«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Ақтөбелік оқушылар 4 мың асықтан киіз үй құрастырды

Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары ерекше жобаны жүзеге асырды. Олар бар-жоғы екі апта ішінде төрт мың асықтан тұратын киіз үй жасап шықты.

Диаметрі бір метр, ал биіктігі 80 сантиметрден асатын киіз үйді жасау оңайға соқпаған. Ең күрделі кезең – асық жинау болған. Сол себепті жобаға Астана, Тараз және Өскемен қалаларындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары да атсалысып, өз үлестерін қосыпты. Ұстаздар да балаларға қолдау көрсеткен.

«Оқушыларға жеңіл болуы үшін алдын ала картоннан қаңқасын дайындадық. Кейін әр топ өздері әкелген асықтармен жұмыс істеп, киіз үйдің бөліктерін біріктірді», – дейді жобаға қатысушы Ғани Телағыс.

Туынды ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналды.

Мектеп директоры Қайырбек Сәбитұлының айтуынша, бұл бастама оқушылардың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, табиғи материалмен жұмыс істеу арқылы шығармашылық қабілеттерін дамытады.

Айта кетейік, мектепте ұлттық ойындарға арналған арнайы бұрыш бар. Оқушылар сабақ арасындағы үзілістерде асық ойнап, бос уақыттарын тиімді өткізеді. Ұстаздар мұндай шаралар жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттырады деп есептейді.

Ұқсас ақпараттар

Қазақстандағы туризм саласы: динамика, инвестиция және Neo Nomad Visa

admin_mugalzhar

Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы басталды

admin_mugalzhar

Елімізде наурыздан бастап қандай телефондар бұғатталады?

admin_mugalzhar