Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты жүргізген соңғы сауалнама нәтижелері жастардың Президентке деген сенімінің айрықша жоғары екенін көрсетті. 18 бен 29 жас аралығындағы азаматтардың 90,3%-ы Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдайтынын жеткізді. Бұл дерек жастардың саяси реформаларға, әлеуметтік жаңғыруға және елдің болашағына деген сенімінің өте берік екенін дәлелдейді. Жастар – қоғамның ең белсенді, жаңашыл әрі идеяға бай бөлігі. Олардың қолдауы ел дамуының стратегиялық негізін құрайды. Мемлекет басшысының білім беру, жастарды жұмыспен қамту, инновация мен цифрлық саланы дамытуға бағытталған бастамалары жас буынға ерекше әсер етуде. Сондай-ақ, жастардың әлеуметтік әділеттілік пен тең мүмкіндіктерге қатысты үміт-тілектері Президент саясатының негізгі бағыттарымен сәйкес келеді. Сондықтан жастардың жоғары деңгейдегі қолдауы – Қазақстанның тұрақты әрі сенімді дамуының кепілі.
Дәулет Серікбаев, Мұғалжар аудандық жастар ресурстық орталығының директоры.