Өнер орталығында өңірлік коалиция мүшелері Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония ұжымымен кездесті. Басқосуда ел өміріндегі маңызды саяси науқан — 15 наурызда өтетін референдум және жаңа Конституция жобасы кеңінен сөз болды.
Кездесуге «Amanat» партиясының мүшесі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті ректорының кеңесшісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент С.Мұхтаров, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Г.Әбішқызы, «Amanat» партиясының мүшесі, «Кеңес» жиһаз орталығы» ЖШС директоры, қалалық мәслихат депутаты Ж.Жаңабай, сондай-ақ Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері С.Қамиев қатысып, ой-пікір білдірді.
Жиында сөз сөйлеген Сабыржан Мұхтаров референдумның ел болашағы үшін маңызын атап өтті.
— 15 наурызда өтетін референдум — ел дамуының келесі кезеңін айқындайтын тарихи қадам. Жаңа Конституция жобасы жарты жылдан астам уақыт бойы арнайы сарапшылар тарапынан әзірленді. Халық талқысына ұсынылып, тұрғындардан түскен ұсыныс ескерілді. Әр азаматтың белсенділігі — мемлекетке деген жауапкершіліктің көрінісі. Әр дауыс маңызды, — деді ол.
Ал Гүлімай Әбішқызының айтуынша, жаңа Конституция жобасының басты ерекшелігі — оның әуелі мемлекеттік тілде жазылуы.
— Құжатты әзірлеуге арнайы құрылған сарапшылар тобының құрамында 130 адам болған. Оның барлығы — өз еліміздің азаматтары. Ал қолданыстағы Конституция тәуелсіздіктің алғашқы, ел еңсесін енді тіктеп, іргесін бекіте бастаған күрделі кезеңінде қабылданған еді. Ол кезде комиссия құрамында небәрі 12 адам болды, оның үшеуі — шетелдік мамандар болған. Жаңа Конституция жобасында адами капитал негізгі құндылық ретінде айқындалған. Мәселен, қолданыстағы Конституция мәтінінде «адам» сөзі 51 рет аталса, жаңа жобада бұл ұғым 76 рет кездеседі. Бұл — адам құқығы мен азамат мүддесіне басымдық берілгенінің айғағы, — деп атап өтті.
Қалалық мәслихат депутаты, «Кеңес» жиһаз орталығы» ЖШС директоры Жандос Жаңабай жаңа Конституция жобасында отбасы құндылықтарын қорғау, ана мен баланың құқығын сақтау, ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікті арттыру нақты айқындалғанын, сонымен қатар цифрлық дәуір талабына сай жеке деректерді қорғау, ақпараттық қауіпсіздікті күшейту бағытындағы нормалар енгізіліп отырғанына тоқталды.
Ал Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сайлау Қамиев:
— Жаңа Конституция жобасында шығармашылық еркіндікке кепілдік беріліп, цензураға жол берілмейтіні көрсетілген. Білім мен ғылымға басымдық берілуі — ел дамуының негізі. 15 наурызда өтетін референдумға қатысайық, — деді.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

