«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҚЫЗЫҚТЫ КАНИКУЛ БАСТАЛДЫ

ЖАЗ КЕЛДІ ДЕГЕНІМІЗ, БАЛАЛАР ҮШІН ДЕМАЛЫС ПЕН ҚЫЗЫҚТЫ СӘТТЕР БАСТАЛДЫ ДЕГЕН СӨЗ. ӘСІРЕСЕ, ЖАЗҒЫ ЛАГЕРЬЛЕР МЕН ҮЙІРМЕЛЕР ОЛАРДЫҢ УАҚЫТЫН ТИІМДІ ӨТКІЗІП, ЖАҢА ДОСТАР ТАУЫП, ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ПЕН СПОРТҚА ДЕГЕН ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫН АРТТЫРУДЫҢ ТАПТЫРМАС ЖОЛЫ. ОСЫ МАҚСАТТА ЖЫЛДАҒЫ ҮРДІСПЕН БИЫЛ ДА АУДАНДА ОҚУШЫЛАРДЫҢ ДЕМАЛЫСЫН МАЗМҰНДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ БАҒЫТЫНДА БІЛІМ МЕН ТӘРБИЕ БЕРУ, ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ПЕН СПОРТТЫ ДАМЫТУ, ЕҢБЕККЕ БАУЛУ БАҒЫТЫНДА КЕШЕНДІ ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛУДЕ. ТОЛЫҒЫРАҚ ТӨМЕНДЕ ТАРҚАТАМЫЗ…


Үйірмелер мен секцияларға 1 500 бала қамтылған
Аудандық білім бөлімінің мамандары берген мәліметке сүйенсек, бүгінде жазғы демалыс кезінде Мұғалжар ауданының әр елді мекеніндегі қосымша білім беру ұйымдарында оқушылар үшін түрлі бағыттағы үйірмелер мен спорттық секциялар ұйымдастырылуда. Балалардың бос уақытын тиімді өткізуге, шығармашылық қабілеттерін шыңдап, дене тәрбиесін нығайтуға бағытталған бұл жұмыстарға 1 500-ден астам оқушы қамтылды. Олар шығармашылық (сурет, қолөнер, “Art Studio”, “Бояулар сыры”, көркем гимнастика, “Зерде”, жас суретші, көркем сөз), музыка және өнер (домбыра, фортепиано, баян, қобыз, шертер, вокал, вокалхор, халық әні), ғылым мен білім (жас математик, математика, сауат ашу, робототехника), спорт және дене тәрбиесі (қазақ күресі, волейбол, футбол, дзюдо, көркем гимнастика), ұлттық мұралар мен зияткерлік ойындар (тоғызқұмалақ, шахмат) бағыттары бойынша жоспарланған.
Бұл үйірмелер Қандыағаш, Ембі, Жем қалаларындағы аула клубтарында, аудандық шығармашылық орталықта және А.Жұбанов атындағы музыка мектебінде жүзеге асырылып отыр. Оқушылар қызығушылықтарына қарай бірнеше бағытты қатар таңдап, жазғы демалысты пайдалы өткізулеріне болады.

5 233 бала лагерьлерге барады
Сонымен қатар аудан мектептерінде күндізгі лагерьлер өз жұмысын бастады. 1 маусым күні өткен ашылу салтанатынан кейін лагерлер 2 маусым мен 22 шілде аралығында өз жұмысын жалғастыруда. Тамақсыз күндізгі алаңдарға 1-10 сынып аралығындағы 5 233 бала қамтылған. Бұл аталмыш жас санатындағы оқушылардың 99,3%-ын құрайды. Ал ыстық тамақпен қамтамасыз етілген алаңдарға 1-10 сыныптан 642 бала қатысады.
Арнайы санаттағы балаларға 8 млн теңге бөлінген
Жазғы демалыс кезеңінде әлеуметтік қолдауды қажет ететін оқушылардың да бос уақытын ұйымдастыруға ерекше назар аударылған. Әлеуметтік осал топтардан шыққан және көпбалалы отбасылардың балалары үшін облыстық бюджет есебінен арнайы демалыс мүмкіндігі ұсынылды.
8-14 жас аралығындағы 100 оқушы Алматы қаласындағы “TauLand” сауықтыру лагерінде алдағы жазғы демалыста тегін демалады. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 8 млн теңге бөлінді.Жобаны жүзеге асырушы «Astra Global Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Лагерь бағдарламасы балалардың денсаулығын нығайтуға, шығармашылық қабілеттері мен коммуникативтік дағдыларын дамытуға бағытталған, — дейді білім бөлімінің әдіскері Ақнұр Дүйсенғали.


