ҚАТАР-ҚАТАР ТІЗІЛГЕН ЖІПТЕР, ТҮРЛІ-ТҮСТІ КИІМДЕР, ШАШЫЛҒАН МАТА ҚИЫНДЫЛАРЫ, БІРІНЕН СОҢ БІРІ КЕЛІП ЖАТҚАН ТАПСЫРЫС БЕРУШІЛЕР… ИӘ, МҰНЫҢ БӘРІ ТІГІН ШЕБЕРХАНАСЫНДА КҮН САЙЫН ҚАЙТАЛАНАТЫН ТІРШІЛІК КӨРІНІСІ. БҰЛ — ӨЗ ІСІН СҮЙІП ІСТЕЙТІН, ЕҢБЕГІНІҢ ЖЕМІСІН КӨРІП ЖҮРГЕН ІСМЕР, «SHABYT» ТІГІН ШЕБЕРХАНАСЫНЫҢ ИЕСІ АЗИМА УМАРОВАНЫҢ ШАҒЫН, БІРАҚ ШЫРАЙЛЫ ӘЛЕМІ.
Азима Умарованың мамандығы — модельер-пішуші. Тігінге бала күнінен қызығып өскен ол 2011 жылдан бастап өз кәсібін қолға алған. Алғашында шағын тігін машинасымен үйде отырып, тапсырыстар қабылдап, әр тігілген киімнен жаңа шабыт алған.
— Тігін ісі — мен үшін жай ғана жұмыс емес, бұл жан рақаты. Әр мата, әр түстің өз мінезі бар. Бір матаны кескенде қолыңнан бір киім емес, адамның көңіл-күйі, қуанышы тігіліп шығатындай әсерде боласың. Тапсырыс берушінің киімді киіп көріп, жүзінен қуаныш көрген сәт – ең үлкен марапат, — дейді Азима күлімдеп.
Бала күтімімен үйде отырған кезінде де қолөнерін тастамаған ісмер үйден ұсақ тапсырыстар алып отырған. Кейін баласын балабақшаға берген соң, кәсібін кеңейтіп, ресми түрде қайта іске қосқан. Ал биыл Азима мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алған. Бұл жолда оған үлкен бағыт-бағдармен қолдау көрсеткен – «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы.
— «Атамекен» палатасының мамандары маған кәсіпті заңды түрде тіркеу, бизнес-жоспар дайындау, грантқа құжат тапсыру тәртібін түсіндірді. Сол кеңестердің арқасында мен өз жобамды нақтылап, сенімді түрде грантқа өтініш бердім. Ал мемлекет тарапынан бөлінген грант қаражаты кәсібімді жаңғыртуға үлкен мүмкіндік болды, — дейді кәсіпкер.
Жобаның ерекшелігі — заманауи DTF-баспа технологиясын қолдану. Бұл әдіспен мата мен бұйымның сыртына кез келген сурет, логотип, жазу немесе дизайнды сапалы етіп басып шығару мүмкіндігі бар.
— DTF — термопресс арқылы жасалады, сондықтан бояуы кетпейді, жуғанда да өз түсін сақтайды. Қазір кез келген киімге, шоперге, спорттық киімдер мен дизайнерлік бұйымдарға, тіпті жұмыс формаларына да өзіміздің логотипімізді түсірудеміз, — дейді Азима өз ісін сүйсіне сипаттап.
Бүгінде «Shabyt» тігін шеберханасында 4 адам еңбек етуде, оның үшеуі тігінші болса, бірі SMM маманы. Мұнда киім тігу, кесте тігу, бұйымдарды қайта қалпына келтіру, костюмдер мен көйлектерді жалға беру, сондай-ақ жеке тапсырыспен тігу сияқты түрлі қызмет түрлері бар.
—Біз үшін ең бастысы – сапа мен нақтылық. Киімді тігіп, соңғы ине-жібін салғанда, бәрі мінсіз болуға тиіс. Өйткені киім – адамның айнасы. Тапсырыс берушінің ризалығы – біздің ең үлкен жетістігіміз, — дейді тігінші. Мәселен жуырда Ресейге қазақ шапандарына тапсырыс тігіп жіберген. Тапсырыс берушілермен тек телефон арқылы сөйлесіп, өлшемдерін шамамен алса, нәтижесінде бәрі ойдағыдай болып шыққанын, тапсырыс берушілердің риза болып, жақсы пікір қалдырғанын да мақтанышпен жеткізді кейіпкеріміз. Тапсырыстар көбіне балабақшалар мен мектептерден, сонымен қатар дүкендер мен би ұжымдарынан түседі. Мәселен, аудандық би топтарының және әжелер ансамблінің сахналық киімдерін де осы тігін шеберханасы тігіп шыққан. Тіпті косметика дүкендеріне олардың логотиптерімен брендтік косметикалық сөмке әзірлеу жобасы да іске асқан.
— 2024 жылы грантқа тапсырған едім, бірақ ол кезде бизнес-жоспарым толық болмады. Биыл “Атамекеннің” мамандарымен ақылдасып, жобамды жан-жақты пысықтап, нәтижесінде мемлекеттен грантқа ие болдым. Бұл мен үшін үлкен серпіліс болды, – дейді ол.
Азима бүгінде үлкен тігін цехын ашуды және өз бренді «Shabyt» атауымен киімдер желісін шығару жоспарын құрып отыр. Қазір спорттық және күнделікті киім үлгілеріне де тапсырыстар қабылдануда. Кейіпкеріміз — көпбалалы ана. Кәсіп жолында оған жолдасы мен ата-енесінің қолдауы ерекше демеу болған.
— Үлкендер үнемі “қолыңнан іс келеді, бастаған ісің берекелі болсын“, деп батасын береді. Сол кісілердің демеуі мен отбасымның сенімі – менің басты мотивациям, — дейді Азима Умарова.
Азима Умарованың «Shabyt» ательесі – тек тігін цехы емес, еңбек пен талпыныстың тоғысқан ортасы. Өз ісіне деген сүйіспеншілік пен қажырлы еңбектің арқасында қарапайым тігін машинасынан басталған кәсіп бүгінде талай жанға жұмыс пен шабыт сыйлап отыр.
Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ
