.