Танымдық экскурсия – көкжиекті кеңейтеді
Сондай-ақ білім бөлімінің маманы Ақнұр Алтайқызы оқушылардың жазғы демалысын мазмұнды өткізу мақсатында тарихимәдени бағыттағы танымдық экскурсиялар ұйымдастырылатынын да жеткізді. Мұндай сапарлар балалардың туған өлке тарихына деген қызығушылығын арттырып, отансүйгіштік пен руханимәдени құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.
Алдағы уақытта Алға ауданындағы Есет батыр кесенесіне 38 оқушы, Әйтеке би ауданындағы Хан моласына 18 оқушы, Темір ауданындағы Досжан ишан мешітіне 18 оқушы экскурсияға барады, — дейді ол.
«SKILLS CAMP» — кәсіптік біліктілік лагері
Биылғы лагерьдің тағы бір ерекшелігі — «SKILLS CAMP» жобасы. 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып белгіленуіне орай, Мұғалжар ауданында оқушылардың еңбекке бейімділігін арттыру, кәсіби бағдар беру мақсатында арнайы жобалар қолға алынуда. Осы лагерь соның бір дәлелі болмақ.
Аталған жоба аясында Қандыағаш және Ембі қалаларындағы мектептерден 120 оқушы қатысатын жазғы кәсіптік лагерь ұйымдастырылады. Лагерь жұмысы екі қаладағы арнайы колледждер базасында өткізіледі. Мұнда оқушылар жұмысшы маманды қтарымен танысып, алғашқы кәсіби дағдыларды меңгеріп, еңбек мәдениетін үйренуге мүмкіндік алады, — дейді Ақнұр Дүйсенғали. Оның сөзінше, «Skills Camp» лагеріне 7, 8, 9 және 10-сынып оқушылары қатыса алады. Маман жобаның негізгі мақсатының жасөспірімдер арасында сұранысқа ие техникалық және кәсіптік білімге қызығушылықты арттыру, еңбек нарығына ерте бейімдеу екенін жеткізді.
Маусымдық жұмыс – еңбекке баулуға мүмкіндік
Оқушыларды еңбекке баулу және жазғы уақытын тиімді өткізу мақсатында маусымдық жұмысқа тарту жұмыстары да қолға алынуда. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы 16 жастан жоғары 150 оқушы жазғы маусымда жұмысқа орналастырылады. Бұл шара оқушылардың алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтауға және қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар 9-10 сынып оқушылары мектеп ауласын көгалдандыру, абаттандыру және тазалық жұмыстарымен айналысады. Бұл жұмыс түрлері оқушылардың қоғамдық жауапкершілігін арттырып, туған мектепке деген қамқорлық сезімін қалыптастырады. Аудан оқушыларының бір бөлігі Орқаш орман шаруашылығында еңбек етеді. Мұнда олар табиғатты қорғау, орманды күтіп-баптау және экологиялық тәрбие беру бағытында жұмыс атқарады, — дейді әдіскер.


