«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АУДАНҒА ҚАНДАС 36 ҚАЗАҚ ОТБАСЫ КӨШІП КЕЛДІ

ЕЛІМІЗ ТӘУЕЛСІЗДІГІН АЛҒАННАН КЕЙІН 1 МЛН 200 МЫҢНАН АСТАМ ЭТНИКАЛЫҚ ҚАЗАҚ ОТАНЫНА ОРАЛЫПТЫ. ҚОНЫС АУДАРУШЫЛАР ЕЛІМІЗДІҢ ӘРТҮРЛІ ӨҢІРІНЕ ОРНАЛАСТЫРЫЛЫП, ЕҢБЕККЕ АРАЛАСТЫ. ОЛАР ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ ДЕМОГРАФИЯСЫНА ДЕМ БЕРІП ҚАНА ҚОЙМАЙ, ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ДАМУЫНА ЗОР ҮЛЕСІН ҚОСУДА.

1,2 МЛН ҚАНДАС ЕЛГЕ ОРАЛҒАН

Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 200 мыңнан астам этникалық қазақ оралды. 2024 жылы 18 мыңға жуық этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың 2025 жылға арналған өңірлік квотасы 9653 адам деп бекітілген болатын. Олардың 7344-і ел ішіндегі қоныстанушыларға болса, 2309-ы қандастарды қабылдау үшін 2025 жылы 1 070 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алған.

ҚАНДАСТАР ҚАЙДАН КЕЛДІ?

2024 жылы Қазақстанға келген қандастардың 45,9 пайызы Қытайдан, 39,2%-ы Өзбекстаннан, 5,8% – Моңғолиядан, 5,2% – Түрікменстаннан, 2,8% – Ресейден және 1,1% басқа елдерден. Ресми деректерге сүйенсек, жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі 46,4% Қытайдан, 41% Өзбекстаннан, 7,1% Түрікменстаннан, 1,9% Ресейден және 1,7% басқа елдерден келген. Жыл басынан бері, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2,2 мыңға жуық этникалық қазақ қандас мәртебесін алды. Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды. 2025 жылы еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 60,2%-ы, кәмелетке толмағандар 32,9%-ы және зейнеткерлер 6,8%-ы құрайды. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 16,7%-ы жоғары білімді, 32,9%-ы орта кәсіби білімді, 48,4%-ы жалпы орта білімді және 1,9%-ының білімі жоқ.

ОЛАР ҚАЙДА ҚОНЫСТАНДЫ?

Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанған. Олардың ең көп тұратын өңірлері қатарында Түркістан, Алматы, Маңғыстау облыстары, Жаңаөзен, Алматы, Астана, Тараз қалалары бар. Соңғы жылдары қандастар жағдайы жақсы Астана мен Алматыға, облыстық маңызы бар қалаларға көшуге тырысады. Соңғы жылдары қандастарды қоныстандыру Ақмола, Абай, Атырау, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында жүйелі жүргізілуде. Бұл аймақтарда еңбек күші тапшы. Сол себепті мемлекеттік түрлі бағдарламалар қабылдануда. Қоныстандыру өңірлерінде 2025 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 309 адамды құрайды. Жыл басындағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 200-ге жуық қандас қоныс аударған.

ҚАНДАЙ КӨМЕК КӨРСЕТІЛЕДІ?

Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады. Бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (275,2 мың теңге) мөлшерінде, тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (59- дан 118 мың теңгеге дейін) мөлшерінде қаражат беріледі. Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтар мен қандастарды еңбек күші тапшы өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданған. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4,56 млн теңгеге дейінгі мөлшерде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілген.

Елге келген этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды. Сонымен бірге қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары. Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (55,3-ден 110,7 мың теңгеге дейін) мөлшерінде. 2023 жылдан бастап пилоттық режимде Қазақстан елшіліктері арқылы «Бір терезе» қағидаты бойынша қандас мәртебесін беру тетігі іске асырылды. Пилоттық жоба шеңберінде елге бару, жұмыс орны, тұрғын үй беру мүмкіндіктері туралы мәселені шешуге және республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға болады.

ӨТКЕН ЖЫЛЫ ӨҢІРГЕ 78 ЭТНИКАЛЫҚ ОТБАСЫ ҚОНЫС АУДАРДЫ

Тәуелсіздік алған уақыттан бері шет елдердегі қандастардың отанға ат басын бұруы сол қандастарымыз үшін де, оларды қуанышпен қарсы алған еліміз үшін де тиімді шара болды. Ақтөбе облысында қоныс аударған этникалық қазақтарды қолдау, оларға көмек көрсету, қоғамға бейімдеу және интеграциялау бойынша жүйелі жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, соңғы 5 жылда Ақтөбе облысына 840 этникалық қазақ отбасы оралып, олардың құрамындағы 1223 адам қандас мәртебесін алды. Аймаққа Ресей Федерациясынан, Өзбекстаннан, Түрікменстаннан, Қырғызстаннан, Тәжікстаннан және Қытай Халық Республикасынан азаматтар қоныс аударды. Ал 2024 жылы 78 отбасы, яғни 106 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды. Олар Ақтөбе, Алға, Мәртөк, Мұғалжар және Қарғалы аудандарына қоныстанды. Өңірде қандастарды бейімдеу мен әлеуметтендіру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2024 жылы мигранттар мен қандастарды жергілікті қоғамдастыққа бейімдеу және интеграциялау қызметтері FSM Social мобильді қосымшасы арқылы автоматтандырылды. 2025 жылы да қандастарды бейімдеу және әлеуметтендіру жұмыстары жалғасуда.

АУДАНҒА СОҢҒЫ 5 ЖЫЛДА 36 ҚАЗАҚ ОТБАСЫ КЕЛДІ

Өткен жылы ауданға 11 этникалық қазақ отбасы көшіп келіп, қандас мәртебесін алды. Оның ішінде: Өзбекстаннан — 7 отбасы, Түркменстаннан — 1 отбасы келген. Этникалық қазақтардың ішінде еңбекке қабілетті жастағысы — 9 адам, кәмелеттік жасқа толмаған 1 бала және 1 зейнеткер бар. Ауданда қандастарды бейімдеу және әлеуметтендіру бойынша жұмыстар жүйелі атқарылуда. 2024 жылы Қазақстанда FSM Social мобильдік қосымшасын пайдалана отырып, қоныс аударушылар мен қандастарды жергілікті қоғамдастыққа бейімдеу және интеграциялау жөніндегі қызметтер автоматтандырылды. Автоматтандырылған жүйені енгізген уақыттан бастап аудан бойынша FSM SOCIAL бағдарламасында 11 қандас тіркелген. Бүгінгі күнге 7 адам Мұғалжар аудандық мансап орталығына жолыққан.

Олардың арасынан алғашқы жұмыс орны бағдарламасы арқылы 1 адам жұмысқа жолданып, қысқа мерзімдік курсқа 1 адам қатысу үшін тіркелген. Ал 6 адамға бос жұмыс орындарынан өз қалауы бойынша жұмыс таңдау, бос жұмыс орындарына қатысу арқылы лайықты жұмыс іздеу туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

МҰҒАЛЖАРЛЫҚ ҚАНДАСТАР

Бүгінде ауданға көшіп келген қандастар ауданның әлеуметтікэкономикалық дамуы жолында жемісті еңбек етуде. Солардың бірі – Мұғалжар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарған, бүгінде зейнеткер Құрал Байсұлтанов. Ол Қарақалпақ еліндегі Қоңырат ауданы Арзымбетқұм ауылында 1953 жылы дүниеге келген. Әкесі Байсұлтан қазақ жерінде, оның ішінде Ақтөбенің Байғанин ауданында дүниеге келіп, 5 жасында Қарақалпақстанға көшкен екен.

Қазақстанның кез келген қаласына көшуге, балаларымды да оқытуға болар еді, әрине. Бірақ өзімнің ата-бабамның топырағына, әкемнің туған жеріне — Ақтөбе өңіріне бүйрегім бұрды. Содан қолдағы қаражаттың, алған квотаның жеткеніне қарай 2004 жылы осы Қандыағаштан үй алып, өз үйімізді салғанша сонда тұрдық. Осында сонау Қоңыраттағы ағаштан салған үйімді бұзып, пойызбен жеткізіп, қайта көтердім. Себебі бұл үй менің әкемнің өзі баптап өсірген ағаштарымен тұрғызылған еді. Сонысымен де мен үшін ерекше ыстық ұя, — дейді Құрал Байсұлтанов.

2003 жылы Қазақстан азаматтығына құжат тапсырып, 2004 жылы азаматтығын алғаннан кейін Құрал Байсұлтанов 7 жылдай аудандық «Мұғалжар» газетінде тілші болып еңбек етті. Зейнетке шыққанға дейін Мұғалжар аудандық мұрағат бөлімінің директоры қызметін атқарды. 2025 жылдың тамыз айына дейін Мұғалжар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметінде болды. Құрал Байсұлтановтың бастамасымен өзі тұратын «Самал» мөлтек ауданындағы бір көшеге Қарақалпақ еліндегі Қоңырат ауданының тумасы, ақын Төлеген Айбергеновтың аты берілді. Бүгінгі таңда аудан орталығындағы ақын есімімен аталатын көшеде Қарақалпақстаннан келген бірнеше отбасы тұрады.

Елге қоныс аударып, жемісті еңбек етіп жатқан қандастардың бірі – Қандыағаш қаласындағы «Шапағат» ауруханасының терапевт дәрігері Жамбыл Парменов. Ол Қандыағаш қаласына отбасымен Қарақалпақстан елінен қоныс аударған.

Кез келген шеттегi қандасымыз өз елiне, туған Отанына келуге асығады. Бұл олардың көптен күткен асыл арманы. Оның үстiне мына өсiп келе жатқан ұрпағы өз елiнде бiлiм алып, өз тiлiнде сөйлесе екен дейдi. Мемлекеттің қолдауымен Қандыағаш қаласына отбасыммен көшіп келдім. Көшіп келген уақыттан бастап бүгінгі күнге дейін «Шапағат» ауруханасында еңбек етудемін. Шүкір деймін балаларым кішкентайынан ата жұртында білім алды. Үлкен ұлым менің жолымды жалғастырып, дәрігер мамандығы бойынша қызмет атқаруда, — дейді Жамбыл Парменов.

Қандыағаш қаласының спорт сүйер қауымына жақсы таныс қандасымыз Қарақалпақстан елінің Қоңырат ауданынан қоныс аударған Амангелді Үсенбаев. Оның отбасы 2003 жылы Қандыағаш қаласына көшіп келді. Амангелді Ұзақбайұлы елге оралғаннан кейін спорт мектебінде бокс бөлімінің жаттықтырушысы болып жұмысын бастады. 20 жылдан астам уақыт Қандыағаш қаласының мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде шәкірт тәрбиелеп келеді. Шәкірттері облыстық, республикалық, халықаралық жарыстардың жеңімпазы мен жүлдегерлері.

Қандыағашта жиһаз жасайтын Ғалым Айтымбетовті білмейтін жан кемде-кем. Ол да мемлекеттің қолдауымен отбасымен Қарақалпақстаннан 2004 жылы Ақкемер ауылдық округіне көшіп келді. Жиһаз жасауды Ақкемер ауылындағы ауласынан бастаған Ғалым бүгінде кәсібін кеңейтіп, Қандыағаш қаласынан «Заңғар» жиһаз жасау цехын ашып, нәтижелі еңбек етуде.

 

Ұқсас ақпараттар

АЭС құрылысына әлемдегі үздік компания атсалысады

admin_mugalzhar

Құн салығы неге көтеріледі?

admin_mugalzhar

Еліміздің барлық әуежайында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.