«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Дала заңын жаңғырту — бәрімізге ортақ іс

Бір қарияның кесімді сөзі елді, бір әженің кесімді сөзі келінді тәрбиелеген ел едік бір кездері. Сол қасиетімізді қазір қайтаруға қарекет қылуға кірістік. «Бас жарылса — бөрік ішінде, қол сынса — жең ішінде» деген бабалар қалдырған қағиданы ұстанып, өз арамыздағы дауды ушықтырмай, өзара шешіп, бітімгершілікке келу бүгінгі қазақ қоғамына қажетті іс болып отыр. Бұл мәселе кеше Мұғалжар аудандық сотының төрағасы Әбитхан Анарбаевтың төрағалығымен өткен аудан орталығындағы кәсіпқой және кәсіпқой емес медиаторлары мен билер кеңесінің, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы басқосқан дөңгелек үстел барысында сөз болды.

Түймедейді түйедей етіп, болмашы нәрседен дау шығарып соттың табылдырығын аттап, заңға жүгіну психологиясы бүгінгі қоғамның санасына қатты сіңіп қалған. Зайырлы құқықтық мемлекет болғандықтан азаматтардың заңға сүйенуі құптарлық іс, әрине. Алайда, әр істің байыбына бармай байбалам салып, төреші органнан төрелігін сұрағаннан гөрі, өзара бітімгершілікке келу қазір маңызды істің ең абзалы болып отыр. Сондықтан да, елімізде медиация ісіне аса мән берілуде. Соттан тыс мұндай дауларды шешуде кәсіпқой және кәсіпқой емес медиаторлардың, ауыл ақсақалдарының бұл тұрғыда қосар үлесі қомақты.  Елбасы бастап берген 100 қадамның бірі болған бұл қадам елдің берекесін сақтауға ұйытқы. Оған қоса, биылғы жылы еліміздің әр өңірінде билер кеңесін құру ісі қолға алынды. Қазіргі таңда, ауданда құрылған осы билер кеңесінің төрағалығына Аманжол қажы Адаев бекітілді. Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында бабаларымыз ұстанған дала заңы үрдісінің былайша жаңғыруы қоғамның кейбір келеңсіз тұстарының реттелуіне айрықша себеп болмақ. Өйткені, ежелден тентегін тезге, тентірегенін жөнге салған дана халықтың бір кесімді сөзіне тоқтаған ұрпақпыз біз. Сол себепті, алдағы уақытта жақсы бір үрдіс жөнді жолға қойылып, қоғамның дамуына пайдасын тигізері сөзсіз. Әйтпесе, қазаққа бұған дейін жат болған қылықтар белең алып, қоғамнан көрік кетіп барады. Соның бір көрінісі отбасы құндылықтарының құлдырап бара жатқандығы. Отбасылық некенің бұзылуы бойынша Қазақстан Ресейден кейінгі екінші орында тұр. «Қиқымдай» нәрсеге ерлі-зайыптылардың неке бұзып, араларындағы балаларының мүдделері ескерілусіз қалуда. Ал бұл қоғамның дамуына кері әсерін тигізетіндігі анық. Осыған орай, кәсіпқой және кәсіпқой емес медиаторларға, билер кеңесіне, ардагерлер мен ақсақалдар кеңесіне жұмылып тындырылар жауапты іс көп. Неке бұзу дауын, ағайындар арасындағы болмашы дауларды сотқа жеткізбей ел болып шешу елдігімізді көрсетеді. Аудандық соттың төрағасы Әбитхан Анарбаевтың айтуынша, бұл әдісті әлемдегі дамыған көптеген мемлекеттер, тіпті Тәуелсіздігіміз құрдас көрші елдер де ұстанып отыр. Демек, Қазақстанға да бұл тәжірибе ауадай қажет. Әрі бұл бізге таңсық дүние емес. Дөңгелек үстел барысында қатысушылар да осы тұрғы да өздерінің ой-пікірлерін білдіріп, жөнсіздерге жөн сілтеп, қайырлы істі қолға алуға білек түріну керектігін сөз етті. Өз кезегінде аудандық соттың төрағасы енді медиаторлардың тындырған істері Жоғарғы сотқа мәлімет ретінде жеткізіліп, еңбектері еленетіндігін тілге тиек етті.

Әнуар ЕСҚАРА     

Ұқсас ақпараттар

АҚПАРАТТЫҚ ТҮСІНДІРУ ТОБЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

admin_mugalzhar

ДДҰ басшысы оқшауланды

admin_mugalzhar

Байқаңыздар, қызылшадан қауіп төнді…

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.