Жазғы алаң күнделігінен
Сонымен балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастырып, бос уақыттарын мазмұнды өткізу, олардың бойындағы қабілетті анықтап, шығармашылықтарын дамыту – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Осы мақсатта ашылған жазғы лагерьлердің тыныс-тіршілігімен танысу үшін Қандыағаш қалалық №2 орта мектебіне арнайы барып қайттық. Таңғы сағат 9.00-де мектепке барғанымызда, балалардың мектеп алдында сергектікпен таңғы жаттығу жасап жатқанын көрдік. Жаттығу аяқталысымен балалар біртіндеп мектепке кіре бастады. Бізді жазғы алаң жетекшісі Раушан Мимандусова жылы жүзбен қарсы алды.


Жетекшілердің айтуынша, лагерь екі ауысым бойынша жұмыс істейді. Бірінші ауысым 2-11 маусым аралығында, екінші ауысым 12-23 маусым аралығында.
Лагерьде 1-4 сынып аралығындағы 252 оқушы демалуда. Оның ішінде бірінші кезеңде -125, екінші кезеңде 127 бала қамтылған. Әр кезеңде балалар төрт топқа бөлініп, әр топқа екі жетекшіден бекітілген. Сонымен қатар музыка және дене шынықтыру пәні мұғалімдері де белсенді жұмыс атқарады.
Лагерь басшысы Риза Туралиеваның айтуынша, балалардың жазғы демалысын қызықты әрі мазмұнды өткізу мақсатында лагерьде 9 бағыт бойынша жұмыстар ұйымдастырылған. Атап айтқанда, мәдени-рухани бағыт, экологиялық бағыт, көркемдік-эстетикалық бағыт, этикалық бағыт, туристік-өлкетану бағыт, дене шынықтыру және сауықтыру бағыт, азаматтық-патриоттық бағыт, технологиялық және инновациялық бағыт және экономикалық бағыт.
Осы бағыттар бойынша саяхат жасау, табиғат аясында демалу, патриоттық флешмоб, көңілді старт, дұрыс тамақтану, шығармашылық қабілеттерін дамыту жүргізілуде, — деді лагерь басшысы Риза Маратқызы.
Лагерьдің күн тәртібіне келер болсақ, жұмыс уақыты таңғы 9.00- ден 12.00-ге дейін жоспарланған. 8.45-9.00-ге дейін балаларды түгендеп, қабылдайды. Кейін 30 минут мектеп алдында ертеңгілік жаттығулар жасалады. 9.40-11.15 аралығында әр топ жетекшілердің жоспары бойынша түрлі жұмыстар жүргізіледі. Ал содан кейін балалар сергу үшін 11.20-да музыка сабағы өткізіледі. Ал 12.00- де балалар үйлеріне таратылады.


Әр топ жетекшілері балалардың демалысы көңілді өтіп, қуанышқа толы болуы үшін күшжігерін, шығармашылық қабілеттерін аямай, әр күнге жоспарланған қызықты мерекелік іс-шаралар ұйымдастырады. Жоғарыда аталып өткен шаралармен бірге топтық спорттық ойындар ойнатылып, қызықты фильмдер көрсетіліп, флешмобтар үйретіліп, түрлі тақырыптағы асфальт бетіне сурет салу байқаулары өткізіледі. Балалар сурет салады, өлең оқиды және ән айтады. Осылайша, жазғы алаңның әр күні қанық және балалық шақтан көптеген жағымды әсер қалдырады деп ойлаймын, — дейді лагерь жетекшісі Раушан Мимандусова.
Лагерьді аралау барысында бір топ балаларының топта сурет салып, енді бір топтың түрлі ойындар ойнап жатқанын көрдік. Ал келесі бір топ кабинеттерде би билесе, басқа топ логикалық ойындар ойнауда.
Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

eGov Mobile қосымшасында тағы бір жаңа қызмет қолжетімді болды

admin_mugalzhar

18 мыңнан астам мұғалім тегін курстан өтті

admin_mugalzhar

Қазақстандықтар тамызда қанша күн демалады

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.