«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ГЕНДЕР-ПАТИ (интермедия)

Сахнаға екі дос бір-біріне қуанышын жасыра алмай, айқайлап шығады.
– Менің әйелім бала көтерді. Мен әке атанамын. Мен әкемін!
– Енді ана емессің ғой. Не болды өзің туатындай жар салып?
– Мені мазақ қылма. Құттықтамайсың ба одан да. Мен әке боламын.
– Ал, құтты болсын! Қанша ай болды?
– Үш ай! Білесің бе, үш ай! Саусағымен көрсетеді.
– Мен қайдан білейін? Сенің балаң ғой. Енді не істейміз? Мені неге шақырдың? Жууға ма? Байтұрсынов көшесінің бойында жаңадан ашылған кафеге барамыз ба? Әлде…
– Досым, тұра тұр. Сені шақырған себебім, бұл қуанышымды әйелімнің есінде қалатындай атап өту керек, соған жоспар құрайық. Менің бірінші балам ғой. Гендер-пати жасаймыз.
– Ұл бола ма, қыз бола ма?
– Ұл болғыздырамыз. Соған дәу шар алып қойдым. Міне. Дайындалайық. Қазір келіншегім келеді. Ата-анамды да шақырдым. Оларда ұл болғанын қалайды. Тек…
– Не болып қалды?
– Келіншегім қыз болғанын қалап тұр. Соған сен көндіруің керек.
– Өмірі осы. Үйленгенде де көндіріп бердім. Бөлек шығармауға да көндірдім. Енді әйеліңнің ішіндегі балаңа араластырасың ба?
– Соңғы өтініш, досым. Біріншісін ұл етесің, сосын өзі білсін не туса да.
– Мен саған сиқыршымын ба әлде әулиемін ба? Әлде Аяз атамын ба? Қызық екенсің.
– Қазір келіншегім келіп қалады. Тездетейік.
– Жарайды. Шарыңды әкел. Үпілеп жіберейін. Сосын балаға есім қою керек. Есім дайын ба? Кім дейміз?
(Осы кезде досының әке-шешесі келеді. Амандық-саулықтан кейін іске кіріседі.)
– Балам, дайынсыңдар ма? Гуляны көндірдің ба?
– Гуляны досым Қанат көндіретін болды. Көк конфетий қайда, шардың ішіне салып, үрлейміз.
(Әкесі мен досы шар үрлеп, дайындыққа кірісіп жатады.)
– Балам, ұлымыздың есімін әкең екеуміз ақылдасып, Азамат деп қоятын болып келістік. Еліміздің үлкен азаматы болып…
– Мам, бұл ат болмайды. Эрик болсын. Азамат деген ескі.
– Қалай ескі? Қазақша есім ғой. Сенің есімің Жанат. Қазір есіміне сай жан-жағынды жандырып, биіктен көрініп жүрсің. Азамат – елге тұтқа болар үлкен есім. Эрикте не мағына бар? Еріп кете ме сонда? Жарамайды бұл.
– Мам, мен де зерттедім. Эрик деген неміс тілінен аударғанда құрметке ие болатын патша деген сөз. Қазіргі жағдайды өзіңіз білесіз. Құрметсіз патшалар көбейіп кетті. Халықты ойламайды, жемқорлар шеттерінен. Ал менің балам ертең ел басқарып, коррупциямен күресіп, құрметке ие болатын патша болады.
– Паһ, шіркін-ай! Ниетіңді қабыл етсін, досым. Апа, Жанат дұрыс айтады. Эрик деген керемет есім ғой. Келесісін ұйқастырып, Серік қоя салады. Сосын Берік, Өрік, осылай кете береді.
– Сендер де бір. Мақұл. Аман болсыншы бірінші.
(Сахнаға келіні Гуля шығады. Ата-енесіне сәлем салып, Жанатпен сүйісіп амандасады.)
– Айналайын, келін-ау. Баламды неше күн көрмеп едің? Қатты сағынып қалыпсың ғой. Ұлымды жақсы көргеніне қарағанда ұл босанатын сияқтысың.
(Сөзге әкесі араласады.)
– Нең бар сенің? Сүйе берсін, қайтесің. Өзінің күйеуі ғой.
– Пап дұрыс айтады, сүйгенде тұрған не бар? Өзімнің туған күйеуім. Айтпақшы, мама, мен қыз туатын боп келісіп келдім.
(Келіні риза көңілмен қарнын сипайды. Енесі шошып кетеді.)
– Кіммен?
– Мамамен. Ішіме қарап тұрып айтты.
– Немене құдағайдың көзі УЗИ ма еді?
