Жаңа Ата заң қабылданған соң, адвокатура институтына салмақты конституциялық құзырет беріледі. Отыз жыл бойы адвокатура жүйесі елімізде мұншалықты жоғары деңгейге ие болған жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жуырда қолға алынған реформалар құқық қорғау институттарын жүйелі түрде нығайтуға серпін берді.
2022 жылы конституциялық реформа басталғанда, жұмыс тобы құқық қорғаудың басты ерекшеліктеріне тоқталды: Конституциялық сот құрылды, сонымен бірге Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің конституциялық мәртебесі бекітілді.
«Конституциялық мәртебе» деген нені білдіреді? Бұл – органға немесе институтқа құқықтық жүйеде нақты әсер ете алатындай анағұрлым салмақты құзырет беру мүмкіндігі. Адвокатураға да дәл осындай логиканы қолдануға болады. Конституцияда оның мәртебесін тікелей бекітетін бап пайда болса, құқықтық нормалар иерархиясының арқасында бүкіл заңнама жүйесін автоматты түрде күшейтеді. Адвокаттар артығырақ құзыретке ие болады, олардың процессуалдық құқығы прокуратура құқығымен теңеседі.
Сондай-ақ қорғаушы мәртебесінің жоғарылауымен қатар Қазақстан адвокатурасының жауапкершілігі де артады.
Бүгінде адвокат көп. Олардың әрқайсысы мамандығы қоятын биік талаптарға сай келуі керек. Бұл – кәсіби міндет қана емес, сонымен қатар өз қоғамдастығы алдындағы жауапкершілік. Бүкіл әлемде адвокатура десе, адалдық пен тазалық елестейді. Өйткені оның миссиясы – адамдарға көмектесу. Бұл институтқа құқықтық қана емес, сондай-ақ моральдық та жауапкершілік жүктелген. Бұл ретте адвокаттардың өздері де үдерістік кепілдіктермен қорғалуы маңызды.
Адвокаттар жұмысын жетілдіруі керек және осы негізгі қағидаларға орала отырып, кәсіби стандарттарды нығайтуға тиіс. Бір мезетте, адвокаттардың өзін қорғау бағытындағы қызмет жүйесі де күшейтілуі қажет. Сонда олар өз миссиясын барынша жемісті атқара алады.
Бұдан бөлек, Конституцияға түзетулер енгізу отандастарымыздың жеке деректері таралып кетуіне байланысты жауапкершілікті де арттырады.
Расында, бүгінде бұл мәселе өте өзекті болып отыр. Президент бұл тақырыпты бірнеше рет қозғады. Азаматтар жөніндегі ақпаратты қорғауға қалай ғана салғырт қарауға болады? Мен Конституцияда жеке деректерді қорғау туралы норманы бекітуді ұсындым. Оны басқа да негізгі кепілдіктермен бірге жеке құқықтар қатарына қостым. Бұл норма мемлекетке азаматтардың деректері желіде таралып кетуіне қарсы жүйелі жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Біз ақпарат және технология ғасырында өмір сүріп жатырмыз. Көптеген үдеріс цифрландырылып жатқанда, келешек буындардың жеке деректерін қорғауға міндеттіміз. Конституция осы үшін қабылданып жатыр. Ол елдің бүгіні үшін ғана емес, ертеңі үшін де қызмет етуі керек.
Болашақ Парламенттің депутаттары жұмысына қатысты да айтуға болады. Конституциялық реформа жөніндегі комиссия жаңа Ата заңның мәтіні әр азаматқа түсінікті болуына күш салып жатыр.
Конституция жобасын талқылау күнделікті жалғасты және бұл заңды да. Басты ұстаным – мәтін қарапайым және халыққа ұғынықты болуы шарт. Заңгерлер мен құжатты әзірлеушілерге мәтіннің тілге жеңіл, түсінікті және көпмағыналылықтан ада болуы маңызды. Мәтін дайын болған соң, әр адам оқып, таныса алады. Мұншалықты ауқымды әрі қажырлы еңбек сол үшін атқарылып жатыр.
Марат БӘШІМОВ, Мәжіліс депутаты

