Тәуелсіздік ұрпақтары
Облыста шығармашыл жастарды қолдауға бағытталған «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грантқа конкурс басталды. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мейірхан Ермағанбетов гранттың талаптарын түсіндірді, — деп жазды «Ақтөбе» газетіне сілтеме жасаған mugalzhar.kz.
Аталған жоба жастарды өз идеялары мен жобаларын жүзеге асыруға ынталандырып, олардың кәсіби дағдыларын дамытуға және қоғамдық өмірге белсене қатысуға бағытталғанын айтты.
«Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы бойынша 3 миллон теңгеден 10 миллион теңгеге дейін грант беріледі. Конкурсқа еліміздің 16 жастан бастап, 35 жасқа дейінгі азаматтары үміткер бола алады.Гранттар 6 бағыт бойынша беріледі. Олар — ғылым, мәдениет, ақпараттық технология, бизнес, медиа, еріктілер қызметі.
Жоба аясында жоғары оқу орындарының 145 студентіне және колледждің 45 оқушысына шағын грант беріледі. Үміткерлердің тізімін оқу орындары хаттамалық тәртіпте жасақтап, комиссия қарауына ұсынады. Комиссия отырысында әрбір мәселе бойынша шешім ашық дауыс беру түрінде онлайн режимде және комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады.Үміткерлердің конкурстық өтінімдері 11-16 желтоқсан аралығында tauelsizdikurpaqtary2024@gmail.com электронды поштасы арқылы қабылданады.Қосымша сұрақтар болса, 8(747)-806-04-49 байланыс нөмері арқылы кеңес алуға болады.