– Әй, кемпір, шынымен құдағай бірдеңені біліп айтады. Алғаш құда болып барғанда маған ұзақ қарап тұрып, бір бөтелкеден мас болатынымды дөп басқан.
(Әкесі рахаттанып күледі. Әйелі шалын бүйірінен түртіп қалады.)
– Сенің түрін айтып тұр ғой екібастан. Мақұл, кім тусаң да, аман бол. Бірақ балаңның жынысын сен де, мен де, құдағай да білмейді.
– Енді кім біледі, апа?
– Мына шар біледі? Қазір жарған кезде анықталады? Қызыл бола ма, көк бола ма, сол кезде дөп бола ма, білеміз.
– Жарайық онда, апа.
(Келіні қуанып кетіп, шарға жақындайды.)
– Әуелі сендерге тілек айтайық. Сәбидің бауы берік болсын! Аман-есен дүниеге келіп, отбасын қуантсын.
(Бәрі кезек-кезек тілектерін арнайды. Содан кейін шарды жарады. Шар жарылып кетіп, ішінен көк конфетий ақтарылады. Келіннің көзі жасаурап сала береді. Осы кезде сахнаға әжесі шығады. )
– Әй, не болды? Не жарылды?
(Келіні енесін көргенде сәлем салады.)
– Апа, сәлем бердік. Шар жарылды. Гендер-пати жасап жатырмыз. Дәл келдіңіз. Келініңіз ұл босанатын болды. Құтты болсын!
– Не дейді? Шардың ішінен бала шықты ма, немене? Менің немереме шардың не қатысы бар? Бұл қайдан келген бәле? Дәстүрлеріңді білмей, айдалаға лағаласыңдар, түге. Тарихымызда гендер, пендер деген болған жоқ. Анау жоғары жақтағы бала тумайтын бастық әйелдердің шығарып жүргендері ғой. Білмесеңдер айтайын, аяғы ауыр әйелге қатысты ертеден келе жатқан дәстүрді пати емес, құрсақ шашу тойы деп атайды. Шар жарып, әуре болмайды. Одан кейін екіқабат әйелдің қиналмай босануы үшін жасайтын ырымды жарыс қазан дейді. Әй, келін, сен енесің ғой, соны айтудың орнына мына желкілдектердің ізінен еріп, шар жарып жүргенің не? Ішінен бала шыға келеді деп ойладың ба? Түрлерің құрсын.
– Апа, кешіріңіз. Қазір бәрі жасап жатқан соң, балалардың көңілі үшін деп…
– Көңіл үшін болса, дұрыс, пайдалы нәрсе жасамайсыңдар ма? Шардың жарылғанынан ана жақта менің жүрегім дүрс етті. Ана келіннің ішіндегі шарана шардың дауысын естіп, құлағын басып жатқан шығар сендердің ақымақ тірліктеріңді естіп. Бұл жаман ырым. Қазіргі дүниеге келіп жатқан сәбилердің осындай дыбыстан керең болып, ата-аналарының тілін алмай жүргені ақымақ әрекеттеріңнің кесірі.
– Әже, кешірім сұраймыз. Ұл бола ма, қыз бола, бір құдайдың қолында екенін енді түсіндік. Батаңызды беріңізші бізге.
(Немересі мен келіні әжесінің алдына тізерлеп, бата сұрайды. Жанына досы да отыра кетеді. Ұлы мен үлкен келіні де қолдарын жаяды.)
– Түсінгендеріне шүкір, айналайындар. Қазақтың салт-дәстүрлері тұнып тұрған тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге. Өткеннің ізін жалғастыру сендердің қолдарында.
Сұрасаң бата берейін.
Үстем болсын мерейін.
Ұлтты алға сүйрейтін
Болашаққа сенейін.
Дастарқаның бай болсын,
Көңілдерің жай болсын!
Келіндердің пейілі
Салт-дәстүрге сай болсын.
Басыңа бақ орнасын,
Қызыр болсын жолдасың.
Патиға бас ауыртпай,
Құрсақ шашу тойласын.
Жоғалмасын салтымыз,
Өсе берсін парқымыз.
Бәле-жала, қауіптен
Аман болсын халқымыз.
Әумин!
(Бәрі қуанышты жүзбен, бір-бірін құттықтаған күйі сахнада шығады.)
К.МАСИН, «Толқын» газеті.

Ұқсас ақпараттар

Синоптиктер: Қазақстанда мамыр айында бірнеше облыста құрғақшылық болады

admin_mugalzhar

Ораза кезінде иммунитет төмендеп кетпеу үшін не істеу керек? Маман айтты

admin_mugalzhar

179 МҰҒАЛЖАРЛЫҚ ӘСКЕРИ МІНДЕТІН АТҚАРУДА

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.