Қазіргі таңда ауданда кәсіп ашып, ел экономикасына үлес қосып жүрген жандардың қатары артып келеді. Әсіресе, Қандыағаш қаласында тың идеяларды жүзеге асырып, өз ісінжолға қойған іскер азаматтар баршылық. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлер кеңесінің мүшелері аудандық кәсіпкерлік бөлімі және мансап орталығымен бірге осындай белсенді кәсіпкерлердің жұмысымен танысып қайтты.
Айта кету керек, бұл екі кәсіп те, яғни күркетауық өсіру ісі мен битсірке тазалау орталығы – аудан көлемінде әзірге жалғыз жүзеге асып отырған бағыттар. Басты мақсаты тың кәсіп түрлерін халыққа таныстырумен қатар, бизнесті дамыту жолындағы кедергілер мен ұсыныс-сұраныстарды анықтау. Бұл жолы кеңес мүшелері екі кәсіп нысанына барды. Біріншісі — «Айару» ЖК-нің иесі Нұргүл Сансызбай. Ол мемлекеттік грант жеңіп алып, күркетауық өсірумен айналысып отыр. Бүгінде жас кәсіпкер отбасы 29 күркетауық бағады. Кәсіп иелері мемлекеттік грант алмаған уақытта да осы кәсіппен айналысқан. Алдағы уақытта бұл істі кеңейтіп, құстыңөзге түрлерін де өсіруді жоспарлап қойғандарын айтты. Кездесу барысында кәсіп иелерімен бірге күркетауықтың күтімі, азықтандыру ерекшелігі және жем түрлерімен де таныстық.
Болашақта жас кәсіпкер мемлекеттен қосымша жер алып, кәсібін кеңейтуді жоспарлап отырғанын жеткізді. Осы мәселеге қатысты ол «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Мұғалжар аудандық филиалының директоры Көмекбай Бектұрғановқа сұрақтар қойып, жер алу тәртібі мен қажетті құжаттар жөнінде толыққанды ақпарат алды.
Ал келесі нысан «Тайпакова» ЖКнің иесі Сәуле Тайпақова басқаратын “Hair-Center” тазалау орталығы. Бұл орталықтың ашылғанына небәрі бір ай ғана болған. Иесі бөлінген грантқа алған құрал-жабдықтарын таныстырып, жұмыс барысын көрсетті. Тіпті қасына бір жұмысшы алған. Ол қысқа уақыт ішінде-ақ қызмет сапасымен тұтынушылардың ризашылығына бөленіп үлгергенін жеткізді.
А.МАНАСБАЕВА